Жарнама
Жарнама

Дэвид БЕКХЭМ: ОТБАСЫМ ҮШІН ӨМІР СҮРЕМІН

23.06.2020, 22:46
Жарнама
Жарнама

Ағылшынның әйгілі футболшысы Дэвид Роберт Джозеф Бекхэм (ағыл. David Robert Joseph Beckham) 1975 жылдың 2 мамырында Лондонда дүниеге келген. «Манчестер Юнайтед», «Престон Норт Энд», «Реал Мадрид» және «Милан»командаларында ойнады. Сондай-ақ, ол 2000 жылдан бастап 2006 жылға дейін Англия құрамасының капитаны болды. Спорттық мансабының соңына қарай америкалық «Лос-Анджелес Гэлакси» клубының құрамында өнер көрсетті.

Бекхэмнің атын, әсіресе, оның стандарттарды және айып доптарын шебер орындайтын бірегей өнері айдай әлемге әйгілі қылды. Бүгінгі таңда футболшы ақшаны күреп табатын ең бай спортшылардың бірі. Бай болғанда ол соншалықты қытымыр емес: жомарт жігіт әлемдегі көптеген қайырымдылық шараларына қатысып, жоқ-жітіктен ақшасын аямайды.

Бекхэмнің түп нағашысы жөйт екен, содан болар, футболшы өзін «жартылай евреймін» деп санайды.

Футболшының зайыбы – Spice Girls тобының әншісі Виктория Адамс, олардың Бруклин Джозеф, Ромео Джеймс, Круз Дэвид есімді үш ұлы және Харпер Севен атты қыздары бар.

– Сіз футбол мен ақсүйектік өмір салтын шебер үйлестіре білген, нарықтың тамырын тап басқан табысты жансыз. Осының бәріне уақытты қайдан табасыз?

– Том Крузды алып қараңызшы, атақты актер, үлгілі әке. Мен оның осынысына қызыға қарайтынмын. Бен Эффлек те сондай. Бірде Том, Бен, мен және тағы бір-екі жігіт барда отырғанбыз. Әке болу, балалар тәрбиесі туралы әңгіме қозғалып кетті. Мен олардан: «Жұмыс деген уақытты жұтып қояды, ал сендер бәріне қалай үлгересіңдер, осы?», – деп сұрадым. Білесіз бе, олардың маған не дегенін? «Ақшаның түбіне жетпейсің. Уақытты жоспарлауды үйрен және басымдықтарды орын орнына дұрыс қоя біл. Саған бәрінен бұрын не керек, өзі: француздардың қақпасына гол соғу ма, әлде балаларыңның күлкісі, олардың денсаулығы, жатар алдында сені сүйгені ме?». Содан бері мен уақытымды дұрыс жоспарлауға тырысып келемін.

– Жасыңыз отыздың ортасынан ауды. Жарақат та жиі мазалайды. Мүмкін футболды тастаған дұрыс шығар?

– Кәртайып тұрған жоқпын, мені қууға асықпаңыз (күлді). Оның үстіне менің мынадай арманым бар: Бобби Мур мен Питер Шилтонды басып озып, рекорд жасағым келеді. Мен Англия құрамасында 106 матч өткіздім. Бұл – Мур (108 ойын) мен Шилтоннан (125) кейінгі үшінші нәтиже...

Кейін жаттықтырушылықпен айналыссам ба деген ойым да бар: балаларды футбол ойнауға үйреткім келеді.

– Соңғы жылдары сіз Armani-дің іш киімдер көрсетіліміне қатысып жүрсіз. Жарнамалық жобалар, fashion, гламур – болашақта да сізбен бірге бола ма?

– Әлбетте. Бірақ та, бұл мен мақтан ететін дүниелер емес. Меніңше, бәрінен де маңыздырағы – әйелім екеуіміздің жаңа киімдер коллекциясын әзірлеу бойынша жүргізіп жатқан жұмыстарымыз. Негізі, болашақтың жарқын болатын түрі бар. Ең бастысы, отбасың жаныңда болып, балалар ауырмасын. Сонан соң, әлемде бейбітшілік болсын деңіз. Әйтпесе, осының бәрі кімге керек?

– Викторияның бойында сізді есіңізден тандырардай не құпия бар?

– Викторияның бойында бәрі бар. Ол мені әбден жаулап алған. Бар құпияны ашпай-ақ қояйын. Оның оң жақ құлағының түбіндегі меңді көрсем, өзімді қоярға жер таппаймын. Сонан соң, Торидің (зайыбын еркелетіп осылай атайды. – ред.) шашын қысқа қылып қидырғаны қатты ұнайды...

– Сіз туғаннан футболшы болғыңыз келіпті: әкеңіздің алғашқы сыйлығы футбол добы болған екен. Ал сіздің ұлдарыңыздың кім болғысы келеді?

– Балаларымызбен жиі футбол ойнаймыз; шынын айтсам, олардың бұл ойынға деген ынталары зор. Бірақ, әлі күнге дейін біреуі келіп: «Әке, мен кәсіби тұрғыда футболшы болғым келеді», – деген емес. Шынын айтқанда, мен бұған қуанамын. Бәрінен бұрын балаларымның мен өткен мехнатты жолдың азабын көрмеуін тілеймін. Мысалы, жарақатты алып қарайықшы. Егер сіз менің медициналық карточкамды көрсеңіз, шошып кетер едіңіз.

Жалпы, балаларымның біреуі талантты болып, осы спортты қаласа, әкесі ретінде міндетті түрде көмектесемін.

– Айтыңызшы, егер мүмкіндік болып жатса, сіз өзіңіздің өміріңізде нені өзгертер едіңіз?

– 2004 жылды қайта оралтып, Англияны ренжітпеу үшін барымды салар едім. Бұл оқиғаны еске алуды ұнатпаймын. Оның жарасы әлі жазылған жоқ. (2004 жылғы Еуропа чемпионатында Бекхэм Франция және Португалия құрамаларының қақпаларына пенальти соға алмай, жанкүйерлер Англияның ширек финалда жарыстан шығып қалғанын Дэвидтен көрген). Немесе мына бір оқиғаны алайықшы: 2007 жылы албандық лаңкестер Ториді Бруклин және Ромеомен бірге кепілге алып, менен $9 млн бопсалағысы келді. Виктория мен балаларымды босату үшін мен ақша тұрмақ, өмірімді де қиюшы едім. Отбасы – мен үшін ең басты байлық. Мен солар үшін өмір сүремін...

– Дэвид, қазір сіз әлемдегі ең гламурлық футболшысыз. Жұрт сіздің спорттағы іс-әрекетіңізден гөрі, зайырлы кештерге киіп келген киіміңізді, шаш қою үлгіңізді талқылауға құмар...

– Талқылай берсін. Онда менің шаруам жоқ. Әңгіме қылады екен – яғни, мен жұртты спортшы ретінде ғана емес, адам ретінде де қызықтырамын. Иә, қазір жұрт менің маникюр, педюкир жасататынымды, солярийға баратынымды, косметологтың қызметін пайланатанымды, шашым мен денемді күтетінімді бес саусағындай біледі. Бірақ, осы ісімнің бәрі менің абыройымды төгіп, дәрежемді бәлендей түсіреді деп ойламаймын.

– Жанкүйер қауым сізге әлі күнге дейін сенеді. Мұның сыры неде?

– Меніңше, мұнда тұрған ешқандай сыр жоқ. Бар болғаны, жұрт менің шаршамай-шалдықпай еңбек ететінімді көріп жүр. Олар менің спортты шын сүйетінімді, алаңға шығып, футболды жаңа бастаған жастарға қол ұшын беруді жаным жақсы көретінімді біледі. Мен қазіргі 36 жасымда әр ойын сайын 12 миль жүгірем, бұрын алаңда не істедім, соның бәрін қазір де жанымды салып іске асырып жүрмін.

https://m.facebook.com/groups/882120668975113?view=permalink&id=884053578781822

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров