Жарнама
Жарнама

Дереу нәтиже деңгейді өсіре ме?

19.11.2012, 13:37
Жарнама
Жарнама

Балапанды күзде санайды демекші, қоңыр күз келісімен ел футболының биылғы маусымына баға беріп, болған жағдайларды бір санамалап өтуді жөн санадық. Біріншілік аяқталып, артынша кубоктың да иегері табылды. Негізгі жарыстарымыздың барлығы аяқталып аяқдопшыларымыз демалысқа даярлануда. Жыл құсындай қыс келісімен Түркияның жылы жағалауларына аттанатын теңбіл доп шеберлеріміздің осы жылы қандай қызықтарымен есте қалғандарын саралай кетсек.

Алғашқы айналым

Премьер-лигада өнер көрсететін 14 ұжымның барлығы да Түркияда оқу-жаттығу жұмыстарын жасады. Өз жерімізде қолайлы жаттығу базалары болмағандықтан амалсыз ел бюджетінен бөлінген қаржыға Босфор жағалауында дайындалуға тура келіп отыр. Бұрындары қаржыны үнемдеп кейбір клубтар Өзбекстан, Қырғызстан, Түркменістанды бетке алатын. Ал биыл дайындықты пысықтау барысында командалар ешбір қолайсыздық көрмеді. Бір сөзбен айтқанда бүкіл команда бірдей жағдайда дайындалды. Ұжымдардың барлығының да бюджеттері шамалас болғанын да атап өткеніміз жөн. Десе де, жыл соңында сол командалардың көбісі сүреңсіз өнер көрсетіп турнирлік кестенің соңында қалып қойды. Демек, бапкерлердің сылтауды қаржыға тірей салуында еш қисын жоқ деген сөз. Мысалға алар болсақ «Ақжайық» командасы жарыстың екінші айналымында алты ай бойы айлық алмай ойнады. Иожеф Шкрлик баптайтын бұл команда қаржы тапшылығынан допты түзу тебудің әдістерін жоғалтқан жоқ қой? Осыдан шығар түйін – еліміздегі клубтардың басқарылу тетігінің дұрыс еместігі. Футбол клубтарының философиясында қаржыны игеру мен жақсы нәтиже көрсету деген ұғымдар әлі де болса біртұтас формулаға айналар түрі жоқ.

Біріншіліктің алғашқы айналымында легионерлердің шоуына қарық болдық. Футбол федерациясы легионер санын көбейтіп, сырттан келген 8 аяқдопшының 5-еуі бір мезетте алаңға шыға алатындай қылып түзету енгізді. Соның салдарынан жарыстың алғашқы турларында тіркелген голдардың 70 пайызын сырттандар соқты. Тіпті нақты айтар болсақ 2-турда соғылған барлық голдың 87 пайызы келімсектердің арқасында кірді. Негізінен Балқан түбегінің өкілдері болып табылатын келімсектеріміз біріншілік басын қызықты қылғаны сөзсіз.

Екінші айналым

Екінші айналымда сол белсенділік байқалмай, сырттандарымыз спорттық көрсеткіштерін күрт төмендетті. Дегенмен, легионерлер өзіміздің жергілікті ойыншылардан еш қалыспаған десек болады. 432 голдың 222-сін сырттандар соққан. Ал олардың ішінде шын мәнісінде жоғары деңгейлігімен көзге түсіп, жас ойыншыларымызға үлгі болғандар санаулы. Мысалы, кубоктың финалында үздік ойыншы атанған «Астана» жартылай қорғаушысы Фокси Кетевоама көп жанкүйердің есінде қалары сөзсіз. Бұл қатарға қарағандылық «Шахтер» ойыншысы, колумбиялық Роджер каньясты да қосуға болады. Өз мемлекеттерінің ұлттық құрамаларында ойнап жүрген литвалық Гедеминас Вючис пен босниялық Дарко Малетичке Қарағанды мен Кереку жанкүйерлерінің алғысы шексіз. Олар өздеріне ақталған үмітті толықтай ақтады деп айтуға болады.

Премьер-лигадағы ойыншының ең төменгі жалақысы 4 мың АҚШ долларын ақтай алмағандар саны қаншама. Болашағынан үміт күттіріп жүрген бірнеше жас ойыншыларымыз, осы қаржыға да қанағат білдіріп, өздерінің спорттық дамуын біршама тежеп те алды.

Биылғы 21-біріншілікте шеттен келген бапкерлер саны да көбірек болды. Олардың ішінде «Тобыл» бас бапкері Вячеслав Грозныйды ерекше атап өтуіміз керек. Біріншілік басталар тұста журналистерге сұқбат берген бапкер, маусым соңында өз сөзінен айнып, өзге пікірде екендігін анық аңғартты. Клуб қойған мақсатты орындай алмаған украиналық маман қысылтаяң тұста сөз тауып, бар кінәні басқаның мойнына жүктей салды. Грозныйдың қатысуымен болған дау-дамайлар саны көп. Солардың ең қызықтысы «Тобыл» - «Тараз» арасындағы кездесуден кейін орын алды. Елдегі төрешілік қызметке мін таққан маман, еуропалық футбол ұйымдарына шағым жазатынын аңғартты. Әрі осы кездесуді қайта ойнатуды талап еткен ол, Қазақстан футбол қауымдастығын да біраз әбігерге түсірді. Әйтеуір, түбінде «Тараз» өзіне тиесілі үш ұпайды сақтап қалып, соның арқасында турнирлік кестеде қостанайлықтарды басып озды.

Биылғы жылдың тағы бір жаңалығы ретінде ойыншылармен ұзақ жылға жасалынған келісімшарттарды да айтуға болады. Бұрындары еліміздегі ойыншы клубпен тек 1 маусымға ғана келісімшартқа отырып, келер маусымда көңілі қалған командаға ауыса салатын болған. Жақында ғана «Тараз» футбол клубы ұжымда өнер көрсеткен бірнеше белді ойыншылармен келісімшартқа қол қойысты. Бұл дегеніміз осыған дейін болып келген келеңсіз жағдайдың орнын алмақ. Футболда бір құраммен ұзақ жылдар өнер көрсету үйлесімділік пен командалық ойынның ілгерленуіне әкеледі. Мінекей, осы тұсты кеш те болса түсінген клубтарымыз өз қосындарына келген жақсы ойыншылардан ерте айырылып қалмауды ойластыруда. Ал бқл дегеніміз клубтарымыз арасындағы бәсеке жыл сайын тек артып келеді деген сөз.

Байқағанымыздай осы маусымда клубтар арасында еурокубоктық аймақтардағы орындарға таласу бәсі қызып келеді. Еуроойындарда клубтарымыз жақсы нәтиженің арқасында қомақты қаржыға кенелетінін барлығымыз білеміз. Жүлделі орындардың келер жылы «кәрі құрлықта» күш сынауға мүмкіндік беретінін бірінші кезекте есте ұстайтын клубтарымыз биылғы маусымда турнирлік кестедегі 4-орынға да қызу талас жүргізді.

P.S

Ел біріншілігінің жыл сайынғы деңгейі көз алдымызда өсіп келеді. Бірақ, дегенмен де кемшін жатқан тұстар жетерлік. Клубтардағы футболды дамыту, жергілікті ойыншыларға көңіл бөлу, алдағы жылдардың бағдарын жасау секілді дүниелер жақын арадағы нәтижені ойлаудың ығында қалып қойып отыр. Еуропаның ортаңқол чемпионаттарындағы командалардың бюджетімен ел клубтарының қаржысы теңескенімен, ойыны деңгейлес бола қояр түрі жоқ.  

Ермұхамед МӘУЛЕН

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров