Жарнама
Жарнама

«Достастық кубогын» Қазақстанда өткізсек қайтеді?

25.01.2011, 17:50
Жарнама
Жарнама

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында футболдан «Достастық кубогының» кезекті турнирі аяқталды. Бұл турнирді қазақстандық клуб сәтсіз өткізсе, ұйым­дастырушылар үшін тіптен сәтсіз бол­ды. Жылдан-жылға мәртебесі төмендеп бара жатқан доданы қалай сақтап қаларын білмей, басы қатқан ұйым­дастырушылар әртүрлі амалдар қарас­ты­руда. Бірақ ешқайсысы нәтиже берер емес. Біз де өз ұсы­ны­сымызды ұсы­нып кө­рер­міз. Бәлкім, ұсы­ны­сымыз кәдеге жараса, фут­бол федерациямыз ойлана жа­тар.

ТМД-ның көптеген елдері үшін «Дос­тастық кубогы» жоспарда екінші, тіпті үшін­ші орынға түсіп қалғаны жасырын емес. Мәселен, Ресей мен Украина чем­пион­дары 2003 жылдан бері бұл турнирге қосалқы құрамдарын жібере бастады. Кейіннен бұлардан Молдова, Өзбекстан, Белоруссия чемпиондары да үлгі алды. Мәселен, соңғы өткен турнирге Ресей чем­пионы «Зенит» жастарын қатыстырса, Украи­на чемпионы «Шахтер» додадан бас тартып, оның орнын басқан Киевтің «Ди­на­мосы» әлі бұғанасы қатпаған жастарын қосты. Белоруссия чемпионы «БАТЭ» Еу­ро­па лигасын желеу етіп, «Достастық» кубо­гынан бас тартқандықтан, оның орнын күміс жүлдегер Солигорскінің «Шахтері» басты. Дәл осындай себеппен Молдова чем­пионы «Шериф» те турнирге қатыс­па­ған­дықтан, турнирге осы елдің күміс жүлдегері «Искра-Сталь» келді. Өзбекстан чемпионы «Бунедкор» негізгі футбол­шы­ла­рын ұлттық құрамамен бірге Азия чемпионатына жіберіп, Ресейдің солтүстік астанасына қосалқы құрамын апарды. Неге екені белгісіз, Армения чемпио­на­тының жеңімпазы да, күміс жүлдегері мен қола жүлдегері де турнирден бас тартып, төртінші орынды иемденген Аштарактың «Микасы» қатысты. Ал Ресей мен Грузия арасындағы саяси шикіліктің кесірінен гру­зин­дер «Достастық кубогына» қатысудан мүлдем бас тартты. Сөйтіп, осындай келең­сіздіктердің нәтижесінде «Достастық кубогында» тек жеті-ақ елдің таза чем­пион­дары ойнады. Яғни ТМД-ға кіретін 15 елдің жартысынан көбі «Достастық ку­бо­гын» есепке алмады деген сөз. Нәти­же­сінде, турнирдің жыл өткен сайын мәр­те­бесі төмендеп, көрермендері азайып ба­рады. Бұрындары турнирдің финалын тамашалауға 30 мыңға жуық жанкүйер жиналатын болса, бүгінде ұйым­дас­ты­ру­шылар бар болғаны 500 адамды санап алуға мәжбүр болып отыр. Сонымен, «Достастық кубогының» мәр­­те­бесін арттыру үшін не істеу керек? Ұйым­­дас­тырушылардың бұл сұрақтың жауа­бын іздеп келе жатқанына жеті жыл­дан асты. Әртүрлі  амалдар қарастырылды. Турнирдің жүлде қорын көбейту, жасанды алаңнан табиғи алаңға көшіру, турнирді басқа елде өткізу – мұның барлығын са­рап­­шылар тал­қы­дан өткізіп қойған. Бірақ, өкінішке қарай, іс  жүзінде ешқай­сы­сы қолға алын­ған жоқ. Дегенмен осы­лар­дың үшеуі де көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Ал егер «Достастық кубо­гы­ның» жүл­де қорын көбейтумен қатар, ең бол­маса, бір маусым Қазақстанда өткізу ту­ралы шешім қабылдаса, тіптен тама­ша болар еді. Біз үшін де, басқалар үшін де. Себебі 1993 жылдан бері осы доданы қабылдап келе жатқан Ресей фут­бол фе­де­рациясына аздап үзіліс керек секілді. Ал доданы өз жерінде өткізуге Қазақстанның жағдайы жетуі тиіс. Әлбетте «Достастық кубогы» Ресей футбол феде­ра­ция­сының аясын­да өтетін турнирлердің бірі болған­дық­тан, қаржылай тұрғыда, олар да көмек­тесуі тиіс. Ірі компанияларды көмекке тартсақ, өзімізден де қомақты сома шығуы керек. Оның үстіне, төбесі жабылмалы «Астана-Арена» ТМД-дағы тең­дессіз стадион­дар­дың бірі саналады. Жүлде қорын көбейте алсақ, командалар да негізгі құрамын әке­ліп, нәтижесінде көрер­мендер де ста­дион­ға ағылар еді. Дегенмен тағы бір мәселе бар. Егер турнир қыста емес, жазда өтсе, тіптен жақсы. Мұны да қазіргі ұйым­дас­ты­ру­шылар қарастырған. Мұндай жағдайда Алма­ты­ның екі ста­дионы бар. «Динамо» стадионы мен Ор­та­лық ста­дионның әлеуеті «Дос­тас­тық ку­бо­гын» қа­былдауға жетеді. ТМД-ның бас­қа чем­пио­наттарында да жазда ортақ демалыс уақыты табылады. Демек, жыл­дың қай мезгілінде болмасын, «Дос­тас­тық кубогын» қазақ топырағында өткі­зу­ге жағ­дай бар. Тек Қазақ­стан футбол фе­де­ра­ция­сы мұндай до­даның елімізге қажеттілігін тү­сініп, Ресей фут­бол феде­ра­ция­сымен келісе алса болғаны.

P.S. Биыл «Достастық кубогын» Әзірбайжанның «Интері» жеңіп алды. Жартылай финалда Ресейдің «Зенитін» 5:0 есебімен ойсырата ұтқан әзірбайжандықтар Белоруссияның «Шах­терімен» кездесті. Негізгі уақытта да, қосымша уақытта да есеп ашылмай, матч соңындағы пенальтиде «Интер» 6:5 есебімен жеңді.
Әзиз Жұмаділ
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров

Келесі жаңалық
Алға, Өзбекстан!