Жарнама
Жарнама

Давид Лория: «Егер жоғарыдағылар ертерек қимылдағанда, біз Жоао Пауло, Ерланов, Қайыров, Баляи секілді ойыншыларды алатын едік»

25.08.2021, 19:13
Клубтың экс-директоры сәтсіз трансферлер жайлы өз ойын ортаға салды.
Жарнама
Жарнама

"Астана" клубының экс-директоры Давид Лория Meta-ratings.kz сайтына берген сұхбатында командадағы ойыншылардың аздығы жайлы, сәтсіз трансферлер және Вараздат Ароян мен Тигран Барсегянның ауысымы туралы пікір білдірді.

- Команданың бас бапкері Андрей Тихонов ойыншылардың аздығына бірнеше рет шағымданған еді. Сіз "Астана" жазғы трансферлік науқанды жақсы өткізді деп ойлайсыз ба?

- Жоқ. Логикаға салып ойланайық. Біз маусымның бірінші бөлігін өте шектеулі құраммен өткіздік, бізге мықты ойыншылар жетіспеді, қосалқы құрамда негізінен жергілікті тәжірибесі жоқ жастар ғана болды. Солай емес пе? Сондықтан командаға жаңа орындаушыларды шақыру қажет болды. Жазда Ароян мен Мұртазаев командадан кетіп қалды. Ароянның орнына біз албаниялық қорғаушы Битриді алдық, ал шабуылшылардан Эуженио мен Бечирайды шақырдық. Шабуылшыларды соңғы сәтте ғана алып үлгердік, өйткені Конференция лигасына қатысатын құрамды жариялау қажет болды. Демек клубтан екі ойыншы кетті, үш ойыншы келді. Алайда, бұл жеткіліксіз, бізге кем дегенде тағы 2 ойыншы қажет болды. Әрқашан жарақат алу қаупі бар. Бірақ біз құрамды бас бапкер қалағандай нығайта алмадық.

- Тағы кіммен келісім-шартқа отыратын едіңіздер?

- Жоао Пауло туралы жақсы білесіз. Біз оны "Астанаға" ауысуға көндірдік. Менің ойымша, егер бізге бұл ауысымды жоғарыдағылар сәл ертерек мақұлдағанда, біз онымен келісім-шартқа отыратын едік. Содан кейін қаржылық мүмкіндіктері біздікінен әлдеқайда кең "Қайрат" бұл іске араласты. Алматылықтармен бұл тұрғыда бәсекелесу өте қиын. Біз Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылары Темірлан Ерланов және Бағдат Қайыровпен келіссөздер жүргіздік. Еуропа чемпионаттарында доп тепкен басқа да ойыншылар болды. Мысалы, албаниялық шабуылшы Беким Баляи. Біз онымен жеке келісім-шарт талаптары туралы ымыраға келдік, бірақ, Жоао Пауло, Қайыров және Ерланов сияқты, біз жоғарыда көрсетілген шектеулер мен кедергілерге байланысты тез жұмыс жасай алмадық. Олар бізге мықты болуға көмектесер еді. Бірақ барлық жерде тез шешім қабылдау қажет болды, өйткені бұл орындаушылар сұранысқа ие болды және олардың басқа нұсқалары болды. Ал біздің командада шешім қабылдау процесі өте баяу жүрді, ұзаққа созылды. Менің ойымша, жағдай бекерден-бекер бұлай болмады.

Салыстыру үшін, "Қайрат", "Тобыл" мен "Шахтер" еурокубок бәсекесі алдында қалай күшейгенін, әр позицияға сапалы орындаушыларды алып, өз құрамын күшейткенін қараңыз.

- Сіз Вараздат Ароян туралы айттыңыз. Оның трансферінен "Астана" қанша пайда тапты?

- Өтемақы мөлшері бар, бірақ ол аз, мен оны жариялай алмаймын. Біз оны ұстай алмадық. ФИФА регламентіне сәйкес, егер футболшы екі айдан астам уақыт бойы жалақы алмаса, клубпен келісім-шартты біржақты бұзуға құқылы. Дәл Дорин Ротариу сияқты. Бірақ Ароян олай жасамады, бізге құрметпен қарады, тіпті "Кадис" оның ертерек келуін талап еткеніне қарамай, маусым айының соңына дейін ойнады. Біз де соған лайықты жауап бердік.

Егер біз оны жазда жібермесек, бәрібір қыста кетер еді. Бірақ басқа көңіл-күймен және басқа көзқараспен. Ал оның қалған маусымды қалай өткізетіні белгісіз. Кенеттен жарақат алмау үшін жаттығуларды толық жасамауы мүмкін дегендей... Яғни, мұндай көңіл-күйден тек команда мен ондағы атмосфера зардап шегер еді.

Шындығында, Армения құрамасының негізгі ойыншысы мен көшбасшысы бізге төленген өтемақы мөлшерін ескерсек, "Астанада" бес ай бойы тегін ойнады.

- Тигран Барсегянның "Слован Братиславаға" кетуі мүмкін деген ақпарат болды. Бізге осы туралы аздап айтып берсеңіз.

- Иә, шынымен де клубқа "Слованнан" ұсыныс түсті, олар Тигран үшін 200 мың еуро төлеуге дайын болды. Біз бұл туралы ойыншының өзімен сөйлестік. Көшбасшы ретінде маған шешім қабылдау қиын болды: бір жағынан желтоқсанда тегін кететін ойыншыны сату арқылы клуб үшін жақсы ақша табуға мүмкіндік бар. Екінші жағынан, бұл команда көшбасшыларының бірі және оның кетуі бізді айтарлықтай әлсіретуі мүмкін. Ол маған бұл туралы не ойлайтынымды сұрады. Мен: "Тигран, сенің чемпионатта жеңіске жетуімізге көмектескеніңді қалаймын" деп шын жауап бердім. Ол да осыны қалайтынын айтты. Біз "Слованның" ұсынысынан бас тарттық. Көрдіңіз бе, ойыншының пайдалы болуға деген ұмтылысы қымбатқа түседі. Мұндай көзқарасы бар, осындай амбициясы бар адамдар болғанда, табысқа жету оңайырақ болады.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров