Сэр Алекс дәуірінен бері, Манчестер қаласының қызыл бөлігі чемпион атағына таласудан қалды. Екі жылдан бері клуб атақты шотландиялық маман құрған ұжымның іргетасын сақтап қалумен әуре. Команданың биылғы жоспары Чемпиондар Лигасына жолдама алу. Ал, бүгін Луи ван Гал баптайтын команда "Челсимен" қонақта күш сынасқалы отыр. Осыған орай, "Аладоп" сайты апта аяғындағы орталық ойынға сараптамасын ұсынғалы отыр.
"Стэмфорд Бридж" қожайындары төрт жылдан бері Манчестер қаласының жеке меншігі болған чемпиондық кубокты еншілеуге осы маусымда дәмелі. Екінші орындағы "Арсеналдан" 7 ұпай озып қана қоймай, бір ойын "зеңбірекшілерден" кем өткізген. Яғни, ұпай жоғалтпаса 3-4 турдан кейін-ақ чемпиондықтың тағдырын шешіп, алтынды мойынға ресми ілуге болады деген сөз.
Екі команданың соңғы ойындардағы нәтижелері:
"Манчестер Юнайтед" наурыздың аяғынан бүгінге дейін, АПЛ-дағы ең үздік ойынды көрсетіп жүр. Қатарынан 6 рет жеңіске жетіпті. Оның ішінде "Энфилдтағы" 2:1 бар, апта бұрынғы дербидегі "Манчестер Ситиге" қарсы 4:2 де бар. Бірақ, Лондондағы кездесу Луи ван Гал мен "Манчестер Юнайтед" үшін сын болғалы тұр. Манчестерлік ұжым соңғы 6 ойында жеңіске жеткенімен, сол жеңістерге қол жеткізуге ат салысқан негізгі құрамның бірнеше футболшылары бұл ойында алаңға шыға алмайды. Атап айтсақ, әмбебап Дэйли Блинд, қорғаушылар Фил Джонс пен Маркос Рохо, Джони Эванс, және Феллайни, Эррерамен бірігіп соңғы ойындарда жартылай қорғаныстың тірегі болған Майкл Кэррик. Нидерландық маман үшін Лондонға сапар қиын болғалы тұр. Онымен қоса, ұпай жоғалтатын кез емес. "Арсенал" ұзап кетуі мүмкін. Ал, артта өкшелеп қуып келе жатқан "қалалықтар" да бар. Брендан Роджерс командасы да әр сүріністі аңдып, Чемпиондар Лигасына жолдама беретін орыннан манчестерлік екі команданың біреуін сырғытқалы тұр
Статистикаға көз жүгіртсек, "Манчестер Юнайтед" үш жылдан бері "Челсиді" жеңе алмай келе жатқанын атап өткен жөн. Соңғы рет 2012-ші жылдың қазанында "қызыл сойқандар" басым түсіпті. Содан бері командалар 7 мәрте кездесіп, 4-еуінде "ақсүйектер" жеңіске жетіп, 3 ойында тең нәтиже тіркелген. Ал, бірінші айналымдағы "Олд Траффордтағы" матч 1:1 есебімен аяқталған еді. Дрогба 53-ші минутта есеп ашса, ван Перси ойынның 94-ші минутында алаң иелерін жеңілістен сақтап қалған еді. Диего Костаның жарақаттан әлі айықпағанын ескерсек, ивуарлық ардагер футболшы шабуыл өтінде алаңға шығу тиіс. Ал, ван Персидің шығу-шықпауы белгісіз.
Болжалды құрамдар:
АПЛ-дағы супер-матчты бүгін сағат 22:30-да KAZSPORT телеарнасынан тікелей эрирде тамашалай аласыздар.
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ