“Қайраттың” Фин легионері Ойва Юккола ҚПЛ-дың ресми арнасына берген сұхбатында клубтағы басты мақсатын жариялады, деп хабарлайды Aladop.kz.
Футболшының ең үлкен арманы — Aлматылық ұжыммен бірге ел чемпионатын жеңіп, Чемпиондар лигасына жолдама алу. Юккола “Қайратты” таңдауына клубтың еурокубоктардағы амбициясы, тұрақтылығы және футболшы ретінде дамуға жасалған кәсіби жағдайлар басты себеп болғанын атап өтті.
Финляндиялық футболшы Қазақстан чемпионатының Финляндия біріншілігінен айырмашылығын да атап өтті. Оның пайымдауынша, мұндағы футбол әлдеқайда қарқынды, жекпе-жекке толы және ойыншылардың бетпе-бет келу сәттері жиірек кездеседі. Дегенмен, Юкколаға ҚПЛ-дың дәл осындай жоғары қарқыны мен күреске толы стилі ұнайтынын жасырмады. Өз ойын мәнеріне тоқталған футболшы өзін жылдам, динамикалы және доппен батыл қимылдап, жауапкершілікті өз мойнына алудан қашпайтын ойыншы ретінде сипаттады.
Юкколаның “Қайратты” таңдауы — алдын ала жоспарланған. Ол Алматылық клубтың өткен маусымдағы Еурокубок жолын жіті бақылап, дәл осындай ірі мақсаттары бар ұжымның бір бөлшегі болуды көздеген. Финляндия біріншілігінде оқ бойы озық шығып, өзін жақсы қырынан көрсеткен ойыншы үшін “Қайрат” — Еуропа аренасына қайта оралуға мүмкіндік беретін басты баспалдақ. Оның бұл амбициясы тек сөзімен емес, кәсіби мансабындағы өсу жолымен де толық үйлеседі.
2002 жылдың 21 мамырында Финляндияның Тампере қаласында дүниеге келген Ойва Юккола — қазіргі таңда Алматылық “Қайраттың” негізгі ойыншыларының бірі. Бойы 1,85 метр болатын футболшы негізінен қапталдағы шабуылшы позициясында ойнайды. Оң аяғымен нық қимылдайтын ол алаңда өзінің жылдамдығымен және ірі дене бітімімен ерекшеленеді.
Юкколаның футболдағы алғашқы қадамдары “PJK” клубының жүйесінен басталып, кейіннен Финляндияның танымал “Ильвес” академиясында жалғасты. Кәсіби мансабында “Ilves II”және негізгі “Ilves” командаларында ойнап, тәжірибе жинақтаған ойыншы 2026 жылдың 11 ақпанында “Қайрат” сапына ресми түрде қосылған болатын. Финляндияда шыңдалған шеберлік енді Қазақстан чемпионатының жаңа белестерін бағындыруға бағытталмақ.
Юккола Aлматылық клуб сапына Финляндияның “Ильвес” командасынан келіп қосылды. Трансфердің нақты құны ресми түрде жарияланбаған. Футболшы мен клуб арасындағы келісімшарт екі жылға, яғни 2027 жылдың соңына дейін жасалған. Халықаралық трансферлік дереккөздер бұл ауысымның нарықтық құнын шамамен 300 мың еуро деп бағалап отыр, алайда бұл ресми бекітілген сома емес, тек сарапшылардың болжамды көрсеткіші болып табылады.
Юккола “Ильвес” сапында өзін көрсете білді. Финляндия чемпионатындағы соңғы маусымында ол 28 матчқа қатысып, 7 гол соқты және 5 нәтижелі пас берді. Жалпы алғанда, Вейккаус лигада “Ильвес” жейдесімен 100 кездесу өткізіп, 18 гол мен 17 ассист авторы атанды. 2023 жылы Финляндия кубогын иеленсе, 2024 жылы ел чемпионатының күміс, ал 2025 жылы қола жүлдесін жеңіп алды.
Ойва Юкколаның халықаралық деңгейдегі тәжірибесі де айтарлықтай жоғары. Ол Финляндияның 21 жасқа дейінгі құрамасында ойнап, 2025 жылғы жастар арасындағы Еуропа чемпионатына қатысты. Көп ұзамай футболшы Финляндияның негізгі ұлттық құрамасына шақырту алды. Ол 2025 жылдың қыркүйегінде Норвегияға қарсы кездесуде дебют жасап, қараша айында Мальтамен өткен ойында да ұлттық құрама жейдесімен алаңға шықты.
Юкколаның бұл мәлімдемесі “Қайрат” жанкүйерлері үшін үлкен үміт отын жаққандай. Оның Алматыға жай ғана бейімделу үшін емес, нақты жүлделер үшін келгені анық байқалады. ҚПЛ алтыны мен Чемпиондар лигасы — футболшының басты армандары. Оның өткен мансабы мен жетістіктеріне қарасақ, бұл құрғақ уәде емес, нақты іске асатын үлкен амбиция екенін аңғару қиын емес.
Біздің серіктес: FONBET