Жарнама
Жарнама

Елбасы кубогындағы алғашқы жүлдеміз

09.05.2012, 07:28
Жарнама
Жарнама

Бес күнге созылған ҚР Президентінің кубогына арналған халықаралық турнир де мәресіне жетті. Бесінші рет ұйымдастырылған бұл додада биыл Иран жеткіншектеріне қарсылас табылмады. Ал Қазақстан жасөспірімдер құрамасы турнир тарихында тұңғыш рет қола жүлдегер атанды. Президент кубогының мұның алдын­да­ғы турнирлерінде еш мін болмаған. Ал бұл жолы дүбірлі дода ұйымдастырылу жағынан тіптен керемет өтті. Оны турнирге қатысқан командалардың бапкерлері де айтып жатты. «Мүмкін болса, алдағы уақыт­та да Қазақстан футбол федера­ция­сының ­шақыртуынан бас тартпас едім» деген пікірді барлығынан естідік. – Турнирді осындай дәрежеде ұйым­дас­тырып, бізді де шақырғаны үшін ҚФФ басшылығына алғысым зор! Өте керемет ұйымдастырылған дода болды. Ең басты­сы, жас жеткіншектер үшін бұл турнир, бір жағынан, мереке, бір жағынан, сынақ ретінде өтті, – деп Венгрия құрамасының аға бапкері Иштван Пишонт ағынан жа­рыл­ды. Парсы елі жасөспірімдерінің аға бапкері Әли Дустимехр: «Иран құрамасы ғана емес, додаға түскен барлық елдің жеткіншектері жеңіске жетті. Иран бас жүл­дегер болса да, басқа ұжымдарды әлсіз демес едім. Ең бастысы, осындай доданы ұйымдастырған Қазақстан тарапына алғы­сымыз шексіз», – деп ризашылығын білдіріп жатты. Сондай-ақ турнирге өздерінің ізгі ниеттерін білдіріп, ұсыныстарын айтқан ма­мандар да болды. Мәселен, Түркия құра­масының аға бапкері Қасымоғлы алдағы уақытта бұл турнирдің өткізу жүйе­сін аздап өзгертсе деген пікірін айтты. – Өте керемет дода! Жеткіншектерге берері мол. Егер алдағы уақытта ҚФФ тағы шақырар болса, біз Қазақстанға құлшы­ныс­пен келуге дайынбыз. Тек бір ұсыныс айтқым келеді. Мұндай дода кезінде ойын­дарды таңертеңнен кешке дейін емес, тек кешке қарай ойнайтындай жүйеде ұйым­дас­тыру керек және де матчтарды бір емес, екі алаңда қатар өткізген дұрыс. Алдағы уақыт­та ұйымдастырушылар осы мәселені ескереді деп үміттенеміз, – деп түрік маманы ізгі тілегін білдірді. Ұйымдастыру жағын қорыта келгенде, барлық маманның алғыстан басқа айтары болған жоқ. Дегенмен турнир қоры­тын­ды­сына, төрешілер қызметтеріне көңілдері толмаған бапкерлер де болды. Мәселен, қола жүлдеге Қазақстан құрамасымен таласып, пенальти сериясында жеңілген Әзір­байжан құрамасының аға бапкері Табриз Гасанов турнирден кейінгі баспасөз мәслихатында, – Иран және Венгрия құрамаларын шын жүректен құттықтаймын. Олар – фи­нал­ға лайықты командалар. Алтын және күмісті өз күштерімен жеңіп алды. Ал Қазақ­стан құра­ма­сына төрешілер болы­су­мен болды. Жоқ жерден пенальти белгілеп, таза голымызды санаған жоқ. Матчтан кейін шәкірттерімнің жылап отырғанын көріп, жұбата алмадым. Егер мен Қазақстан жасөспірімдер құра­ма­сы­ның аға бап­ке­рі­нің орнында болғанымда, мұндай сора­қы­лық­тан кейін марапаттау рәсіміне шықпас едім. Тұғырға көтерілгеннің өзінде медаль­ді мойнымнан шешіп тастар едім. Қазақстан жүлдеге лайықсыз. Үшінші орын – біздікі, – деп кеудесін қақты. Деген­мен артынан ашуы тарқаған Гасанов баспа­сөз мәс­ли­ха­ты­ның соңында: «Қазақстан құра­масының биылғы жасөспірімдері былтырғы құрам­нан әлдеқайда күшті, әлдеқайда сауатты ойын өрнегін көрсетті. Мұндай команданы құлақтан сүйреудің қажеті жоқ. Олар – ешкімнің көмегінсіз, өздері-ақ жеңуге қабілетті жігіттер», – деп коман­дамызды мақтауды да ұмытпады. Иә, асыра сілтегеніміз емес, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы, шынымен де, мақтауға лайық өнер көрсетті. Алғашқы матчтан-ақ жанкүйерлерді өз ойын өрне­гі­мен баурап алған жеткіншектеріміз алғаш­қы кездесуінде Түрікменстан жасөс­пірімдер құрамасынан 4:2 есебімен басым түсті. Ойын бастала салып шабуылға көш­кен жерлестеріміз Рифат Нұрмұғамет және Дидар Жалмұханның тура соққыларынан кейін жетінші минутта-ақ 2:0 есебімен алға шыққан. Бұдан кейін де гол соғатын талай мүмкіндігіміз болды. Бірақ Түрікменстан құрамасының қақпашысы Жапаров қате­лікке бой алдырған жоқ. Екінші кездесуінде Павел Травник шәкірт­тері турнирдің ең үздік ұжымдарының бірінен жеңілді. Венгрия құрамасы, расы­мен де, қарымды команда екен. Негіз­гі құрамдағы да, қосалқы құрамдағы ойын­шылары да бірін-бірі жақсы алмастырып, кез келген сәтте ойын барысын өзгерте алады. Әлсізі жоқ. Сондай ойыншылардың бірі Марк Кошта ойынның 8-минутында Тимурбек Зәкіров қорғаған қақпаны қақ айырды. Естерін жинап үлгермеген қазақ­стандықтардың қақпасына тағы бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырылған. Бірақ әлгі голдан кейін қорғанысымыз қателікке бой алдырған жоқ. Қайта уақыт өткен сайын өздері жиі шабуылға көшіп, венгр қақпашысы Кристоф Косехті сәт сайын маза­лаумен болды. Алайда жігіттерге дәлдік жетіскен жоқ. Өздері де шаршады, мажарларды да әбден піспектеді. Өкінішке қарай, нәтиже шықпады. Ал Қазақстанмен болған ойыннан кейін әбден шаршаған венгрлер сол күйі қалыптарына келіп үлгермей, ертеңінде түрікмендермен тең ойнап, ақыры финалда Иран жеткін­шек­терінен жеңіліп қалды. Ал Қазақстан жасөспірімдері үшінші орын үшін болған айқаста Әзірбайжан құра­масынан басым түсіп, қола жүлдеге қол жеткізді. Бірінші тайм аздап қазақ­стан­дықтардың басымдығымен өткенімен, командалар қорғаныста қателікке бой алдыр­мауға тырысып, аса қарқынды шабуыл­дарға иек артқан жоқ. Ал екінші тайм­да төреші Әзірбайжан қақпасына пе­на­льти белгіледі. Иә, Гасанов бұл пена­льтиді мойындамайды. Алайда өз айып алаңында қонақтардың қорғаушысы доп­ты қолмен тоқтатқанын стадионға жинал­ған бүкіл көрермен көрген болатын. Нүк­теге жақындаған Рустам Сахибов қақ­пашыдан айласын оңай асырды. Деген­мен жеңісті есепті ұстап тұра алмадық. Арада 10 минут өткенде Қазақстан қақ­па­сына 50 метр жерден айып добы бел­гі­леніп, қақпашының алға шығып кеткенін пайдаланған Фахмин Мурадбейли 2006 жылғы әлем чемпионаты ширек фина­лы­ның аясында өткен Бразилия – Англия кездесуіндегі Роналдиньоның соққысын қайталады. Ал қақпашымыз Тимурбек Зәкіров Дэвид Симэннің кебін киді. Ойын­ның аяқталуына екі минут қалғанда қақ­па­мызда тағы бір доп тулап жатты. Деген­мен әзірбайжандық шабуылшының ойын­нан тыс қалғанын анықтаған қаптал­дағы төреші голды есепке алған жоқ. Ал пенальти сериясында нүктеге жақындаған жігіттеріміздің бәрі де өз мүмкіндіктерін мүлт жібермеді. Сонымен, Қазақстан жет­кін­шектері тұңғыш рет Президент кубо­гында топ жарды. Финал Венгрия – Иран 1:3 3-орын үшін ойын Қазақстан – Әзірбайжан 1:1, 5:4-пен. Голдар: Сахибов, 49-пен. – Мурадбейли, 60. 5-орын үшін ойын Армения – Грузия 1:1 7-орын үшін ойын Түрікменстан – Грузия 0:2 Турнирдің үздік ойыншылары: Үздік қақпашы – Кристоф Косех (Венгрия), үздік қорғаушы – Левенте Чичек (Венгрия), үздік жартылай қорғаушы – Саид Эзатоллахи (Иран), үздік шабуылшы – Максим Федин (Қазақстан), үздік сұрмерген – Әли Реги (Иран), үздік ойыншы – Иван Антипов (Қазақстан).

Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров