Transfermarkt Қазақстандық футболшылардың нарықтық құнын жаңартты. Соңғы өзгерістен кейін «Бёрнли» сапында жалға ойнап жүрген Дастан Сатпаев қайтадан Қазақстанның ең қымбат футболшысы атанды, деп хабарлайды Aladop.kz.
18 жастағы шабуылшының нарықтық бағасы бірден 1,5 миллион еуроға өсіп, 3,5 миллионнан 5 миллион еуроға жетті. Осылайша Сатпаев бірнеше күн бұрын бірінші орынға шыққан Максим Самородовты қайта басып озды.
«Ахмат» шабуылшысы Самородовтың нарықтық құны 4 миллион еуро деңгейінде қалды. Ол бұған дейінгі жаңартуда бағасын 2,5 миллионнан 4 миллион еуроға дейін өсіріп, Сатпаевтан озып кеткен еді. Алайда соңғы жаңартудан кейін Қазақстандық шабуылшылар арасындағы көшбасшылық қайтадан Сатпаевқа өтті.
Қазақстандық футболшылардың қазіргі нарықтық құны бойынша алғашқы үштікте «Зенит» қорғаушысы Нұралы Әліп пен Мәскеулік «Динамо» жартылай қорғаушысы Бахтиер Зайнутдинов тұр. Екі ойыншының да бағасы 2 миллион еуро деп көрсетілген. Одан кейін «Крылья Советов» футболшысы Ислам Чесноков — 1,2 миллион еуро, ал Мақсат Абраев — 1 миллион еуро.
Осылайша, Сатпаевтың 5 миллион еуролық бағасы Қазақстан футболшылары арасындағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Жас шабуылшының нарықтық құнының өсуіне оның Англиядағы мансабы да әсер етіп отыр.
Сатпаев биыл жазда Алматылық «Қайраттан» лондондық «Челсиге» ресми түрде ауысты. Ағылшын клубымен келісімшарт 2033 жылға дейін жасалған. Қазір Қазақстан құрамасының шабуылшысы «Бёрнли» сапында бір маусымға жалға берілген.
Бұған дейін Сатпаев «Қайрат» сапында негізгі команда деңгейінде 58 матч өткізіп, 26 гол соққан. Ол сондай-ақ Қазақстан ұлттық құрамасының тарихындағы ең жас дебютант атанып, кейін Ұлттық команда сапындағы алғашқы голын да рекордтық жаста соққан.
Дегенмен қазіргі кезеңде Сатпаевтың басты міндеті — жарақаттан кейін толық қалпына келіп, алаңға оралу. Ол қыркүйек айының басында «Мидлсброға» қарсы Чемпионшип матчында жарақат алып, бірнеше аптаға қатардан шыққан еді. «Бёрнли» бас бапкері Никки Хайен кейін футболшының халықаралық үзіліс кезінде оралуы мүмкін екенін айтқан.
Біздің серіктес: FONBET