2018 жылы Ресейде болатын "Əлем біріншілігіне" іріктеу аясында, қарашаның 11-ші жұлдызында Копенгаген қаласы, "Паркен" стадионында Дания-Қазақстан кездесуі өтеді. Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің демекші, бұл ойынның қызығы да, шыжығы да көп болмақ.
Дания ұлттық құрамасы Е-тобында 3-ұпаймен, 4-орында тұр. Ал, біздің жігіттер 2-ұпаймен, 5-сатыда жайғасқан. Сүреңсіз ойынымен жанкүйерлерін жер қаратып жүрген Даниялықтар, бұл жолы көсіле шабуды мақсат тұтады. Бірақ, өз тобында сырт алаңда салқынқандылық таныта алмай, Қаратаулық (Черногория) аяқдопшыларынан аяусыз ұтылған Қазақстан ұлттық құрамасы үшін бұл ойында жеңіске жетудің маңызы зор. Ұлттық құрама жігіттері сырттағы сəтсіз серияны, жеңісті күндермен жолықтырғысы келеді.
Дания Футбол Федерациясы: егер, Даниялықтар өз жерінде Қазақстанды ұта алмаса, бас бапкер Дании Оге Херейденің жұмыстан қуылатындығын тілге тиек етті. Сондықтан, Даниялықтар жеңісті көксейді.
Болжамды үнемі дұрыс жасай бермейтін букмекерлер Дания Ұлттық құрамасының жеңісіне толыққанды сенімді. Тіпті,тең есеп тіркелуін сенсацияға балап отыр. Былтыр Англия премьер лигасының чемпионы атанған-Каспер Шмейхель, Тоттенхэмды алға сүйреп жүрген Кристиан Эриксен сияқты саңлақтары бар Дания, Қазақтың Бауыржандай бірбеткей,Қуаттай қауқарлы жігіттеріне қарсылық таныта ала ма? Серікжан Мужиков қостаған жігіттер Копенгагенге қыдырып бармағандығын қадап айтты. Ендеше, қарашаның 11-нен 12-сіне қараған түні сағат 01:45-те "Қазақстан ұлттық телеарнасын" қосуды ұмытпаңыздар...Арық сөйлеп, семіз шығайық...Алға Қазақстан!
ЕРЖІГІТ КҮНТУБАЕВ