Пеллегриндің бір жыл ішінде түк те өзгертпегенін байқадық. Жаңалық жоқ. Ал, 30-шы минутта есеп 0:2 болды. Месси сол қанатқа, шабуылға белсенді араласып жүрген Альбаға ыңғайлатып пас берді. Альба Суареске пас асырды, Суарес нағыз шабуылшыға тән мәнерде қорғаушылардың ай қарап, жұлдыз санап тұрғанын пайдаланып, екінші мәрте Харт қақпасынан саңылау тауып, "Барса" сапындағы алғашқы дубльін атына жазды. Неймар мен Суарес 100 пайыздық мүмкіндіктерін пайдаланғанда, екі аптадан соң "Камп Ноуда" матч өткізбесе де болатын еді. Сонымен, бірінші тайм өз мүмкіндіктерінің жартысын да қоспаған "Барселонаның" толық басымдылығымен өтті. "Барселона" жан-жақты, жылдам, жинақы, қауіпті көрінді. Ал, алаң иелерінің бар жетістігі 45-ші минуттағы Насридің соққысы.
Екінші тайм "қалалықтардың" қарқынымен басталса да, сырт көзге бәрі уақытша екені көрініп тұр еді. "Барса" бірден, енді ғана тұтанған отқа су құйып үлгерді. Допты өз иелегіне алып, тағы да "тики-такасын" іске қосты. Дегенмен, тым еркінсігеннің нәтижесінде гол жіберіп алды. Орталық алаңда Месси допты алдырып қойды. Агуэро есеп айырмасын қысқартты. Осыдан кейін, "Манчестер Сити" бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, "Барсаның" сапындағы футболшылар да адам баласы екенін еске түсініп, тырмысып жүріп есепті теңестіретіндей көрінген. Алайда, сол қапталдағы қорғаушы Клиши, командасын жерге қаратып, алаңнан қуылды.
Бір ойыншыға артық "Барселонаға" матчты жеңіспен аяқтау қиынға соқпады. Оған, алаңдағы қарсыластармен қоса, Пеллегрини де көмектесті. Өз алаңында "Барселонаға" 1:2 ұтылдың не, 1:3 ұтылдың не айырмашылығы жоқ. Чилилік маман, алаңнан бірінші Насриді алып, Фернандиньоны, кейін Сильваның орнына қорғаушы(!) Саньяны шығарды. Бұндай шешімді түсіну қиын. Бәлкім, бір жылда ойлап таппаған "супер-жоспарын", екі аптаның ішінде ойлап табар?!
Ойын соңында, Мессиде бұл текетірестің интригасын біржола жерлейтін мүмкіндік болған. Бірақ, пенальтиден аяқпен бағыттаған соққысын Харт қайтарса, баспен бағыттаған соққысы қақпадан қиыс кетті.
Сонымен, "Манчестер Сити"-Англияда ғана чемпион. Еуроаренаға бұл команда дайын емес. Пеллегрини сынды бапкермен ешқашан дайын болмауы да мүмкін. Ал, "Барселона" өткен жексенбідегідей екі аптадан кейін аспанға қалықтап кетпесе, ширек финалға шығады.
Манчестер Сити—Барселона 1:2(0:2)
Голдар: Агуэро, 69 — Суарес, 16, 30
Алаңнан қуылды: Клиши, 74
"Ювентус" өз алаңында "араларды" минимальды 2:1 есебімен жеңді. Жеңістің аты-жеңіс, әйткенмен, бұл есеп қонақтардың пайдасына екені түсінікті. Қонақтағы бір гол қымбат. Ойын барысынан Клооп командасының тым болмаса, бір гол соғу мақсатымен келгенін көрдік. Есепті кейін белгілі болғандай, матчтың үздік футболшысы Карлос Тевес ашты. Марко Ройс көп ұзатпай есепті теңестіргенімен, бірінші таймның аяқ жағында Мората жеңісті голдың авторы атанды. Екінші таймда, "Ювентус" үшінші голды салуға бар күшін салды, қонақтар бұл тиімді есепті қызғыштай қорыды. Нәтижесінде, есеп өзгермеді. Барлық мәселе, текетірестің тағдыры Германияда, "Боруссияның" үйінде шешілетін болады.
Ювентус–Боруссия Д 2:1(2:1)
Голдар: Тевес, 13, Мората, 43 – Ройс, 18.
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Біздің серіктес: FONBET