Жарнама
Жарнама

Чемпион соңғы сәтте анықталады

26.10.2011, 02:44
Жарнама
Жарнама
Футболдан Қазақстан чемпионатының аяқталуына санаулы ғана күндер қалды. Нақтылап айтсақ, енді бір турдан кейін биылғы Премьер-лига ойындарының жеңімпазы анықталады. Бұл кездесулер 29 қазанда өтеді. Аталмыш жарыстың бас жүлдесінен үміткерлер қатарында небары екі команда қалды. Олар - Қарағандының «Шахтеры» мен Талдықорғанның «Жетісуы». Өткен турда аталмыш қос ұжым өзара күш сынасқан болатын.
Талдықорған қаласында өткен кездесуді тамашалау үшін стадионға көрермендер көптеп жиналды. Сенбі күні өткен бәсекені 6 мың адам тамашалаған екен. Жанкүйерлердің осындай қызығушылық танытуы тегін емес. Өйткені «Жетісу» биылғы маусымда өрелі өнерімен өз жерлестерін қуантуда. Оның үстіне, өз тарихында тұңғыш рет чемпиондық атақты иеленуге аталмыш клубтың тамаша мүмкіндігі бар. Егер осы жолы талдықорғандықтар жеңіске жеткенде, көздеген мақсаттарына күні бұрын қол жеткізетін еді. Алайда «Шахтердың» да бас жүлдеден үміті бар. Сол себепті олар да маңызды матчқа «бас қаруын асынып» келген екен. Өз командасын қолдау үшін Қарағандыдан жанкүйер толы үш автобус Жетісу өңірін бетке алды. Кездесу өте шиеленісті басталды. Талдықорғандықтар тізгінді бірден қолға алуға үлкен талпыныс жасады. Ойынның алғашқы минутында Харабараның есеп ашуға мүмкіндігі болды. Алайда оның қаңырата тепкен добын Мокин кері қайтарды. Іле-шала Цветкович пен Самченко ұйымдастырған шабуылдар есте қалды. Екі ретінде де қарағандылықтардың қақпашысы өте сауатты ойнады. Тағы бір мәрте Сариев тепкен доп қисық кетті. Алаң иелерінің жұмыла алға ұмтылғанын қонақтар ұтымды пайдаланды. 24 минутта қорғаушылардың қарауынсыз қалған «Шахтердің» сұрмергені Финонченко допты торға дәл түсірді. Бұл жағдай «Жетісу» футболшыларын қанағаттандырмағаны анық. Сондықтан да олар қайткен де есе қайырсақ деп, бас-көзсіз шабуылдауға көшті. Осылайша, талдықорғандықтар тағы бір қателікке бой алдырды. Арада 8-9 минут өткенде Борантаев қарсыластарын екінші мәрте ойынды алаң ортасынан бастауға мәжбүр етті. Үзілістен кейін «Жетісу» қарқынын күшейтті. 45 минуттың ішінде сансыз шабуылдар ұйымдастырылды. Алайда оның бірде-біреуі нәтиже берген жоқ. Бүкіл командасын қорғанысқа жұмылдырған «Шахтер» өз қақпасын қауіптен сақтап қалды. Есеп - 0:2. Осы жеңістен кейін «Шахтер» жарыс кестесінде бірінші орынға шықты. Қарағанды футболшыларының қоржынында 39 ұпай. Басты қарсыластарынан бір ұпайы кем «Жетісу» екінші орында. Енді чемпиондық атаққа кімнің қол жеткізетіні соңғы турда анықталды. Бұл ретте қарағандылықтардың мүмкіндігі мол. Олар өз алаңында «Астананы» қабылдайды. «Жетісу» сырт алаңда «Ертіспен» күш сынасады. «Астана» клубының да қола медальді иелену мәселесін күні бұрын шешуге жақсы мүмкіндігі болды. Өз алаңында олар «Ордабасын» қабылдады. Жеңіс тұғырына көтерілсек деген үміті үзілсе де шымкенттіктер шабысын еш бәсеңдеткен жоқ. Елордада өткен кездесу 1:3 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді. «Ордабасы» клубының сапындағы Тәжімбетов бұл матчта екі гол соқты. Әйтсе де, астаналықтардың үшінші орынды олжалау мүмкіндігін сақтап қалды. Ол үшін Хольгер Фахтың шәкірттері 29 қазанда сырт алаңда «Шахтерді» ұтуға тиіс. Биылғы ел чемпионатының қола жүлдесінен үміткер тағы бір команда «Ақтөбе» өз жанкүйерлерінің көз алдында «Ертісті» қабылдап, павлодарлықтарды 2:0 есебімен ұтты. Чемпионаттағы соңғы кездесуін ақтөбеліктер Шымкентте жергілікті «Ордабасыға» қарсы өткізеді. Осы турдағы өзге кездесулердің нәтижелері мынадай: «Тараз» - «Қайсар» 4:2, «Атырау» - «Восток» 2:1 және «Тобыл» - «Қайрат» 2:0. Жарыстың мергендер көшін «Жетісудің» шабуылшысы Ұлықбек Бақаев бастап тұр. Оның еншісінде - 18 гол. Екінші және үшінші орындарда «Шахтердің» ойыншысы Сергей Хижниченко мен «Астана» клубының сапындағы легионер Драган Богавец. Олар 14 және 12 голдан соқты. Ғалым СҮЛЕЙМЕН
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров

Алдыңғы жаңалық
Телекөрсетілім