Жарнама
Жарнама

Эксклюзив-сұхбат

01.04.2011, 17:40
Жарнама
Жарнама

Мирослав БЕРАНЕК: Германияның деңгейі әлдеқайда жоғары Германия және Қазақстан ұлттық құрамалары арасындағы Кайзерслаутерндегі ойыннан соң біздің футболшыларды жаттықтыратын чех маманы Мирослав Беранекті сөзге тартқан едік. – Мирослав-аға, қарсыласымыз – азулы команда, жігіттеріміздің кейбіреулері матч басында қобалжып қателесті. Бәрін де түсінеміз. Десек те, бүгінгіден де өрнекті ойын үлгісін көрсек деп едік.

– Германия құрамасы – дүниежүзіндегі ең мықты командалардың бірі. Бүкіләлемдік рейтингіде үшінші орында тұр. Олардан үйде 0:3 есебімен ұтылған жоқпыз ба? Ал сіз сырт алаңда терезесі тең ойнауымыз керек демексіз бе, сонда? – Жоқ. «Неміс мәшинесінің» қарқынын да, деңгейін де білеміз. Олар құрамында әлемнің ең үздік футболшысы (яғни Месси) ойнайтын Аргентина құрамасының өзін былтыр жазда 4:0 есебімен жүндей түткен. Сондықтан тек өз ойыншыларымызға ғана баға беріп, бүгінгі ойында кімдердің сеніміңізді ақтай алмағандығына тоқталып өтсеңіз. – Мен ойыннан кейін ешкімді де даттап, ешкімді де мақтамаймын. Ондайым жоқ. Баспасөз құралдары үшін алаңдағы ойыншылардың ешқайсысын бөле-жара атап өтіп, қайсыбіреулерін қараламаймын. Рас, бүгінгі ойыннан сабақ алып, өзім үшін қорытынды шығардым. Бұл ойынды біз әлі бірнеше қайталап көріп, мейлінше саралайтын боламыз. Содан соң ғана ойымызды жинақтап, бәрін қорытындылап шешеміз: қайсысын баспасөз арқылы айтуға болады, қайсысын айтуға болмайды. Жалпы, бұл ойын көп нәрсені көрсетті. Мәселен, осындай азулы қарсыластармен ойнауға болатындығын да, әлі көп тер төгуіміз қажет екендігін де. Бізге табан тіресе шайқасу керек. Қарқынымызды үдету керек. Қорғанысымыз да көп жұмыс жасауды қажет етеді. Бүгін кімнің жанталаса ойнағанын да, кімге бұл ойындағы тапсырманың тым ауыр тигендігін де көрдім. Оның бәрін жадыма түйдім. Өзіңіз көрдіңіз, екінші таймда жаман ойнаған жоқпыз. Өкінішке қарай, матч соңында төртінші голды жіберіп алдық. 0:3 есебінің жарасы сәл де болса, жеңілірек еді... – Қақпашы Лория төрт гол жіберсе де, жаман өнер көрсеткен жоқ сияқты... – Сидельников денсаулығы сыр беріп, бабында болмады. Лория да – жақсы қақпашы. – Қырсық шалып, Смақов және Карпович сияқты тәжірибелі ойыншыларымыз да жарақаттанып қалды ғой. Мүмкін, солар жетіспеген болар? – Қайтеміз енді, солай болды. Мен ойыннан кейін «олар болғанда, әлдеқандай болар ма еді» деген сарындағы әңгімеге құштар емеспін. Бәрін де алаңда көру керек. – Сіз Алматыдағы баспасөз жиынында «Германия футболды — бесінші жылдамдықпен, ал Қазақстан екінші жылдамдықпен ойнайды» деп едіңіз. Сонда біздің құрығанда үшінші немесе төртінші жылдамдықпен ойнай алмауымызға кім кінәлі: оған ойыншыларымыздың күш-қуаты жетпей ме, әлде оларды жоғары жылдамдықта зулата алмай жүрген бапкерлеріміз бе? – Өйткені Қазақстан чемпионатындағы командалар жоғарғы қарқында ойнамайды. Қазақстан футболы, негізінен, өз сорпасының ішінде ғана қайнауда. Ал Германия клубтары деңгейі аса жоғары Чемпиондар лигасында ойнайды. Финалына дейін жетеді. Қазіргі Германия құрамасының сапындағы екі ойыншы «Реал» (Мадрид) клубының сапында ойқастап жүр. Бірнеше ойыншысы «Баварияның» негізгі құрамында өнер көрсетеді. Ал бұл командалар өте жоғары қарқында ойнайды. Қашан Қазақстан командалары Чемпиондар лигасында ойнайтын болады, сонда біздің де қарқынымыз олармен теңесе бастайды. Қазақстан клубтарына Еурокубок додаларынан тәжірибе жинақтауға тырысу қажет. – Жалпы, біздің ойыншыларымыздың әлеуеті қандай? Олардың қарқындары мен деңгейлерін өсіруге бола ма? – Ол үшін көп тер төгу керек. Көп жұмыс жасау керек. Кө-өп. Генрих ШМИДТГАЛЬ: Әттең, немістер тез гол соғып кетті... Немістермен болған ойыннан кейін микс-аймақта өз футболшыларымызды сарыла тоссақ та, ешқайсысы шықпады. Төзіміміз таусылып, елдің бәрі тарқай бастаған сәтте, үстіне спорттық киім емес, күнделікті киім киіп алған Генрих Шмидтгальдің шыға келмесі бар ма. Күтпеген адамым шыға келгенде, таңданып та, қуанып та қалдым. Салған жерден: «Орысша сөйлейсіз бе?» — дедім. Күлімсіреп: «Аздап», — деп орысша жауап берді. – Сіз бүгінгі матчты көрген боларсыз. Енді осы ойын туралы өз ойыңызды айтып берсеңіз. – Өкінішке қарай, ойын басталған бетте (үшінші минутта) немістер гол соғып кетті. Тез соғылған гол біздің ойыншыларға оңай тиген жоқ. Менің ойымша, біз екінші таймда жақсы ойнадық. Немістер бізге бірнеше мүмкіндік беріп те алды. – Өзіңіз ойнамаған соң, стадионда тақымыңызды қысып отыру қиын шығар? – Әрине. Дегбірім қашып... – Жарақатыңыздан айықтыңыз ба? Ойнап жүрсіз бе, қазір? – Жоқ. Маған әлі екі-үш апта керек. Содан соң ойнайтын боламын. Ал қазір өз клубымдағы ойыншылармен бірге жаттығуды бастадым. – Сіздің аяқ-қолыңыз балғадай. Яғни жуан. Әлбетте сіздей футболшылар көп жара­қаттанбаса керек еді. – (күліп) Енді бұл футбол ғой. Жарақатсыз бола ма? Негізі, бір туыс ағам балуан болған екен. Соған тартқан шығармын. – Ұлттық құрамамыздың жаңа бас бапкері Беранекпен кездестіңіз бе, таныстыңыз ба? Не деді? – Иә, кездестім. Бас бапкер маған «егер сенде бәрі ойдағыдай болса, әрі қарай құрама сапында ойнайтын боласың» деді. Көреміз енді, қалай боларын. – Құрама сапындағы жігіттердің қайсысымен тіл табысып кеттіңіз? – Ұлан Қонысбаевпен. Екеуміз оқу-жаттығу жиынында бір бөлмеде тұрғанбыз. Содан бастап, Ұланмен ашық сөйлесетін болып кеттім. – Орыс тілін қалай, кімнен үйреніп жүрсіз? – Үйреніп жүрмін. Мен туған жерімнен кеткенімде небәрі 2 жаста болдым ғой. Сондықтан орыс тілін ұмытып қалыппын. Қазір үйреніп жүрмін. Анам да көмектесуде. – Ал ата-анаңыз сіз Қазақстанның намысын қорғап жүргеніңізді қалай қабыл алды? Қуанышты ма? – Әрине, қуанышты. – Сергей Каримовпен байланысып тұрасыз ба? Оның қал-жағдайы қалай? – Телефон шалып, сөйлескенмін. Ол да жарақатынан енді айығып келеді. Бас бапкер айтқандай, бәрі ойдағыдай болса, ол да құрама сапында ойнайтын шығар. Бас бапкер шешеді ғой. – Германияда біздің елдің намысын қорғағысы келетін тағы да футболшылар бар ма? Сізге ешкім ондай ойын сездірген жоқ па? – Жоқ, білмеймін. Бірақ бір-екі ойыншы бар екендігінен хабардармын. Оның біреуі – Юрий Юдт, Нюренбергтен. Бұл енді бас бапкердің құзыретіндегі іс қой. – Ал егер «Миландағы» Александр Меркель «Қазақстан құрамасында ойнағым келеді» десе ше? – О-о, Меркель – жақсы футболшы. Білемін. Ең бастысы, ол жас. Біраз әңгімелесіп, Шмидтгаль екеуміз қоштастық. Генрих «Үйге машинамен қайтуым керек. Жол алыс» деп қолын берді де, «Орысшам қалай екен, мені түсіне алдыңыз ба, мен сізге өз ойымды жеткізе алдым ба?» — деп тәптіштеп сұрай бастады. Мен оған: «Орысшаңыз жаман емес, біршама үйреніп қалыпсыз, енді қазақ тілін де үйреніңіз», — дедім. Басын изеп, екеуміз осылай жылы шыраймен қоштастық. Автор: Нұрғазы САСАЕВ

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров