Парламент Мәжілісінің депутаты Нартай Аралбайұлы бюджет қаржысын бөлудегі басымдықтарды қайта қарауды талап етті, деп хабарлайды Aladop.kz.
Депутаттың пікірінше, халықтың салығы миллиондаған жалақы алатын легионерлерге емес, ең алдымен әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға жұмсалуы тиіс.
Әлеуметтік теңсіздік: 180 мың теңге мен миллиондық гонорар
Депутат келтірген деректер қоғамдағы үлкен дисбалансты айқын көрсетеді. Бір тарапта — ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін, ауыр әрі жауапты еңбегі үшін небәрі 110–180 мың теңге алатын мамандар. Екінші тарапта — мемлекеттен миллиардтаған теңге бөлінетін, бірақ нәтижесі көңіл көншітпейтін футбол клубтары.
"Бір жыл ішінде бір орталықтан 110 маманның жалақының аздығынан жұмыстан кетуі — бұл ұлттық қасірет. Біз бюджетті қалай бөлуді білмей отырмыз. Бар ақшаны "допқа” бере салғанша, оны балалар мен қарттарға, әлеуметтік сала қызметкерлеріне бағыттауымыз керек." — дейді Нартай Аралбайұлы.
Бүгінгі таңда футбол клубтарын жекешелендіру үрдісі басталғанымен, көптеген клубтар "бюджет болмаса, жабылып қаламыз" деген уәж айтуда. Алайда, халықаралық тәжірибеде кәсіби спорт — бұл мемлекетке масыл болу емес, өз-өзін ақтайтын бизнес-құрылым.
Шетелдік ойыншылардың жалақысы мемлекеттік бюджет пен квазимемлекеттік сектор есебінен төленіп келді. Бұл отандық футбол мектебінің дамуына емес, қаржының сыртқа кетуіне ықпал етіп отыр.
Клуб басшылары демеушілер іздеп, табыс табудың орнына, жыл сайын дайын бюджетті күтуге дағдыланған.
Бюджет қаржысы негізінен ойыншылардың жалақысына кетіп, балалар мен жасөспірімдер футболына, стадиондар салуға жетпей қалады.
Шешім қандай болуы керек?
Депутаттың бастамасы бойынша, биыл басталған бұл үрдіс келесі жылы толық аяқталуы тиіс. Бұл дегеніміз:
1. Бюджетті оңтайландыру: Кәсіби клубтарға берілетін миллиардтарды әлеуметтік нысандарға, ерекше балалар орталықтарына және медицина саласына бағыттау.
2. Футболды жеке секторға өткізу: Клубтар жеке инвесторлар есебінен өмір сүріп, нарықтық заңдармен жұмыс істеуі қажет.
3. Бұқаралық спортқа басымдық беру: Профессионалдардың қалтасын толтырғанша, ауыл-аймақтарда спорт алаңдарын салып, балалардың жаппай спортпен шұғылдануына жағдай жасау.
Нартай Аралбайұлының сөзінше Мемлекет үшін басымдық — кәсіби спортшының гонорары емес, өз азаматтарының әлеуметтік жағдайы мен болашақ ұрпақтың денсаулығы болуы тиіс.
Біздің серіктес: FONBET