Ой желке, үңірейген болса сағақ – Ұлы ақынымыз Абайдың осы өлең шумақтарын оқи отыра, оның осы туындысы тұлпардың кейпіне арналғандығын білеміз. Футбол әлемінде де өзінің тұлпарлары, тарландары бар. Солардың бірі Чехия футболының саңлағы, жұлдызы, тұлпар, «дюрассел» деген лақап есімдерімен танылып жүрген Павел Недвед.
Иә Павел Недведтың сыртқы сипатын айтар болсақ оны Ұлы ақынымыз Абайдан ешкім жақсы айтып бере алмас. Жоғарыда жазылған өлең Павелдың нағыз өзін бейнелегендей. Бейнелегенді айтамыз ғой, Недведтың лақап есімі тұлпар емес пе? Әрине барлығы өз кезегімен демекші, бұл футбол тарланы туралы сіздерге толығырақ айтып берейік.
Павел Недвед 30 тамыз күні 1972 жылы Чехияның Хеб қаласында дүниеге келген. Оның балалық шағы Хеб қаласына жақын орналасқан Скальна ауылында өтті. Недвед футболмен әуестенуді 5 жасынан жергілікті «Татран» клубында бастаған болатын. Сол жасынан бастап оның футболға деген ынтасы жылдан-жылға өсе бастады. Он үш жасында жас тұлпарды Хебтық «Қызыл жұлдыз» клубы алады. Бірақ ол онда көп тұрақтамайды. Бір жыладан соң Павел Пльзендік «Шкода» клубына ауысып кетеді. Недвед 18-ге толғанда, Отан алдындағы борышын өтейтін кез келеді. Ол өзінің борышын прагалық әскери спорт клуб «Дуклада» өткізеді. Тұлпар «Дукла» сапында Чехословакияның бірінші лигасында өнер көрсетіп, жалпы 19 ойын ойнап, 3 доп соққан болатын. Бұл талантты жартылай қорғаушыға көптеген клубтар қызықты. 1992 жылы оны прагалық «Спарта» клубы алады. Бұл клубта Недвед бірден негізгі құрамға ілінбейді. Ол 1992/1993 жылғы маусымында «Спарта» сапында 18 ойын өткізіп, оның 13 ойынын қосалқы құрамнан шығып, бірде бір гол соқпаған болатын. Павелдың көрсеткіштері келесі жылдарда өсе түсті. 1993/1994 жылдары ол «Спарта» сапында 23 ойын өткізіп, 3 доп соқса, 1994/1995 жылғы маусымда «тұлпар» «Спартаның» негізгі ойыншыларының қатарында болады. Сол маусымда ол «Спарта» үшін 27 ойын өткізіп, 6 доп соғып, өзінің командасымен бірге үшінші чемпиондық атаққа қол жеткізеді.
Недвед келесі маусымда да 27 ойын өткізіп, 14 гол соғып, оған шетелдік клубтар қызығушылық танытып, көптеген ұсыныстар түседі. Әсіресе, голландиялық «ПСВ» клубының ұсынысы мен қаржылық жағдайы басым болды. Алайда римдік «Лацио» клубы «ПСВ»-ның алдын орап кетеді. «Тұлпар» «Лацио» клубына өтіп, жалпы трансфердың сомасы 4,5 миллион долларды құрады. Павел «А» Сериясының 1996/1997 жылғы маусымында «Лацио» сапында 11 рет қарсылас қақпасына доп соқты. Ол келесі маусымда Италия кубогын жеңіп алып, Недвед римдік клуб сапында алғашқы жүлдеге қол жеткізген болатын. «Лацио» сапында 5 жыл өнер көрсетекен чех жартылайқорғаушысы Еуропа футболына кеңінен танылып, біршама атақ беделге ие болады. Сонымен қатар, сол 5 жылдың ішінде ол римдік жанкүйерлердің жүрегін жаулап алады. Павел футбол ойнағанда 90 минут бойы еш босаңсымай, қарсылас қақпасына қалай боса да гол соғуды ойлайды. Оның амплуасы жартылай қорғаушы болғаныменен, ол алаңның барлық жерінде ойнай алатын әмбебап ойыншы. Сол үшін римдік жанкүйерлер оның қайтпас жігеріне, алаңда 90 минут бойы шауып жүруіне байланысты «Pavelina», яғни итальян тілінен аударғанда тұлпар деп атайды. Недведке көптеген алпауыт клубтар көз тігіп, оған көптеген ұсыныстар келді. Әсіресе, испандық «Атлетико» мен англияның «Манчестер Юнайтед» клубтарынан ұсынастар түседі. Бірақ, Павел бұл ұсыныстарды қабыл алмай, «Лацио» клубына сенімділігін білдіреді.
Недвед 1999 жылы «Лацио» сапында Кубоктар Кубогынының финалына шығып, сол финалдық ойынды «Мальорка» клубын 2:1 есебімен жеңеді. 1999/2000 жылғы маусымда «тұлпар» өз командаластарымен бірге чемпиондық атаққа қол жеткізеді. Жалпы ол римдік «Лацио» сапында 5 жыл ішінде 207 ойын ойнап, 51 доп соғады. Павел 2001 жылы туриндік «Ювентус» клубымен келісім шартқа қол қойып, «Лацио» клубымен қош айтысады. Оның «Ювентуске» өтуінің трансферлік сомасы 50 миллион долларды құрады. Недвед «Ювентустан» мадриттік «Реалға» кетіп қалған әлемге әйгілі футболшы Зинедин Зиданның орнына келген болатын.
Абзал СҮЛЕЙМЕН
Біздің серіктес: FONBET