– Элгуджа, премьер лиганың алғашқы екі ойынында да көзге көрініп, гол соқтың. Бұрын соңды мұндай сәттілік ойыны мансабыңда болды ма?
– Шыны керек, мұндай жағдай футбол мансабымда алғаш рет орын алды. Екі ойында салған қос голым командам үшін жақсы нәтиже бергені қуантады. Әрине, бұл жалғыз менің еңбегім дей алмаймын. Өйткені әріптестерімнің барлығы жеңіске жету үшін барын салды. Яғни командалық ойынның арқасында қарсылас қақпаны дәл көздедім деп айта аламын.
– «Қайсардың» биылғы маусымдағы аяқалысына тоқталайықшы...
– Чемпионатты жақсы бастау үшін Түркияда дайындықты ерте бастадық. Екі оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Еуропаның 8 командасымен жолдастық кездесу ұйымдастырылды. Аталған командалармен мол тәжірибе жинақтадық. Осы еңбектің арқасында біріншіліктегі алғашқы екі жеңіс тіркелді. Суперкубокта бізге сәттілік серік болмады. Қазақстандағы ең мықты ұжым саналатын «Астанаға» тегеурінді қарсылас бола алдық. Жалпы «Қайсардың» барлық командадан ұпай еншілеуге қауқары жетеді.
– Кішкене фантазияға көз жүгіртсек. Жалпы «Қайсар» Грузия чемпионатына қатысар болса, қай орынға жайғасар еді?
– Бүгінде Грузия чемпионатына үңіліп, зер салмаймын. Сондықтан елімдегі командалардың дәрежесі қандай екенін кесіп айта алмаймын. Дегенмен «Қайсар» Грузиядағы біріншілікке қатысар болса, үздік үштіктің құрамында болары сөзсіз.
– Армансыз адам болмайды. Өзіңізді қай чемпионаттан көргіңіз келеді?
– Адам жете алатын нәрсеге армандау керек. Мысалы, Англия, Италия, Испания біріншілігінде ойнауды армандаймын десем артықтау болар. Сондықтан бойымдағы қабілетім Ресей премьер лигасында ойнауға жетеді деп ойлаймын. Өйткені ол чемпионатта аз да болса тәжірибем бар.
– Ұлттық құрамада ойнайтыныңыз белгілі. Вайс баптайтын Грузия құрамасының Еуропа чемпионатына жолдама алуға мүмкіндігі жете ме?
– Грузия құрамасы үшін жолдамаға таласу тарихи жағдай. Өйткені бұрын соңды біздің құраманың мұндай мүмкіндігі болмады. Біз Беларусь, Косова, Македония құрамаларын жеңетін болсақ, Еуропа біріншілігіне жолдама аламыз. Құрамадағы футболшылар мүмкіндікті мүлт жібермеуге тырысады деп ойлаймын. Әрине, доп домалақ деген ұғым бар. Егер бағымыз жанып жатса еліміз үшін үлкен мәртебе болмақ.
– Баскетболдан Лобжанидзе деген спортшыны естуіміз бар. Бұл спортшымен сізді байланыстыруға болады ма?
– Негізі біз отбасымызбен спортқа бет бұрғанбыз. Әлгі сіз айтқан Лобжанидзе менің туған інім. Грузияның атақты баскетболшысы. Сабаның баскетболға деген қызығушылығы ерекше болды. Біздің елде Сабаның талантына ерекше қол соғады. Ол Дания, Түркия елдеріндегі чемпионаттарда өнер көрсетті.
– Сізді қазақ тілін меңгерген деп естідік. Бұл қаншалықты рас?
– Қазақ тілін жақсы білем, толықтай түсінем деп айта алмаймын. Мұндай пікірді «Ассалаумағалейкүм» деп амандандық сұрағанымды көргендер айтқан болу керек. Бірақ қазақ тілі мен грузин тілінің ұқсас келетін сөздері бар. Мысалы, сіздердегі «сен» бізде «шен» деп айтылады. Жалпы қазақ тілін меңгеру мен үшін қиын соқпайды деп ойлаймын. Бүгінде командадағы әріптесім Нұрымжан тіл үйренуге септігін тигізуде.
– Өзіңізге белгілі Коронавирус індетіне байланысты біріншілік бір айға тоқтатылды. Яғни футболшылар жаппай демалысқа шықты. Бұл ойыншылардың формасына кері әсерін тигізбей ме?
– Біріншіліктегі клубтарда қандай орын алып жатқанын білмеймін. Бірақ біз өз бетімізбен жаттығып, қазіргі жағдайымызды бір қалыпты ұстап тұрумыз тиіс. Сондықтан жеке жаттығу жұмыстарын жүргізіп, біріншілікке дайындықты үзбеймін.
– Әңгімеңізге рақмет, алдағы ойындарда сәттілік тілейміз!
«Қайсар» ФК БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ
Біздің серіктес: FONBET