Жарнама
Жарнама

Екінші орынға «Жетісу» көтерілді

14.06.2011, 14:37
Жарнама
Жарнама

Еліміз біріншілігінің 15-ші турында «Астана» кезекті үш ұпайды иеленіп, бірінші орындағы жағдайын бекемдей түсті. Ал екінші сатыға «Ертісті» сырт алаңда қапы қалдырған Талдықорғанның «Жетісуы» көтерілді. Оған бұған дейін екінші келе жатқан «Ақтөбенің» сүрінуі де себеп болған еді. Батысқазақстандықтар Қарағандыда жергілікті «Шахтердан» ұтылды. Бұл - Владимир Муханов жаттықтыратын команданың биылғы маусымда «кеншілерден» екінші рет ұтылуы.

Бірінші айналымда, 24 сәуір күні «Ақтөбе» өз алаңында «Шахтердан» 0:1 есебімен ұтылып қалғаны есімізде. Ұқсас жағдай осы жолы да орын алды. Қазақстанның футбол федерациясы келтірген дерек бойынша, кездесуді алты мыңға жуық көрермен тамашалаған екен. Бірінші таймда екі команда да жақсы қорғанып, есеп ашылмады. Ал үзілістен кейін, 49-минутта Владимир Мухановтың ұжымы «кеншілер» ұйымдастырған жылдам шабуылға тойтарыс бере алмай қалды. Қонақтардың айып алаңында допқа өзгелерден бұрын жеткен Андрей Финонченко қақпашы Андрей Сидельниковты сан соқтырып кетті. Осы матчтан репортаж жүргізген әріптестеріміздің есебіне жүгінсек, қарағандылық сұр мерген өзінің мерейлі 100-ші голын енгізген екен. Финонченконың нәтижелі соққысы «Шахтердың» аса маңызды жеңіске жетуіне жол ашып, «кеншілер» ұпай саны жөнінен «Ақтөбемен» теңесті. Қазір екі команданың еншісінде 29 ұпайдан бар. Жанкүйер қауымның делебесін қоздырған тартысты ойынның бірі Павлодарда өтті. Мұнда жергілікті «Ертіс» Талдықорғаннан келген «Жетісуды» қабылдаған болатын. Бұл екі қарсыластың бірінші айналымда 1:1 есебімен тең ойнағанын естеріңізге сала кетейік. Биылғы біріншілікте жүлделі орыннан көрінуді мақсат еткен жетісулықтар үшін осы жолғы кездесу сәтті бастала қоймады. 12-минутта алаң иелері қонақтар қақпасынан саңлау тауып, Предрага Говедарица есеп ашты. Арада жеті минуттай өткенде керекуліктер нәтижені еселей түсті. Бұл жолы команда капитаны Константин Заречный мергендік танытты. Бірақ осыдан кейін-ақ алаңдағы жағдай түбегейлі өзгеріп, «Жетісудың» дәурені жүріп берді. Алдымен талдықорғандықтар сапындағы өзбек шебері Ұлықбек Бақаев екі рет - 26 - және 59-минуттарда Цирин қорғаған қақпа кілтін тапты. Дәл осы тең нәтиженің өзі «Жетісу» үшін олжа саналғаны анық, бапкер 84-минутта Дәурен Сүйіновтің орнына ұзын бойлы қорғаушы Виктор Ковалевті шығарып, қорғаныс шебін қымтай түсті. Алайда ойынға тыңнан қосылған Ковалев арада бар болғаны екі минут өткенде бұрыштама добынан кейін жеңіс голын соғып, өз командасына ауадай қажет үш ұпайды сыйлады. Турнир кестесінде талдықорғандық ұжым бір саты жоғарылап, «Ақтөбемен» орын алмасты. Бұл команданың еншісінде 31 ұпай бар.

Көш тізгінін уыстан шығармай келе жатқан «Астана» 15-турда кезекті үш ұпайды олжалады. Қызылордаға ат басын тіреген клуб «Қайсармен» шеберлік байқасқан болатын. Кездесудегі алғашқы голды алаң иелері соқты. Голдың авторы - Дмитрий Богдан. Дегенмен көп ұзамай-ақ азулы қарсылас өз дегеніне жетті. 11-минутта Шымкент футбол мектебінің түлегі Таңат Нөсербаев таразы басын теңестірді. Бірінші таймның аяқталуына бес минуттай уақыт қалғанда Нұрбол Жұмасқалиев «Астананы» алға шығарды. Үзілістен кейін де қос команда алма-кезек шабуылдаумен болды. 52-минутта Зәуірбек Плиев елордалықтардың басымдығын нықтай түссе, 66-минутта Александр Максим есеп айырмасын қысқартты. Арада тағы бес минуттай өткенде қонақтар төртінші голдарын соғып, Драган Богавацтың қанжығасы майланды. Ойын 4:2 есебімен қорытындыланды.

Бәсеке соңынан сөз алған елордалықтардың бас бапкері Хольгер Фах кездесудің аса тартысты өткенін, өз командасының алғашқы минуттарда сылбыр қимылдап, кейінірек жағдайды түзей алғанын атап өтті. Ол Жұмасқалиев енгізген голдың әлемдік деңгейде үздіктер қатарынан көріне алары шүбәсіз екеніне тоқталды.

Биылғы маусымнан бастап «Қайсарды» баптап жүрген Альгимантас Любинскас: «Қарсыласымыздың шеберлік деңгейінің әлдеқайда жоғары екені күмәнсіз. Астаналықтар біріншілік қорытындысы бойынша бірінші орынға әбден лайық. Ал, біздің ұжымның мақсаты - құрамды күшейтіп, премьер-лигадағы орнымызды сақтап қалу.

Алматының «Қайраты» тағы ұтылды. 13- турда «Ақтөбені» ірі есеппен жеңіп, жанкүйерлер көңіліне сенім ұялатқан алматылықтар одан кейін «Тараздан» ұтылған еді. Міне, бұл жолы «Ордабасыдан» да ұпай алып қалу мүмкін болмады. Дәл кездесу қарсаңында «Қайраттың» бас бапкері Владимир Никитенконың отбасылық жағдайына байланысты арыз жазып, өз еркімен қызметінен кеткені мәлім етілді. Оның міндетін уақытша атқару Эдуард Глазуновқа жүктелді. Бет қатталып жатқанда «Қайраттың» жаңа бас бапкері болып ағылшын маманы Джон Чарльз Гергори тағайындалғаны белгілі болды. Бұл маманмен 2013 жылға дейін келісімшартқа қол қойылды.

Шымкенттіктер матчты аса қарқынды бастады. «Қайрат» сапында негізгі қақпашы Роман Нестеренко жоқ еді. Жарақат алып қалған әріптесін Андрей Цветков алмастырды. Кездесудің 2-минутында Цветков қорғаған қақпаға қарай он бір метрлік айып добы белгіленді. Алайда, қақпашы Қайрат Әшірбековтің соққысын қайтара алды. Ойынның екінші жартысында шабуылды күшейте түскен қонақтар 67-минутта Дәуренбек Тәжімбетовтің көмегімен есеп ашты. Арада бес минут өткенде «Қайраттың» қорғаушылары тағы қателесіп, Иван Перич гол соғу мүмкіндігіне ие болды. 87-минутта серб футболшысы өзінің осы матчтағы екінші голын енгізіп, кездесу 3:0 есебімен қорытындыланды.

15 ойында 24 ұпай еншілеген «Ордабасы» турнир кестесінің 5-сатысында тұрса, күннен күнге құлдырап бара жатқан «Қайрат» 14 ұпаймен 10-орында келеді.

Осы турда Өскеменнің «Востогы» «Таразды» қабылдап, 1:1 есебімен тең ойнады. Ал «Атырау» өз алаңында «Тобылдан» 0:2 есебімен ұтылып қалды.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров