«Арсенал» ойыншысы Джек Уилшир жанкүйерлерге жасаған оғаш қылығы үшін екі ойыннан шеттетілді. Ол енді «Челсиге» және «Вест хэмға» қарсы ойынға қатыса алмайды.
«Манчестер Сити» командасынан 6:3 есебімен ұтылып жатқандықтан Уилшир өз көңіл-күйін тежей алмай қалса керек. Қуанғандарынан айғай-шуға басып отырған манчестерлік жанкүйерлерге қарап «Арсеналдық» ойыншы ортанғы саусағын көрсеткен екен. Ойланбай жасалған осы бір әрекеті өз басына пәле тауып беріп отыр.
Бірақ бұл футболшылар тарапынан жанкүйерлерге жасалған бірінші әдепсіз әрекет емес. Алаңдағы ашуын алаң сыртындағы жанкүйерлерден алатын жүйкесі жұқа футболшыларды көптеп атауға болады.
Соның бірі «Ливерпульдің» жарық жұлдызы Суарес. Осыдан екі жылдың алдында «Фулхэм» командасының жанкүйерлеріне дәл Уилшердікіндей бейәдеп қылық көрсеткені үшін Уругвайлық шабуылшы бір ойыннан шеттетіліп, 20 мың фунт стерлинг айыппұл төлеген болатын.
Қуанышхан ӨМІРХАН