«Халл Сити» жартылай қорғаушысы Райан Мэйсон Англия чемпионатының 22-ші турында «Челсиге» (0:2) қарсы матчта бассүйек жарақатын алды.
Тengrinews.kz порталының хабарлауынша, кездесудің 12-ші минутында Мэйсон қарсылас команданың қорғаушысы Гари Кэхиллмен әуедегі допқа таласқан, екі футболшының бастары бір-біріне тиіп, құлап қалды. «Челси» ойыншысы тез есін жинап алса, «Хал Сити» хавбекіне дәрігерлер бес минуттан аса көмек көрсетті. Дәрігерлер Мэйсонға оттегі маскасын кигізіп, ауруханаға алып кеткен. Оның орнына Дэвид Мейлер шықты.
Мэйсон стадионнан ауруханаға шұғыл жеткізіліп, оған ота жасалыпты. The Mirror мәліметінше, оның бассүйегі сынған, сондай-ақ, миына қан кеткен.
«Қазіргі уақытта Мэйсонның жағдайы бірқалыпты. Таяудағы бірнеше күнде ол ауруханада болады. Клуб Райанға өз уақытында көрсетілген жәрдем үшін Сент-Мэри ауруханасының нейрохирургия бөлімшесіне алғыс айтады», - делінген «Халл Сити» ресми сайтында.
Ерік Ерсін