"Барселона" мен Бразилия құрамасының аты аңызға айналған қорғаушысы Дани Алвес футбол әлеміне жаңа қырымен оралды, деп хабарлайды Aladop.kz.
42 жастағы ол Португалияның үшінші дивизионында өнер көрсететін "Сан-Жуан-де-Вер” (Sporting Clube de São João de Ver) клубының ортақ иесі атанды.
Бұл — Алвестің 2025 жылдың наурызында Испания сотының шешімімен зорлау айыбы бойынша ақталып шыққаннан кейінгі алғашқы ресми қадамы.
Жаңа бастама және ортақ мақсат
Клуб президенті Карлос Бранко мен Дани Алвестің қол алысқан суреті ресми мәлімдемемен бірге жарияланды.
"Клуб тарихында алтын әріппен жазылатын сәт: Дани Алвес біздің қатарға қосылды. Әлемдік футболдың ең жеңімпаз тұлғасы мен еңбекқорлыққа негізделген біздің ұжымның жолы енді бір арнаға тоғыспақ. Біздің мақсатымыз — клубтың әлеуетін ұлылыққа айналдыру.” — делінген клуб хабарламасында.
ESPN ақпарат көзінің хабарлауынша, Алвеске бұл мәміледе Бразилиялық инвесторлар тобы қолдау көрсеткен. Қазіргі таңда клуб құрамында Бразилиядан келген үш футболшы өнер көрсетеді.
Алвес қайтадан алаңға шыға ма?
Ресми мәлімдемеде оның ойыншы ретіндегі қызметі туралы ақпарат айтылмаған. Дегенмен, кейбір дереккөздер Дани Алвестің клубпен 6 айлық келісімшартқа отырып, алаңға қайта оралу мүмкіндігін қарастырып жатқанын алға тартады.
Айта кетейік, Алвес 2023 жылдың қаңтарынан бері, яғни Барселонадағы тергеу жұмыстары басталғаннан кейін кәсіби футболдан қол үзген болатын. 14 ай түрмеде отырған ол 2024 жылы 1 миллион еуро кепілдік төлеп, бостандыққа шыққан еді.
Әлем футболының рекордшысы
Дани Алвес — карьерасында 43 титул жеңіп алған әлемдегі ең табысты футболшылардың бірі. Ол Бразилия құрамасымен екі рет Америка кубогын иеленіп, 38 жасында Олимпиада чемпионы атанған. Енді ол өз тәжірибесін Португалияның төменгі лигасындағы клубты дамытуға жұмсамақ.
Біздің серіктес: FONBET