Алғаш болып біздің сайт жариялаған Дастан Сәтпаевтың «Челсимен» байланысты трансферінің мән-жайы белгілі болды.
Лондондық клуб жас ойыншыны 2026-жылға дейін шыңдап алуды жөн көргенге ұқсайды – сол уақытқа дейін Дастан «Қайраттың» негізгі командасында өнер көрсететін болыпты. Тек 2026-жылы жартылай қорғаушы 18-ге толғанда ғана англиялық топ-клубтың қатарын толықтырады деген ақпарат бар. Әзірше қос тарап бұл трансфердің қаржылық тұстарын барынша құпия түрде сақтауда.
Дастан Сәтпаевқа «Челсиден» бөлек еуропалық бірқатар топ-командалардың қызығушылық танытқаны мәлім. Алайда, лондондық ұжым бірінші болып нақты ұсыныс жасаған.
Дастан былтыр «Қайрат-Жастар» жейдесін киіп, Бірінші лигада доп тепті. Бірінші лига аясында бес матчта алаңға шығып, өзінің өнерімен тәнті еткен болатын. 2024/25 жылғы УЕФА Жасөспірімдер лигасының бәсекелерінде де алаңнан бес рет бой көрсетіп, бір рет мергендік танытып, голдық бір пас шығарғанын айта кетуге болады. Футболшы мен алматылық клубтың келісімшарты 2026-жылдың аяғына дейін жарамды.
Бұдан бөлек, QJ League 2024-те алматылық команда жейдесінде 12 ойында өнер көрсетіп, 19 гол соғып, 6 ассист берген. Дастан Сәтпаев маусым соңында «QJ League-ның ең пайдалы футболшысы» деген аталымда дараланды. Сондай-ақ, Сәтпаев Қазақстан U-17 құрамасының сапында 10 ойында өнер көрсетіп, 4 рет мергендік танытқан болатын.
Біздің серіктес: FONBET