Ең үздік клубтық турнирдің топтық кезеңі аяқталмаса да, 1\8 финалға жолдама алған үздіктердің тең жартысынан астамы белгілі. Аладоп көктемде Чемпиондар Лигасында жарыс жолын жалғастырар командалар жайлы сөз етпек.
"Атлетико Мадрид"
Былтыр финалда өнер көрсеткен командаға "Ювентус", "Олимпиакос", "Мальме" секілді командалар арасынан сытылып шығуы үшін аса қатты қиын бола қойған жоқ. Кеше түнде "Олимпиакосты" бөлшек-бөлшекке бөліп тастап, келесі кезеңге жолдама алды. Бірінші орынмен шығу үшін соңғы турда Италияда "Ювентуспен" тең ойнаса да жетіп жатыр.
"Реал Мадрид"
Топтық кезеңде мүлде қарсылық көрмеген бір команда болса, ол осы "корольдік клуб". Алғашқы турдан бастап-ақ Анчелотти шәкірттері өзің қарсыластармен салыстырғанда өте мықты екенін көрсете бастаған еді. Иә, жеребе тартылған соң, "Ливерпуль" белгілі бір түрде былтырғы чемпиондарға қарсылық таныта алар деген болжам болған. Бірақ, ол жаздағы болжам еді. Ливерпуль Суарессіз іс жүзінде тексеріліп көрмеген кез, онымен қоса "Реалға" бүкіл әлем сын көзбен қараған болатын. Хаби Алонсо мен Ди Мария неге кетті? Кроос, Хамес, Чичаритоларды командаға қалай сыйдырмақ дегендей. Дегенмен, Анчелотти бұлардың бәріне жауап таба білді. Бәріне, мүмкіндік беріп жүр. Кроос пен Хамес негізгі құрамның ойыншыларына айналды, керек кезде Чичарито да сақадай сай. Команда Испанияда да, Чемпиондар Лигасында да жарқын, әрі нәтижелі ойын көрсетіп жүр. Сондықтан, бүгінде "Реал Мадрид" пен "Ливерпульдің" арасы жер мен көктей екенінен көзіміз жетіп отқан жайы бар. Мадридтіктер осылай қарқынмен бүкіл маусым бойы өнер көрсетсе, бір емес бірнеше трофей еншілейтінін мойындауымыз керек. 5 ойында 5 жеңіс, доп айырымы 12-2! Топтық кезеңдегі нәтижесі керемет!
"Байер"
"Байер", "Зенит", "Монако", "Бенфика". Ең болжамсыз топтардың бірі болатын. Бірақ, осылардың арасынан немістер жолдама ала білді. Бірақ, айқын басымдылықпен плей-офф кезеңінен шықты деп айта алмаймыз. "Зенит", "Бенфикалардан" басым түссе, "Монакоға" екі ойында да есе жіберді. Екінші, әлде бірінші орынмен шығары да белгісіз. Соңғы турда шешіледі. Ол үшін, "Бенфиканы" тағы да, енді өз алаңында жеңуге тиіс. Дегенмен, плей-офф жолдамасы бұйырған командалар қатарында.
"Боруссия Дормунд" және "Арсенал"
Дортмундықтар 4-ші тур қорытындысы бойынша-ақ бәрін шешіп қойған болса, "зеңбірекшілер" түнде бәрін шешіп қойған сол немістерден басым түсіп, көктемде үздік клубтық турнирде өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Негізі, дәл осы екеуінің бұл топтан шығарына жеребе қорытындысы белгілі болған кезде-ақ ешкім күмән келтірмеген. Бірақ, "Арсенал" үшін бәрі оңай бола қoйған жоқ. Ең шешу кезең 3-4-ші турдағы "Андерлехтқа" қарсы матчтар болды. Әуелі, Бельгияда әупірімдеп жүріп, соңғы минуттарда ғана 3 ұпайды еншілесе, Лондонда 3-0 ұтып жатып, ақыр аяғы жеңісті қолдан жіберіп, тең ойнап, өздерін тығырыққа тіреген болатын. Бірақ, кеше Клопп командасын жеңгеннен кейін бәрі қалыпқа келді. Ал, бірінші орын жайы 6-шы турда Стамбул мен Дортмундта шешілетін болады.
"Бавария"
Мюнхендік супер-клуб та қарсылық көрген жоқ. "Романы" толықтай талқандады, "ЦСКА"-дан да, "Манчестер Ситиден" де шындығына келгенде басым түсті. Бірақ, неге, кеше ғана сол Манчестерге жеңілді ғой дерсіз? Ойлаңыз, егер де "Бавария" жолдама тағдырын шешіп қоймағанда, жартылай қорғанысқа екі қосалқы құрамның футболшысын шығармағанда, ойынның 20-шы минутында-ақ қорғаушы Бенатиа алаңнан қуылмағанда "Бавария" жеңіледі дегенге сенер ме едіңіз? Сенсеңіз, күмәнім бар. Бұл топты, бірінші орынды айқын басымдылықпен жеңіп алды.
Иә, бүгінде "Баварияның" сапы өте мықты. Негізгі құрамның негізін толықтай дерлік әлем чемпиондар құрайды. Нойер, Боатенг, Лам, Гетце, Швайнштайгер, Мюллер. Бұлардың бәрі жазда Бразиилия алаңдарында немістер көп күткен алтынды олжалаған жігіттер. Әрине, маусым басында әлем чемпионатынан кейін немістер көп тойлап, ұзақ уақыт бойы "Бавария" сапындағы неміс футболшылары жақы ойын өрнегін көрсете алa ма деген қауіп болған. Бірақ, немістің аты неміс! Жеңістен кейін аспанда қалықтап жүрмейді, есің жиып, келесі белесті бағындыруға аттанады. Олар үшін темірдей тәртіпті сақтау жазылған да, жазылмаған да заңдылық. Онымен қоса, Гвардиола командасы көктемдегі масқараны жуып-шаю керек. Сол үшін Еуропаға "Бавария" өзінің қауқарын танытып, үстемдігін орнату керек. Бұл да команданы қайрайтыны белгілі.
"ПСЖ" мен "Барселона"
Францияның чемпионы топтық кезеңді "Аяксқа" қарсы тең нәтижемен бастап, келесі 4 ойында да жеңіске жетті. Оның ішінде "Барселона" да бар. Осының өзі плей-оффқа жолдама алуға жетілікті болды.
Былтырғыдай, "ПСЖ" қарсыластарың тас-талқан етіп жүрген жоқ. 4:0, 5:0 деген есептерді көрмейсіз. Мүмкін, бұл Златанның ұзақ уақыт емделуімен байланысты шығар. Немесе, Лоран Блан былтырғыдан тәжірбие жинап, команда күшін босқа сарп етпей, прагматикалы, ең бастысы нәтижелі ойнау керектігін командаға түсіндерген болар. Олай ойлайтын себеміз, бұрынғыдай допты ала салып шабуылға жүгіретін әдет жоқ. Тактика жағы бірінші орынға қойылған ойын өрнегін көрсетіп жүр.
Екі маусым бойы "ПСЖ" ширек финалға шығып келеді. Екеуінде де, қонақта салынған голдардың аздығына("Барселонамен" 2:2, 1:1) немесе мүлде жоқтығына("Челсимен" 3:1, 0:2) байланысты жарыс жолынан шығып қалады. Мүмкін, осы маусымда үздік төрттікке енуге тырысып көрер. Өткен маусымдардағы жинақталған тәжірбие Лоран Блан мен оның шәкірттеріне көмегін тигізуі керек.
"Барселона" жеңістен жеңіске жетіп жүр, Месси рекордтан рекорд... Білесіздер. "Барселона" да париждіктер секілді плей-оффта өнер көрсетеді. Соңғы күндері "Барса" мінсіз деген әңгімелер де өрбіп жүр. Негізісіз емес, әрине. Бірақ асықпаған жөн. Әлі де Луис Энрике командасында ақау көп. "Севильяны'.. иә жеңді. Бірақ, алдын ала психолгиялық тұрғыдан Унаи Эмери шәкірттерінің ойынның алғашқы 10-15 минутында-ақ "Камп Ноу" қожайындары алдында тізе бүккен болатын. "АПОЭЛ"-ға қарсы матчқа қарап, "Барсаның" жай-күйіне баға беруге ақықпас ем. Тамаша өткізілген екі матчқа қарап, бірден көкке көтеруге жарамас. "Блаугрананың" сын сағаты әлі алда.
"Челси"
"Челсидің" өзімен емес, Ди Матеомен Чемпиондар Лигасының биік шыңына шыққаны жайлы ақиқат пен әңгімелер Жозені әбден мезі еткен болуы керек, бар заһәрін сол Ди Матеоның "Шалькесіне" шашты. Сөйтіп, бірінші орында да сақтандырып, үздік 16 команданың қатарына енуге мүмкіндік алды.
"Челси" да бүгінгі таңда Еуропадағы ең үздік 3-4 команданың қатарында. Ешқандай ың-шыңсыз, айқай-шусыз команданы тізгіндеп жүр Жозе Моуриньо. Онымен қоса, Роман Абрамович те құдайдай сенеді португалиялық маманға. Бір жағынан, Моуриньодың "Челсиі", Левтың Германиясына ұқсайды. Командада айқын лидер бар деп айта алмайсың, әркім өзіңе берген тапсырманы бұлжытпай орындайды. Командадан ешкім де өзің жоғары қоймайды. "Ақсүйектердің" ойынына қарап отырып, мін табу қиын. Қорғаныс мінсіз, орталық қорғаныста екі қызметті де атқара алатын Рамирес, Матич, Оскарлар бар. Фабрегас дирижер. Азар кез келген сәтте жеке бастың шеберлігіне сүйеніп қарсылас қорғанысын қапыда қалдырып кетеді. Костаға қарсы қарсыластың ойнауы қиын, таптап өтеді. Тамаша ашыла білетін, әріптестерінің ойын оқи білетін шеберлігі бар. Қысқасы, Жозенің Чемпиондар Лигасын 3 түрлі командамен жеңіп алатын толықтай мүмкіндігі бар.
"Порту" мен "Шахтер"
Әу баста, бұл топта аяғына дейін жалғасатын талас-тартыс болады деп болжалғанмен, іс жүзінде тәжірбиенің алып кеткенін көріп отырмыз. "Порту" мен "Шахтер" еурододалардың тәжірбиелі ұжымдары. Оларға қарсы "Батэ" де, "Атлетик" те қарсы айла таба алмағады."Порту" топтық кезеңнен тұрақты шығып тұратын Еуропаның командасы. Ал, бүгінгі Украинадағы жағдайға байланысты, көптеген ойыншыларынан айырылғанына қарамастан, Еуропаның үздік 16 командасының қатарына енген "Шахтер" үшін бұл тамаша жетістік.
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ