Ағылшын Премьер Лигасы мен "Манчестер Сити" арасындағы ұзаққа созылған дауға нүкте қойылды. Associated Party Transactions (APT) ережелеріне байланысты басталған арбитраждық іс тараптардың келісімімен тоқтатылды. Бұл шешім клубқа басты демеушісі Etihad Airways компаниясымен жаңа ірі келісім-шарт жасауға мүмкіндік береді.
APT ережелері "Ньюкасл Юнайтед" клубын Сауд Арабиясы қорлары сатып алғаннан кейін енгізілген болатын. Ереженің мақсаты клуб иелерімен байланысты компаниялардан түсетін демеушілік келісімдер арқылы табысты жасанды түрде арттыруға жол бермеу.
Алайда "Манчестер Сити” бұл тәртіп олардың Әбу-Даби демеушілерімен (әсіресе Etihad Airways) еркін жұмыс істеу мүмкіндігін шектейді деп есептеп, бірнеше рет заңдық қадамға барған еді.
"The Times” мәліметінше, "Ситидің” Etihad-пен жаңа ұзақ мерзімді келісім-шартының құны 1 миллиард фунт стерлингке дейін жетуі мүмкін. Бұған дейінгі он жылдық келісім 400 миллион фунтқа бағаланған болатын.
Премьер Лига АPT ережелерінің "әділ бәсекені қорғау” үшін маңызды екенін алға тартса, ақпан айында өткен трибунал бұл ережелерді "жарамсыз және орындалмайды" деп тапқан еді. Соған қарамастан, қазір клуб пен Лига ымыраға келіп, "Сити” ережелерді мойындағанымен, өз демеушілерімен келісім жасауға еш кедергі болмайтынына кепілдік алды.
Бұл келісім екі тарап үшін де ұзақ әрі шығынды сот ісін тоқтатты. Премьер Лига беделін қорғап қалса, "Манчестер Сити” өз болашағын қамтамасыз ететін коммерциялық тұрақтылыққа қол жеткізді.
Дегенмен, клубты мазалап отырған басты мәселе әлі шешілген жоқ. "Ситиге” қатысты Премьер Лига тарапынан қаржылық әділетсіздіктің 130-ға жуық бұзылуы жөнінде бөлек іс қаралуда. Бұл іс клубтың беделіне, тіпті спорттық тағдырына айтарлықтай ықпал етуі мүмкін.
Біздің серіктес: FONBET