Жарнама
Жарнама

Ел класико мен аутсайдерлер тартысы

20.09.2024, 17:01

ҚПЛ-дің аяқталуына да аз уақыт қалды.

"Жетісу" - "Ақтөбе" кездесуі
Жарнама
Жарнама

Премьер-лигадағы командалардың алдында түрлі мақсаттар тұр. Бірі чемпиондық пен жүлдені көксесе, енді бірі жоғары дивизиондағы орнымды сақтап қалсам деп жанталасуда. Қазақ футболсүйер қауымын алдағы сенбі-жексенбіде бірнеше қызықты бәсеке күтіп тұр. Шымкент пен Қостанайда биылғы біріншіліктің алтынына үміткер команда айқындалса, Атырау мен Қарағандыда өтетін мачтарда премьер-лигадан ұшады-ау дейтін ұжымдар анықталмақ. Сонымен, 21-турдағы тартысты ойындарды бір шолып өтейік.

 «Атырау» - «Жеңіс»

Бұл турдың шымылдығын ашатын «Атырау» мен «Жеңіс» кездесуі. Мұнайлы шаһардағы матч ең бірінші кезекте қонақтар үшін маңызды деп есептейміз. Премьер-лигадағы «тіркеуін» сақтап қалудың қарекетінде жүрген елордалық ұжым үшін ендігіде әрбір ұпай ауадай қажет. «Жеңіс» соңғы бес турда ұпайдан шашау шығарды, бірақ қарсыластары да осал болмаған. Биылғы бәсекенің бас жүлдесінен дәмелі «Елімай», «Ақтөбе» мен былтырғы чемпион «Ордабасы». Бұл командалармен болған бәсекедегі сәтсіздікерге астаналық жанкүйерлерлер үлкен «өкпе» сақтай қоймас, ал «Атырау» секілді қарсыластармен ойынның осалдығы бөлек әңгіме. Оның үстіне өткен турда Акис Вавалис шәкірттері «Қайсардан» басым түскен соң, елордалық жанкүйерлердің тағы да тиімді нәтиже күтетіні заңдылық. Ал «мұнайшылар» үшін бұл кездесудің соншалықты бір турнирлік маңызы жоқ деп топшылаймыз. Себебі, «Атыраудың» жүлдегерлерлер қатарынан көрінуі екіталай, сондай-ақ, клубтың алдында премьер-лигадан ұшып кету қаупі де жоқ. Алаң иелері ертең қонақтарға «қонақжайлылық» танытып жатса таңқалудың қажеті жоқ.

«Қайрат» - «Қайсар»

Орта жолда бапкерін ауыстырып, басы даудан арылмаса да алматылық ұжым биыл чемпиондықтан кәдімгідей дәмелі. «Қайраттың» амбициясын соңғы бес турдағы сенімді жеңістері де дәлелдейді (Шахтер-Қайрат 0:3, Қайрат-Елімай 4:1, Қызыл-Жар-Қайрат 0:1). Бірақ өткенде өз алаңында «Астанадан» жеңіліс табуы (0:1) барлығын жуып-шайып жібергендей әсер қалдырды. Принципиалды қарсыласынан ұтылған соң «Қайратты» чемпиондыққа лайық көрмей, алтынға таластан шығарып тастағандар да табылды. Енді мұның қателік екенін Рафаэль Уразбахтин тізгіндеген алматылық ұжым дәлелдеуі тиіс. «Қайрат» үшін әлі де кеш емес. Төртінші сатыда келе жатқан команда мен көш басындағы «Ақтөбе», «Елімайдың» арасын бөліп тұрған екі-ақ ұпай. Оның үстіне «Қайраттың» басты бәсекелестеріне қарағанда тағы екі кезедесуі бар. Демек, тартыс әлі алда деген сөз. Ал қаржылық дағдарысқа тіреліп, берекесі қашқан қызылордалық ұжымның турнирлік кестедегі жағдайы  жаман емес дер едік. Тәжірибелі Виктор Кумыковтың білім-білігі ұжымды биылғы премьер-лигада сақтап қалуға жететіні күмәнсіз. Алайда соңғы екі ойында ұпай тұрмақ гол салуға жарамаған «қасқырлар» жанкүйерін қуантамын десе, Алматыда азуын бір көрсетуге тиіс.  

«Шахтер» - «Елімай»

Мұнда біз отандық футболда ізі бар қос бапкердің теке-тіресін көреміз. Теке-тірес деуге келмейтін де шығар, себебі, Андрей Карпович пен Андрей Финонченконың алдында екі түрлі мақсат-міндет тұр. Семейлік клубтың бас бапкерінен алтын күтілсе, «кеншілерді» тізгіндейтін Финонченконың көңіл-күйі мүлде басқа деуге болады. Қазақстанның тарихы ең бай ұжымының қазіргі халі жанға батады. Соңғы жылдары ойыны ала-құла болған қарағандылық команданың әсіресе биылғы жағдайы мүлде нашар. Ерекше бір құдіреттің көмегі болмаса, Андрей Финонченко (егер бас бапкер ретінде қалса) мен командасының келесі маусымда бірінші лиганың алаңдарын шаңдататын түрі бар. Статистика да соны меңзейді: «кеншілер» соңғы бес матчта бір-ақ ұпай ала алған. Андрей Финонченко беделді маман ретінде команданы ұйыстырып, тым болмағанда жанкүйерлер үшін намысқа тырысуы керек.

Ал семейлік ұжым ҚПЛ-2024 алтынына жүрдек пойыз секілді бар пәрменімен жүйткіп-ақ келеді. «Қайраттан» оңбай ұтылғаннан кейін «Елімай» қатарынан төрт рет сенімді жеңіске жетті! Карпович командасының бас жүлдеден үмітті дегендердің сенімі тікелей бәсекелестері «Ақтөбе» мен «Тобылды» тобықтан қаққаннен кейін тіпті күшейе түскен. Сөзсіз, «Елімаймен» топ жару Андрей Карповичтің бапкерлік мансабындағы үлкен плюс болады. Осындай жеке амбициясы бар қазақстандық маман мәреге аз қалғанда командасын қамшылай түсері даусыз.

«Тұран» - «Қызыл-Жар»

21-турдағы ең тартысты ойынның бірі Түркістанда болады. Турнирлік кестеде көршілес орналасқан қос қарсылас үшін де маңызды кездесу. Бұл бәсекеде таразыда 6 ұпай тұрады. Себебі, қай жеңгені қауіпті аймақтан алыстап, премьер-лигадағы орнын сақтау мүмкіндігін жақсарта түспек. Әли Әлиевтің командасына қазақстандық бапкердің өзі айтқандай, шынымен-ақ көз тиген бе дейміз. Бірнеше ойынды ұтып, артынан қайтадан сәтсіз серия көрсететін командаға тіл-көз тиді дегеннен басқа не айтуға болады? «Қызыл-Жардан» клуб басшылығының маусым басында мүлде басқа нәтиже күткені анық. Алайда, қазір петропавлдық ұжым үшін жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалудан маңызды міндет жоқ. Соңғы екі кездесуде жеңліс тауып, жағдайын нашарлата түскен Әлиев командасы жексенбіде жеңіске жету үшін барын салады. Ал жаңа алаңында өнер көрсететін «Тұран» ұпайдан бөлек, жергілікті жанкүйер намысы үшін де тырысуы тиіс. Қысқасы, ең тартысты, кескілескен кездесуіді осы екі команданың арасында күтеміз.

«Ордабасы» - «Астана»

Жанкүйерлер қызықтың көкесін турдың соңына қарай көреді. Себебі, орталық ойын деп бағаланған қос кездесудің бірі Шымкентте өтпек. «Ордабасы» жексенбіде жеңіске жетсем дейді. Бірақ қарсыласы да оңай болмайын деп тұр. Конференциялар Лигасынан кейін екінші тынысы ашылғандай болған «Астана» айылын жияр емес. Григорий Бабаян шәкірттерінің тілін чемпионат соңына қарай тапты ма, әйтеуір соңғы кезде елордалықтарға кәдімгідей жан біткен. Жазғы трансфер серпілткен солтүстік футболшылар қазір чемпиондыққа үміткерлердің қатарында және бұл негізсіз де емес. «Астанаға» алтынға таласта басымдық беретін басты фактор: негізгі қарсыластарымен салыстырғанжа қосымша ойындары тұр. Сол «Ақтөбе» мен «Елімайдан» кем 3 ойыны бар. Командалар шаршап, ұпайдан шашау шығаратын соңғы ширекте бұл Бабаян шәкірттері үшін таптырмас мүмкіндік болатыны сөзсіз. Елордалықтардың соңғы турлардағы тамаша ойыны мен нәтижесі де ондағы амбицияны аңғартады. Еуротурнир мен ішкі біріншілікті қатар алып жүреді демесеңіз, «Астана» мына түрімен кем дегенде жүлдегерлер қатарынан көрінуге міндетті. Ал өткелде бас бапкерін ауыстырып, назарын тек ҚПЛ-ге бұрған «Ордабасы» үшін де оңай емес. Шымкент чемпиондықты қорғап қалуы керек. Бұл міндетті орындайтын әлеуеті де мүмкіндігі де мол. «Астана» секілді екі ойыны бар. Мүмкін деген 6 ұпайынан шашау шығармаса шымкенттіктердің де жоғары орындардан көрінетін қауқары жетеді. Қалай дегенде де, клуб басшылығы Кирилл Кекерді бекер шақырып отырған жоқ.  

«Тобыл» - «Ақтөбе»

21-турдағы ең тартысты әрі қызықты кездесу әрине «Тобыл» мен «Ақтөбенің» арасында өрбиді деп есептейміз. Жаңа бапкермен бірге тұрақсыздық келіп, орнығып алғандай. Игорь Леонов өткен турдағы «Жетісумен» болған жеңістен кейін жанкүйерлер мен клуб басшылығын тағы бір қуантсам дейді. «Тобылдай» азулы қарсыластың алаңынан ұпау алып қайтудан арты қандай жетістік болуы мүмкін? Ал жексенбіде жеңіске жетіп жатса, бұл сөзсіз украиналық маманның Ақтөбедегі позициясын нығайта түседі. Құрамы жағынан команда биылғы ҚПЛ-дегі ең мықтының бірі саналады. Енді соны іс-жүзінде дәлелдейтін уақыт келді.

Қостанайлықтардан да үнемі жоғары нәтиже күтіледі. Биыл да солай, алайда, чемпионат аяғына таман Нұрбол Жұмасқалиевтің ұжымы алтыннан алыстап барады. «Тобылдың» да бәсекелестерінің алдында кішігірім артықшылығы бар: команданың көшбасындағы клубтардан 3 ойыны кем. Бірақ, бірінші орындағы «Ақтөбен» бақандай 10 ұпайға қалып келе жатқанын да айту керек. Статистиканы, басқасын былай қойғанда, қостанайлық команданың еурокубоктік аймаққа ілінетін әлеуеті де соған сай мүмкіндігі де бар. «Тобыл» мен «Ақтөбе» арасындағы кездесулердің әрдайым тартысты өтетінін ескерсек, жексенбі күні күшті кездесуді күтеміз. Қалың көрермен бұл бәсекелерді «Ел-класико» деп тегін айтқан жоқ қой.    

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров