Жарнама
Жарнама

ЧЕМПИОНДАР ЛИГАСЫ. ПЛЕЙ-ОФФ АЛДЫНДАҒЫ СТАТИСТИКА

29.12.2012, 00:59
Жарнама
Жарнама

Швейцарияның Ньон қаласында футболдан Чемпиондар лигасының жеребесі тартылғаны белгілі. Топтық бәсекеде озып шыққан он алты команда алдағы жылдың ақпан айында ширек финалдың жолдамаларын сарапқа салады енді. «Соқыр жеребе» 1/8 финалда кілең мықтылардың басын қосты. Атап айтсақ, лигатарихында ең көп бас жүлде алған Мадридтің «Реалы» ағылшынның азулы командаларының бірі «Манчестер Юнайтедпен» жұп құрады. Бұл екі команданың арасындағы ойынды финалға дейінгі финал десек те болады. Жеребе ағылшынның тағы бір клубы лондондық «Арсеналды» да әлем мықтысы Мюнхеннің «Бавариясымен» түйістірді. Бұл да жанкүйерлердің асыға күтетін ойындардың бірі болмақ.

 

Бәрін айт та, бірін айт, 1/8 финалда Италияның «Милан» клубымен Испанияның «Барселонасы» кездесетін болды. Бұл екі команда соңғы рет осы жылдың көктемінде ¼ финалда ойнап, арты үлкен дауға ұласқан. Алдымен Италияда өткен ойында қос ұжым есеп аша алмай тарқасты, қарымта ойында «Барсел она» футболшылары 3:1 есебімен жеңіске жетті. Дегенмен, сол ойында төрешінің «Милан» қақпасына бір емес, екі бірдей он бір метрлік айып добын белгілеуі көптеген футбол жанкүйерлерінің ашу-ызасын тудырды. Сондықтан да болар, ойыннан кейін «Милан» командасының бас бапкері Массимилиано Аллегри мен оның ойыншылары голландиялық төреші Бьорн Кейперсті қатты сынға алған еді. Жалпы, «Милан» мен «Барселона» командалары арасындағы екеуара ойындарға келсек, бұл ұжымдардың текетіресі сонау 1959 жылдан бастау алады. Содан бері екі команда бүгінге дейін 15 ойын өткізіп, соның 4-еуінде ғана «Милан» футболшылары жеңіске жетіпті. 6 ойын тең аяқталып, қалған 6 ойында «Барселона» футболшылары басым болған.

Жозе Моуринью баптайтын Мадридтің «Реал» клубының дәл қазір ішкі біріншілікте жағдайы мүшкіл. «Барселона» мен «Атлетико» клубтарын алға жіберген мадридтік футболшылардың испан премьерасында топ жаруы екіталай  сияқты. Енді олар бар күштерін  Чемпиондар лигасының ойындарына салатыны белгілі. Дегенмен, жеребе «Реалды» аяған жоқ. Топтан шыға салысымен «Манчестер Юнайтед» сынды азулы командамен жұптастырды. Екі команданың қайсысы ширек финалға шығатынын алдын ала айту қиын. Бірақ, статистиканы жаны сүйетін мамандар лига тарихын ақтара келе мынандай тұжырымға келіпті: Жозе Моуринью Чемпиондар лигасында (ағылшын премьер-лигасын айтпағанда) Алекс Фергюссонның командасынан ешқашан жеңіліп көрмеген. Мәселен, 2004 жылы 1/8 финалда Моуринью жаттықтырған « П о рт у » к о м а н д а с ы « М а н ч е с те р Юнайтедті» екі ойынның нәтижесі (2:1, 1:1) бойынша орта жолдан тастап кеткен. Тіпті дәл сол жылы «Порту» бүкіл Еуропаны таңқалдырып, Чемпиондар лигасының бас жүлдесін жеңіп алған. Осы жәйтті алға тартқан футбол статистиктері Моуриньюдің командасы 1/8 финалда Фергюссонның жігіттерінен айласын асырса, онда олар міндетті түрде чемпион болады дегенді айтады. Кім біледі, мұның бәрі өткенді саралай келе болашаққа жасалаған жай болжам ғана. «Реал» мен «Манчестер Юнайтед» клубтары өзара соңғы рет 2003 жылы ойнапты. Лиганың 1/4 финалында кездескен қос ұжымның арасында гол да көп соғылғаны әлі есімізде. «Реалдың» сапында әлемнің кілең мықтылары ойнайтын заман еді ғой… Зинедин Зидан, Роберто Карлос, Роналдо, Фигу, Рауль сияқты сол кезде жұлдызы жанып тұрған команданы қазіргі Испания құрамасының бас бапкері Висенте Дель Боске жаттықтыратын. «Манчестер Юнайтед» те ол кезде осал емес еді, Алекс Фергюссонның командасында Ван Нистелрой, Верон, Бартез, Бекхэм сияқты мықтылар ойнаған. Алғашқы ойында мадридтік футболшылар қарсыластарын 3:1 есебімен ұтса, қарымта ойында «Манчестер Юнайтед» футболшылары 4:3 есебімен ұтты. Дәл осы «Олд Траффордта» өткен ойында Бразилияның әйгілі футболшысы Роналдо хэт-трик жасап, өз есімін футбол тарихына алтын әріппен жазды. Басқасы басқа, «Олд Траффорд» стадионында «Манчестер Юнайтедтің» қақпасына үш гол соққан футболшылар тарихта сирек кездеседі.

Лондонның «Арсенал» клубы Германияның «Бавариясымен» ширек финалдың жолдамасын сарапқа салады. Онсыз да, ағылшын премьер-лигасында сүреңсіз өнер көрсетіп жүрген Арсен Венгердің шәкірттеріне енді тіптен қиын болатын болды. «Бавария» топтық бәсекеде жеңілген жоқ. Ал, «Арсенал» болса, соңғы турда гректің «Олимпиакос» клубынан жеңіліп (1:2) топтан екінші болып шықты. Жалпы «Арсенал» мен «Бавария» арасындағы бұған дейінгі ойындарға көз жүгіртсек, «Бавария» басым болып тұр. Алғаш рет екі команда Чемпиондар лигасында 2000 жылы ойнады. Топтық бәсеке болатын. Алдымен « Б а в а р и я » ф у т б ол ш ы л а р ы Лондонға қонаққа барып, бір ұпай еншілеп (2:2) қайтты. Келесі жылында екі команда Мюнхенде кездесіп, неміс футболшылары 1:0 есебімен жеңіске жетті.

Ньонда өткен жеребе тарту рәсімін УЕФА-ның бас хатшысы Джанни Инфантино мен Англия құрамасының бұрынғы ойыншысы Стив Макманамен жүргізді. Макманамен Мадридтің «Реал» клубында ойнаған жылдары Чемпиондар лигасында жеңімпаз атанған ардагер футболшы.

«Милан» мен «Барселона» арасындағы өзара ойындардың нәтижелері: Чемпиондар кубогы. 4 қараша. 1959 жыл. Бірінші раунд. «Милан» – «Барселона» – 0:2; Чемпиондар кубогы. 25 қараша. 1959 жыл. Бірінші раунд. «Барселона» – «Милан» – 5:1; Еуропа Суперкубогы. 23 қараша. 1989 жыл. «Барселона» – Милан» – 1:1; Еуропа Суперкубогы. 7 желтоқсан. 1989 жыл. «Милан» – «Барселона» – 1:0; Чемпиондар лигасы. 18 мамыр. 1994 жыл. Финал. «Милан» – «Барселона» – 4:0. Чемпиондар лигасы. 26 қыркүйек. 2000 жыл. Топтық ойын. «Барселона» – «Милан» – 0:2; Чемпиондар лигасы. 18 қазан. 2000 жыл. Топтық ойын. «Милан» – «Барселона» – 3:3; Чемпиондар лигасы. 20 қазан. 2004 жыл. Топтық ойын. «Милан» – «Барселона» – 1:0; Чемпиондар лигасы. 2 қараша. 2004 жыл. Топтық ойын. «Барселона» – «Милан» – 2:1; Чемпиондар лигасы. 18 сәуір. 2006 жыл. Жартылай финал. «Милан» – «Барселона» – 0:1; Чемпиондар лигасы. 26 сәуір. 2006 жыл. Жартылай финал. «Барселона» – «Милан» – 0:0; Чемпиондар лигасы. 13 қыркүйек. 2011 жыл. Топтық ойын. «Барселона» – «Милан» – 2:2; Чемпиондар лигасы. 23 қараша. 2011 жыл. Топтық ойын. «Милан» – «Барселона» – 2:3; Чемпиондар лигасы. 28 наурыз. 2012 жыл. ¼ финал. «Милан» – «Барселона» – 0:0; Чемпиондар лигасы. 3 сәуір. 2012 жыл. ¼ финал. «Барселона» – «Милан» – 3:1; Жалпы статистика: 15 ойын. «Милан» – 4 жеңіс. «Барселона» – 6 жеңіс. Тең ойын – 5. Доп айырмасы – 19:22.   «Реал» мен «Манчестер Юнайтед» арасындағы өзара ойындардың нәтижелері: Чемпиондар кубогы. 11 сәуір. 1957 жыл. Жартылай финал. «Реал» – «МЮ» – 3:1; Чемпиондар кубогы. 25 сәуір. 1957 жыл. Жартылай финал. «МЮ» – «Реал» – 2:2; Чемпиондар кубогы. 24 сәуір. 1968 жыл. Жартылай финал. «МЮ» – «Реал» – 1:0; Чемпиондар кубогы. 15 мамыр. 1968 жыл. Жартылай финал. «Реал» «МЮ» – 3:3; Чемпиондар лигасы. 4 сәуір. 2000 жыл. ¼ финал. «Реал» – «МЮ» – 0:0; Чемпиондар лигасы. 19 сәуір. 2000 жыл. ¼ финал. «МЮ» – «Реал» – 2:3; Чемпиондар лигасы. 8 сәуір. 2003 жыл. ¼ финал. «Реал» – «МЮ» – 3:1; Чемпиондар лигасы. 23 сәуір. 2003 жыл. ¼ финал. «МЮ» – «Реал» – 4:3; Жалпы статистика: 8 ойын. «Реал» – 3 жеңіс, «МЮ» – 2 жеңіс. Тең ойын – 3; Доп айырмасы – 17:14.   «Арсенал» мен «Бавария» арасындағы өзара ойындардың нәтижелері: Чемпиондар лигасы. 5 желтоқсан. 2000 жыл. Топтық ойын. «Арсенал» – «Бавария» – 2:2; Чемпиондар лигасы. 14 наурыз. 2001 жыл. Топтық ойын. «Бавария» – «Арсенал» – 1:0; Чемпиондар лигасы. 22 ақпан. 2005 жыл. 1/8 финал. «Бавария» – «Арсенал» – 3:1; «Чемпиондар лигасы. 9 наурыз. 2005 жыл. 1/8 финал. «Арсенал» – «Бавария» – 1:0; Жалпы статистика: 4 ойын. «Арсенал» – 1 жеңіс. «Бавария» – 2 жеңіс. Тең ойын – 1. Доп айырмасы – 4:6.   «Селтик» пен «Ювентус» арасындағы өзара ойындардың нәтижелері: Чемпиондар кубогы. 16 қыркүйек. 1981 жыл. Бірінші раунд. «Селтик» – «Ювентус» – 1:0; Чемпиондар кубогы. 30 қыркүйек. 1981 жыл. Бірінші раунд. «Ювентус» – «Селтик» – 2:0; Чемпиондар лигасы. 18 қыркүйек. 2001 жыл. Топтық ойын. «Ювентус» – «Селтик» – 3:2; Чемпиондар лигасы. 31 қазан. 2001 жыл. Топтық ойын. «Селтик» – «Ювентус» – 4:3. Жалпы статистика: 4 ойын. «Селтик» – 2 жеңіс. «Ювентус» – 2 жеңіс. Доп айырмасы – 7:8.   «Шахтер» мен «Боруссия-Д» арасындағы өзара ойындардың нәтижелері: Чемпиондар лигасы. 7 тамыз. 2001 жыл. 3-іріктеу кезеңі. «Шахтер» – «Боруссия-Д» – 0:2; Чемпиондар лигасы. 22 тамыз. 2001 жыл. 3-іріктеу кезеңі. «Боруссия-Д» – «Шахтер» – 3:1. Жалпы статистика. 2 ойын. «Шахтер» – жеңіс жоқ. «Боруссия-Д» – 2 жеңіс. Доп айырмасы – 1:5.   «Валенсия» – «ПСЖ», «Галатасарай» – «Шальке-04», «Порту» – «Малага» клубтары бұған дейін өзара бірде бір ойын өткізген жоқ.

 «Қазақ спорты» газеті

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров