Жарнама
Жарнама

ДЕРБИI ЖОҚ ДЕРБЕС ЕЛ БIЗ ҒАНА

02.12.2010, 01:33
Жарнама
Жарнама
Қазақ жанкүйерлерiнiң футболға келгенде өкпесi қара қазандай. Демек, қазақ жанкүйерлерiнiң дегенi әлi болмай келе жатыр деуге келедi. Өйткенi, әрбiр елдiң аяқдоп өнерi сол елдiң iшкi бiрiншiлiгiмен сабақтасып жатады. Оны бiреулер премьер-лига деп атайтын болса, бiзде ұлттық бiрiншiлiк деп аталады немесе iшкi бiрiншiлiк деп те жүрмiз. Мiне, осы футболдан iшкi бiрiншiлiгiмiздiң деңгейi жоғарыламайынша,  ұлттық құрама да әлемдiк деңгейде еңсесiн тiктей алмайтындығы әмбеге аян. Тағы да әңгiмемiз көптiң көңiлiнен шықпайтын, ұдайы талқыға түсетiн қазақ футболы туралы болмақ. Қайтсек көш iлгерiлейдi? Қайтсек, қазақтың қара домалақтары футболдан әлем бiрiншiлiгiнде өнер көрсетедi деген ой  ғой бiздiкi... Футболдан Қазақстанның ұлттық бiрiншiлiгi басталғанына екi айға жуық уақыт өттi. Өткен жылы ғана төменгi лиганың көшiн бастап келген Алматының «Қайраты» биыл тоғыз бiрдей кездесуде бiр ғана доп соға алды (оның өзi пенальтиден). Аты дардай Алматының намысын қорғайтын жалғыз команданың сиқы осын. Барлығы жалғыз дегеннен шықты ғой.... Шынында да не себептi Алматының намысын қорғайтын команда жалғыз болуы тиiс. Халқының саны екi миллионға жетiп жығылатын, бiрнеше стадиондары бар қаланың намысын бiр ғана «Қайраттың» қорғауы қалай? Осыдан бiрнеше жыл бұрын әжептәуiр ойынымен көзге түскен «Мегоспорт» пен «Алматы» футбол командалары не себептi құмға сiңген судай iзiм-ғайым жоғалып кеттi? Әрине, оған жауап ретiнде алдымен қаржы дағдарысын алға тартамыз. Әлемде қаржы дағдарысынан жабылудың сәл ғана алдында қалған бiрнеше командалар болған. Бiрақ, ондай жағдайға жеткiзбестен жанкүйерлер тарапынан қолдау көрсетiлiп, ойындары қайта жанданған кездер кездестi. Алайда, «Алматы» мен «Мегоспорттың» тарап кетуiне ешкiмнiң жаны күйзелген жоқ, ол ешкiмнiң шымбайына батқан жоқ. Сол кездегi «Қайрат» пен «Алматы» арасындағы ойынды нағыз алматылық дерби деп айтуға болатындай едi. Қазiр «Қайратты» қамшылайтын Алматыда бiрде-бiр команда жоқ. Өкiнiштi. Өкiнiштiсi сол, Алматы дербисiз күн кешiп жатыр. Жанкүйерлердiң делебесiн қоздыратын дерби қай елде жоқ? Тек Алматыда ғана. Тiптi, Бiшкектiң намысын қорғайтын «Әдiлет» пен «АзияУниверсалБанк» командалары әлi күнге қырғыз футболының көшiн бастап келедi. Бұл командалар тек Бiшкектiң ғана емес, бүкiл Қырғызстан елiнiң дербиi деуге тұрарлықтай. Ташкенттегi «Пахтакор» мен «Бунедкор» қазiрде ең үздiк дербилердiң тiзiмiне ендi. Ташкентте ең көп жанкүйер «Пахтакордын» еншiсiнде екен. «Бунедкор» – одан кейiнгi орында. Ал, Алматыда бiрiншi кезекте «Реал» немесе «Барселонаның» жанкүйерлерi алдыңғы орынға шығып кетуi ықтимал. Айта берсек, ТМД көлемiндегi бiрнеше елдiң немесе қаланың үздiк дербилерiн жiпке тiзуге болады. Мысалы, Белорусь елiндегi «Динамо» (Минск) мен «МТЗ-РИПО» (Минскiлiк дерби), Украинада «Динамо» мен «Арсенал» (Киевтiк дерби) осы айтпағымыздың дәлелi. Туыстас, бауырлас түрiк ағайындардың да Стамбулды дербилер қаласына айналдырғалы қашан. Мұндағы Фенербахче мен Галатасарай арасында өтетiн ойын бiр күн бойы түрiк халқын күндiз күлкiден, түнде ұйқыдан айырады екен. Есесiне, түрiк футболының жағдайы бiздiкiмен салыстырғанда көш iлгерi. 2002 жылы әлем чемпионатында ақтық сынға аяғы сәл ғана жетпей қалды. Аяқдоп өнерiнен мұсылман елдерiнiң көшiн бастап келедi. Ең әйгiлi дерби ретiнде шотландиялық «Рейнджерс» пен «Селтик» командаларының жанкүйерлерiн айтуға болады. Аталған екi команданың қызуқанды жанкүйерлерi католиктер және протестанттар болып екiге бөлiнедi. Одан кейiнгi орында римдiк «Рома» мен «Лацио» арасындағы ойын. Ойын барысында өрбитiн қақтығыстар, футболшылардың сары қағазға ие болуы немесе алаңнан қуылуы жанкүйерлер арасында бiр жылға дейiн таусылмайтын әңгiме. Үшiншi орында Буенес-Айрестегi «Бока Хуниорс» пен «Ривер Плейт» арасындағы 90 минут жан алысып, жан берiсетiн ерекше матчты айтпай өтпеуге болмайды. Футбол тарихында аталған екi команда өзара 321 матч өткiзiптi. Соның 117 кездесуiнде «Бока Хуниорс» жеңiске жетсе, 104-iнде «Ривер Плейттiң» мерейi үстем болған. Бiр қызығы 100 ойын тең дәрежеде өткен. Мұндағы футбол жанкүйерлерi ретi келсе 100 санын сақтап қалып, тең ойын көрсетпесе екен деп тiлейдi екен. Делебеңдi қоздыратын дерби туралы сөз қозғағанда Уругвайдағы «Пеньяроль» мен «Насьональ» арасындағы 1990 жылғы матчты ұмытуға болмайды. Бұл ойынды футбол дегеннен гөрi, «ережесiз жекпе-жек» деп атаса жөн болар едi. Осылайша, алаңдағы 22 футболшының бәрi бiрдей қызыл қағазға ие болып, алаңнан қуылады. Нәтижесiнде, 9 бiрдей ойыншы футболдағы карьерасын сол кезде аяқтайды. Түркi әлемiнде де ерекше дербидiң болғанын айта кеткен жөн. Мысалы, Түркиядағы «Бешикташ» пен «Фенербахче» арасындағы бiтiспес тартыс та ақыры соңында Стамбулды екiге бөлiп жiбергендей. «Фенербахче» жанкүйерлерi өздерiн азиялықпыз деп санайтын болса, «Бешикташ» жанкүйерлерi еуропалықпыз деп кеуде соғатын көрiнедi. Мұндай қалалық дербидiң екiге бөлiнуi Венгрия елiнде де кездеседi. Будапешттегi атақты «Уйпешт Дожа» мен «Ференцварош» арасындағы жанүйерлердiң бөлiнуi саяси-әлеуметтiк қақтығысқа әкеп соқтырады екен. Бiрi – ұлтшылдар болса, екiншiсi – коммунистер. Кезiнде «кеңестiк классико» саналатын Мәскеудiң «Спартагы» мен Киевтiң «Динамосы» бүгiнде көпшiлiктiң шежiре етiп айтып отыратындай дәрежеде болғандығын көрсетедi. Қазiр оның орнын мәскеулiк «Спартак» мен «ЦСКА» басты. Бiлетiндердiң айтуы бойынша, аталған екi команда арасында өтетiн ойын Мәскеу мәдениетiнiң артуына зор үлесiн қосыпты. Ал, кейбiр дербидi бiрi мойындағанмен, екiншiсi мiсе тұтпай жататын көрiнедi. Мысалы, «Манчестер Сити» мен «Манчестер Юнайтед» арасындағы жәйттi айтып өтейiк. Шынын айтқанда, көгiлдiр түстi жейде киетiн «Манчестер Сити» командасының әлеуетi «қызыл сойқандармен» тартысқа түсуге ендi ғана дайын секiлдi. Әйтсе де, «Манчестер Юнайтедтiң» әйгiлi жаттықтырушысы сэр Алекс Фергюсон «Мен үшiн нағыз дерби «Ливерпульмен» арада өтетiн ойын» дегендi айтады. Өйткенi, мерсисайдтықтар да, манкуниандықтар да осы уақытқа дейiн 19 мәрте Англия чемпионы атанып, атағы жағынан да, әлеуетi жағынан да үзеңгi қағыстырып келедi. Алматы – Орта Азиядағы ең ауқатты, капиталды қалалардың бiрi. Халқы жағынан да, мәдениетi жағынан да iлгерiлеп келедi. Алайда, спорт өнерiнiң де қала мәдениетiнiң бiр саласы екендiгiн ұмытпаған жөн. Дербиi бар елде туристердiң де болатыны хақ. Мысалы, Реал мен Барселона арасында өтетiн испандық дербиге (эль-классико) әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен адамдар ағылады екен. Католонияға бас сұғатын туристердiң саны 1992 жылғы Олимпиада ойындарынан кейiн аталған испандық дербилiк ойында артады екен. Жақында Алматыға ФИФА-ның Әлем кубогы келдi. Стамбулдан жеткен құнды жәдiгер артына қарайламастан Алматыдан Сеулге ұшып кете барды. Бiр жағы Қазақстандағы «Кока-Кола» компаниясының елiмiзде дәуiрлеуi «мәңгiлiк арманымыз» болған ФИФА-ның Әлем кубогiн көруiмiздi нәсiп еттi. Қашанғы ауызымыздың суымыз құрып теледидардан ғана тамашалайтын боламыз деп кейiген кездерiмiз де жоқ емес. Алайда, сол кубоктың Алматыға ат басын бұруы – бiр жағынан футболдан Қазақстан ұлттық құрамасына деген ренiшiмiздi өршiтсе, екiншiден, қол жеткiзуге деген пенделiк пиғылымызды одан сайын дәмелендiрiп жiбердi. Баяғы жартас – сол жартас. Өзгерген ешнәрсе жоқ. Ел құрамасының әлем чемпионатына да, Еуропа чемпионатына да iрiктеу ойындарда қаққан қазығынан аса алмастан тек көш соңындағы бiр команданың ғана алдында тұратын әдетi бар. Ол үшiн дерби керек. Дерби бiр қаланың жанкүйерлерiн бөлiп-жару емес, екi команда арасында бәсеке орнатып, шын мықтыны анықтау. Футболшыларды шабыттандыру. Қазiр қазақстандық дерби деп қай командаларды атауға болады. Баяғы «Қайрат» пен «Шахтердiң» қамытын бүгiнде «Ақтөбе» мен «Тобыл» командалары киген секiлдi. Жыл сайын футболдан Қазақстанның iшкi бiрiншiлiгiнде екеуi алма-кезек көш бастап келедi. Тiптi, 2008 жылы шын мықтыны анықтау үшiн аталған екi команда бiр маусымда үш рет доп тепкен болатын.

Жандос БАЙДIЛДА

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров