Санаулы сәттен кейін Қазақстан Премьер-лигасының екінші айналымындағы ойындардың 5 кездесуі өтеді. Кеше «Атырау» ұпай алып, «Жетісу» күтпеген жерден жеңіске жетіп еді. Бүгін қалай болар екен?
«Тұран» (Түркістан) – «Ақтөбе» (Ақтөбе)
Басталуы: 18:00
Өтетін орны: «Түркістан Арена» (Түркістан қ.)
Жеке кездесулер тарихы:
«Тұранның» жеңісі– 1
«Ақтөбенің» жеңісі– 8
Тең нәтижелер – 0
Кешкі 6-да өтетін ойын «Тұран» үшін сынаққа толы болып тұр. Неге? Біріншіден, бірінші айналымнан кейін клубтың мықты легионерлері мен бірқатар қазақстандық ойыншылар ұжыммен қоштасты. Олардың орнын алмастырған футболшылардың деңгейі төмендеу әрі алаңда өзара түсінісуі қажет. Оның үстіне екінші айналымда «Ақтөбе» сынды алпауыт клубпен кездеспек. Екіншіден, «Тұран» 6 ойын қатарынан қарсыластарын жарылқап, жеңіс сыйлап келеді. Өзара статистикада да ақтөбеліктер кейінгі 6 матчта басымдық танытқан. Үшіншіден, командалар 34 градус ыстықта доп теппек. Бұл матчта қонақтар жылдам гол соғып, күшін сақтауға ұмытылуы әбден мүмкін. Өйткені алдағы аптада «Ақтөбе» Еуропа лигасының іріктеу кезеңін бастайды.
«Тобыл» (Қостанай) – «Жеңіс» (Астана)
Басталуы: 18:00
Өтетін орны: «Орталық» стадион (Қостанай қ.)
Жеке кездесулер тарихы:
«Тобылдың» жеңісі– 14
«Жеңістің» жеңісі– 18
Тең нәтижелер – 9
Командалар бір аптаның ішінде екінші мәрте Қостанайдың стадионында жолығады. Қазақстан кубогының жартылай финалында «Тобыл» айқын фаворит болғанымен, небәрі 2:1 есебімен ғана жеңіске жетті. Сондықтан «Жеңістің» әлі де финалдық жолдаманы жұлып алуға қауқары бар. Ал ел чемпионатында «Тобыл» өз жерінде өте сәтті ойнайды. Соңғы рет тек 30 наурызда ғана «Елімаймен» ұпай бөліскен. Әйтсе де елордалықтарға қарсы матч оларға оңайға түсе қоймасы анық. Ал «Жеңіс» Қазақстан біріншілігінде 2 жеңіс сериясымен қонаққа бармақ. Клуб сапын толтырған жаңа ойыншылар бірден жасыл алаңда өздерін көрсете ала ма екен?
«Қайсар» (Қызылорда) – «Елімай» (Семей)
Басталуы: 20:00
Өтетін орны: Ғани Мұратбаев атындағы стадион (Қызылорда қ.)
Жеке кездесулер тарихы:
«Қайсардың» жеңісі– 1
«Елімайдың» жеңісі– 2
Тең нәтижелер – 0
Күнтізбенің ерекшелігі – «Қайсар» клубы 4-ші ойын қатарынан ел чемпионатының ойынын өз алаңында өткізбек. Осыған дейінгі 3 кездесуде де жергілікті жанкүйерлер жеңісті көре алмап еді. Бүгінгі матчта да букмекерлер қонақтарды фаворит ретінде есептейді. 2024 жылы Горан Милойко соңғы минутта жеңіс голын соғып, қызылордалықтарға 3 ұпай сыйлап еді. Осы жолы алаң иелері сапынан тағы бір сондай футболшы табылар ма екен? Әлде тағы клубтар арасындағы алғашқы тең ойынға куә боламыз ба?
«Ордабасы» (Шымкент) – «Қайрат» (Алматы)
Басталуы: 20:00
Өтетін орны: Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион (Шымкент қ.)
Жеке кездесулер тарихы:
«Ордабасының» жеңісі– 25
«Қайраттың» жеңісі– 36
Тең нәтижелер – 23
Осы турдың орталық матчы Шымкент қаласында өтеді. Кейінгі 2 жылдың Қазақстан чемпиондарында нақты фаворитті айту өте қиын. Бірақ букмекерлер аздаған басымдықты «Қайратқа» береді. Оның себебі түсінікті. Алматылықтар турнир кестесінде жоғары тұр. Оның үстіне «Ақтөбе» сынды мықты ұжымды қонақта жеңіп кеткені тағы бар. Команда сапынан жеке шеберлігімен ойын тағдырын шешіп кететін футболшылар жеткілікті. Бірақ қос клуб Қазақстан кубогының ширек финалында жолығып, «Ордабасы» 1:0 есебімен басым түскен еді. Осы факторды ескерсек, алдын ала бірнәрсе деу қиын. Амбициясы жоғары шымкенттіктер маусым басында жүлдеге таласатын клубтардың қатарына кіріп еді. Алайда олар небәрі 7-орында тұр. Егер команда ұпай жоғалтса, турнир кестесінде фавориттерді одан әрі ұзатып алмақ.
«Астана» (Астана) – «Қызылжар» (Петропавл)
Басталуы: 20:00
Өтетін орны: «Астана Арена» (Астана қ.)
Жеке кездесулер тарихы:
«Астананың» жеңісі– 15
«Қызылжардың» жеңісі– 2
Тең нәтижелер – 0
Дәл қазіргі сәтте «»Астананың» қарқыны өте қатты. Елордалықтар 5 ойын қатарынан жеңіске жетіп келеді. Турнир көшбасшысы еурокубоктың алдында ұпайдан шашау шығармай, бірінші орынын нығайтып алуды көздейді. Өткен маусымда «Астана» Конференция лигасының плей-оффына шығуға жақын қалып еді. Бірақ ішкі чемпионатқа күш салып, еурокубокты құрбандыққа шалды. Ал алдағы қарсыласы «Қызылжар» әлсіздердің қатарына кірмегенімен, айқын аутсайдер саналады. Өйткені қонақтар әлі бірде-бір мәрте «Астананы» сырт алаңда жеңіп көрген емес. Әрине, статистиканың тоқтатайтын күні болады. Бірақ дәл бүгін «Қызылжардың» ұпай алуы осы турда басты сенсация ретінде бағаланары анық.
Біздің серіктес: FONBET