Ғалым СҮЛЕЙМЕН
Егер Қазақстан спортының тарихы тоқсаныншы жылдардан бастау алады десек, жалған айтқан болар едік. Өйткені біздің спорттық тарихымыз тереңде жатыр. ХХ ғасырдың басында Қажымұқан бабамыз французша күрестен (қазіргі грек-рим күресі) әлем чемпионы атанды. Одан кейінгі жылдары да Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында олжа салған өрендеріміз көптеп шықты. Яғни осы саланы серік еткен жерлестеріміз әлемдік деңгейде әлдеқашан мойындалды. Бірақ мына бір жайтты да қаперден шығаруға болмайды. КСРО дәуірінде біз үнемі Мәскеу жаққа жалтақтай қарағанымыз жасырын емес. Өйткені негізінен байрақты бәсекелерге кімдердің қатысатыны орталық арқылы шешілетін. Ал қазақ жастарына олардың бүйрегі бұрмағаны баршаға мәлім.
Қазақстанның Тәуелсіздікке қол жеткізуі - отандық спортшыларға халықаралық аренаға даңғыл жол ашты. Мемлекетіміз халықаралық Олимпиада комитетіне және басқа да ең белді ұйымдарға толыққанды мүше болды. Егемен ел ретінде дербес команда жасақтап, түрлі байрақты бәсекелерге қатыса бастадық. Соның арқасында Қазақстан спорт әлемінде өз орнын ойып тұрып алды. Біздің өрендердің мықтылығын төрткүл дүние мойындады. Қазақ елінің Әнұраны әлемнің әр қиырында, ең бір әсем қалаларында шырқап, Туымыз көкте желбіреді. Енді соңғы 20 жыл аралығындағы елеулі оқиғаларға тоқталып, спортшыларымыздың қол жеткізген ең ірі табыстарын тілге тиек етуді жөн көріп отырмыз. Бұл ретте әңгімеміздің «әлқиссасын» Олимпиада ойындарынан бастағанымыз абзал.
Өздеріңізге белгілі, 1992 жылы қысқы және жазғы Олимпиада ойындары қатар өтті. Альбервильдегі жарыс 8-23 ақпан аралығында ұйымдастырылса, 25 шілдеде Барселонадағы бәсекенің тұсауы кесілді. Бұрынғы КСРО құрамындағы мемлекеттердің дені ортақ бір команда жасақтап, айтулы додаларда ТМД құрама командасының туы астында өнер көрсетті. Сондықтан да Альбервиль мен Барселонаны айналып өтіп, қазақтың көк байрағы желбіреген жарыстардың жай-күйін баяндайық.
Дербес команда ретінде Олимпиадаға Қазақстан алғаш рет 1994 жылы қатысты. Лиллехаммерде қысқы ойындарда Владимир Смирнов Тәуелсіз мемлекетіміздің Әнұранын алғаш рет шырқатты. 50 шақырымдық қашықтықта бақ сынаған даңқты шаңғышымыз Скандинавия түбегінің қос қыраны - финляндиялық Мика Мюллюля мен норвегиялық Стуре Свинтсонды артқа тастап, бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар ол 10 шақырымдық және Гундерсен тәсілі бойынша сайыстарда күміс медальді мойнына ілді. Владимир Смирновтың осы жеңістерінің арқасында Қазақстан құрамасы жалпы есепте 12-орынды олжалады.
1998 жылы Нагано Олимпиадасында отандастарымыздың қоржынына қос қола медаль түсті. Оның иегерлері - шаңғышы Владимир Смирнов пен конькиші Людмила Прокашева. Бұл көрсеткіш бізге Беларусь құрамасымен бірге 20-21-орындарды бөлісуге жеткілікті болды. Өкінішке қарай, 2002 жылы Солт-Лейк-Сити мен 2006 жылы Туриндегі қысқы Олимпиада ойындарында жүлделі орындарға іліге алмадық. Есесіне, 2010 жылы Ванкувердегі додада биатлоншы Елена Хрусталева командамыздың қоржынына күміс медаль салды. Сөйтіп, Үйеңкі жапырақтар еліндегі Олимпиаданы 25-орынмен қорытындыладық.
Егер қысқы ойындардан бірде олжалы, бірде олжасыз оралсақ, жазғы Олимпиададан құралақан қайтқан кезіміз жоқ. 1996 жылы Атлантада грек-рим күресі шебері Юрий Мельниченко, бессайысшы Александр Парыгин және боксшы Василий Жиров жеңіс тұғырының ең биік сатыларына көтерілді. Нысана көздеуші Сергей Беляев (екі рет), ауыр атлет Анатолий Храпатый және боксшы Болат Жұмаділов күміс медальді мойнында жарқыратты. Мерген Владимир Вохмянин, еркін күрестің өкілі Мәулен Мамыров, боксшы Болат Ниязымбетов пен Ермахан Ыбырайымов қолаға қол созды.
3 алтын, 4 күміс және 4 қоланы қанжығаға байлаған Қазақстан құрамасы 24-орынды иеленді.
2000 жылы Сиднейде 3 алтын және 4 күміс медальмен 22-сатыға жайғастық. Қазақтың қос мақтанышы - боксшылар Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ыбырайымов және жеңіл атлет Ольга Шишигина бас жүлдені олжаласа, өзге медальдар боксшы Болат Жұмаділов пен Мұхтархан Ділдәбеков, велошабандоз Александр Винокуров және еркін күрес шебері Ислам Байрамуковқа бұйырды. Арада төрт жыл өткенде төрткүл дүние теңдессіздері ежелгі Эллада елінда бас қосты. 2004 жылғы Афины Олимпиадасында жерлестеріміз 1 алтын, 4 күміс және 3 қола медальді еншілеп, 40-орынға орналасты. Былғары қолғап шебері Бақтияр Артаев халқына жалғыз алтынды сыйға тартса, грек-рим күресі шебері Георгий Цурцумия, еркін күрес өкілі Геннадий Лалиев, боксшы Геннадий Головкин және ауыр атлет Сергей Филимонов күміс жүлдегер атанды. Ал боксшы Серік Елеуов, онсайысшы Дмитрий Карпов және грек-рим күресі шебері Мкхитар Манукян қола медальді мойнына ілді.
2008 жылы Бейжің Олимпиадасында қазақстандықтар арасынан зілтемірші Илья Ильин мен боксшы Бақыт Сәрсекбаевтың жұлдызы жанды. Ауыр атлет Алла Важенина мен Ирина Некрасова, еркін күрес шебері Теймұраз Тигиев және дзюдошы Асхат Житкеев күміс алса, балуандар - Елена Шалыгина, Нұрбақыт Теңізбаев, Әсет Мәмбетов, Марид Муталимов, ауыр атлет Мария Грабовецкая, боксшы Еркебұлан Шынәлиев және таэквондошы Арман Шылманов үшінші тұғырға табан тіреді. Нәтижесінде, командалық есепте 2 алтын, 4 күміс және 7 қола медальмен 29-орынды иемдендік. Міне, Олимпиада ойындарындағы көрсеткішіміз осындай.
Жарыс атаулысы арасынан мәні мен маңызы жағынан әлем чемпионаттары тек Олимпиада ойындарынан жол береді. Көптеген спорт түрлері бойынша жыл сайын үздіксіз өтіп айтулы бәсекелерді айналып өтуге тағы болмайды. Бұл ретте біздің де мақтанатын тұстарымыз аз емес. 1991 жылдан бері Қазақстан құрамасы Олимпиада бағдарламасына енетін спорт түрлері бойынша жүзден астам түрлі-түсті медальдарға қол жеткізген екен. Солардың арасынан Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы атанған ауыр атлет Илья Ильин, екі дүркін әлем чемпиондары - грек-рим күресі шеберлері Юрий Мельниченко мен Мкхитар Манукян, боксшы Серік Сәпиев, зілтеміршілер Майя Манеза, Светлана Подобедова және Зүлфия Чиншанлоны ерекше атап өтуге тиіспіз. Бұлардың әрқайсысы жеке-жеке тұлға. Олардың әрқайсысы жайында түрлі кітаптар жазылса, еш артықтық етпейді. Мәселен, Ильин мен Чиншанлоның есімдері дүниежүзілік доданың ең жас жеңімпаздары ретінде Гиннес рекордтар кітабына енді. Сәпиев өзі қатысқан төрт әлем чемпионатының бірде-біреуінен олжасыз оралған емес. Мельниченко төрткүл дүниенің теңдессіздері бас қосқан жарыста қос алтынмен қатар, қос күміске қол жеткізді. Сонымен қатар әр жылдары чемпиондық тұғырға көтерілген Ольга Шишигина, Болат Жұмаділов, Бақтияр Байсейітов, Дмитрий Гааг, Ольга Довгун, Геннадий Головкин, Галиб Жафаров, Ердос Жаңабергенов, Ольга Довгун, Владимир Седов, Максим Раков және басқа да көптеген әлем чемпиондары мен жүлдегерлері мемлекетіміздің мәртебесін асырып, биіктету жолында аз еңбек сіңірген жоқ.
Олимпиадалық спорт түрлеріне келетін болсақ, самбодан төрт дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыров пен Асхат Шахаров, кикбокстан талай мәрте топ жарған Асқар Можанов, әлемнің барлық 14 биік шыңын бағындырған Мақсұт Жұмаев пен Денис Урубконың ерліктерін жанкүйер қауым әлі күнге дейін ауыздарынан сулары құрып әңгімелеуде. Есімдері жоғарыда аталған азаматтардан бөлек, ел намысы сынға түскен тұста «өліспей-беріспеуге» бекініп, жанкештіліктің шынайы үлгісін көрсеткен басқа да көптеген жерлестеріміз бар. Олардың да жүріп өткен жолдары әрбір Қазақстан азаматтарының жадында.
Тәуелсіздік алғалы бері ата-бабамыздан бүгінгі ұрпаққа мирас болып қалған төл өнерімізге деген қызығушылық артты. Бүгінгі таңда республикамыздың әр өңірінде ұлттық спорт түрлері бойынша дүркіреген додалар үздіксіз өтіп жатыр. Аламан бәйге, қазақ күресі, саятшылық, тоғызқұмалақ секілді өнерлерге деген елдің ықыласы ерекше.
Осы саланың басы-қасында жүрген азаматтарымыз соңғы жылдары бірқатар спорт түрлері бойынша халықаралық федерацияларда жоғары лауазымды қызметтер атқарды. Көптеген сақа спортшыларымыз бен майталман мамандарымыз өз дәуірінің теңдессіз тұлғалары атанды. Республика аумағында жүздеген, мыңдаған байрақты бәсекелердің тұсауы кесіліп, талай аса маңызды кешенді жарыстарды өткізу құрметіне ие болдық. Міне, осының барлығы Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізген табыстар. Сол жеңісті дәстүр енді алдағы жылдарда да жалғасын табуға тиіс. Қазақстанның спорттық даңқы әркез арта түсетініне сенімдіміз.