“Астана” командасына ауысқалы қорғаушы Марат Быстровтың ойын тәжірибесі мүлдем жоғалды.
Осы маусым басталғалы қорғаушы Марат Быстров “Астана” сапында 2 ғана ойын өткізді. Қалған 21 матчта ел құрамасы футболшысы қосалқы құрамда өз мүмкіндігін тосумен болды. Бірақ ойын тәжірибесінің аздығына қарамастан, Быстров Қазақстанның наурыз айындағы қос матчына қатысты.
Алайда Маратты құраманың қыркүйек айындағы кездесулеріне сақадай сай деп айту қиын. Себебі, Әлем чемпионаты іріктеуіндегі қарсыластарымыз осал ұжымдар емес. Бірі Уэльс болса, енді бірі Бельгия. Осы матчтарда құрама бапкері маусым бойынша 2 ғана ойын өткізген Быстровты алаңға шығара салмайтын шығар. Әрине, құрама футболшысының обалы “Астана” бапкері Бабаянға тиіп жатқанда шығар. Маратты қосалқы құрамға байлап қойған жаттықтырушы ел құрамасының ойыншысы орнына бастапқы құрамды Карло Бартолецке сеніп тапсырды.
Конференция Лигасының баспасөз-мәслихатында сөйлеуі үшін Бабаянға керек болған Быстров мүмкіндік барда басқа командаға ауысып кеткені дұрыс деп есептейміз.
Біздің серіктес: FONBET