Соңғы уақытта шетелде ойнайтын аяқдопшыларымыздың саны күрт өсіп келе жатыр.
Бірақ, футболшыларды оңды-солды шашатын елдермен салыстырғанда біздің көрсеткіш әлі де төмен. Оның үстіне шетелге барып сәтті ойнап кетіп жатқан футболшыларымыз саусақпен санарлықтай. Неліктен?
Әрине, чемпионатымыздың деңгейі айтарлықтай жоғары деп айту қиын. Басқа біріншілікке барғанда біздің жігіттер мүлде бөлек деңгейдегі, басқа темптегі футболды көреді. Оған үйренісу әсте оңайға соқпайды. Психологиялық тұрғыда да жаңа командасына бой үйрету қазақстандықтарға қиын. Жергілікті ойыншылардың көбі ағылшын тілін немесе басқа бір шет тілін меңгермеген. Сондықтан, өзге елге барғанда бапкерлермен, әріптестерімен тіл табысу оңай болмайды. Ойыншыларымыздың шекарадан тыс жерлерде ойнап кетуі үшін агенттердің сапалы жұмысы да зор ықпалын тигізеді. Ойыншыға алдағы уақытта дамуына ыңғайлы команда тауып бере алса агенттің сәтті жұмысы сол болмақ. Сосын, футболшыларымыз өзге чемпионатқа барған соң, ол жердегі бәсекелестікте тосылып қалмасы үшін өзіміздегі біріншілікте бәсекелестікті арттыруымыз қажет.
Сәтті өнер көрсеткен қандай футболшылар бар?
Генрих Шмидтгаль мен Александр Меркель туралы айтпай-ақ қоялық. Себебі, Қазақстанда туылды демесең, екеуі де еуропалық футболдың түлектері. Өзімізде тәрбиеленіп, шетелде сәтті өнер көрсетті деп Бахтиер Зайнутдиновты ғана айта аламыз. Өзінің табандылығының, еңбекқорлығының және әмбебаптығының арқасында қазір "Бешикташ" сапында. Одан бөлек Абат Айымбетов, Владислав Васильев, Нұралы Әліп, Максим Самородов, Рамазан Оразов секілді ойыншыларымыз шетелдерде сәтті өнер көрсетіп жүр деп айта аламыз. Кезінде "Уфаға" ауысқанда Еркебұлан Сейдахметтен де зор үміт күтілген. Алайда, көптеген жарақаттар мен психологиялық қысымға ол шыдамады. Қазақстандық ойыншылардың проблемасы да осыда.
Егер, футболшыларымызды әлемнің үздік лигаларынан көруді қаласақ, алдымен, балалар футболына көп көңіл бөлуіміз қажет. Академиялар салып, білікті бапкерлерді алдыру қажет. Одан кейін, ағылшын тілін үйретуді қолға алу керек сияқты.
Нұрасыл Мұратбек
Біздің серіктес: FONBET