«Ордабасының» жартылай қорғаушысы Эльхан Астанов маусымға дайындық, Қазақстан құрамасындағы ойыны мен ұсыныстар жайлы қысқаша сұқбат берді.
- Эльхан, маусымға дайынсыздар ма?
- Маусымға дайындық өте қарқынды өтіп жатыр. Бұған дейін клубта мәселелер болды, бірақ қазір барлығы өз қалпына келіп, жаңа маусымға жаттығуды бастадық. Әлбетте, чемпионаттың басталуына аз уақыт қалды, алайда біз барлығымыз бірігіп жұмыс атқарсақ кез келген қиындыққа төтеп бере аламыз деп ойлаймын.
- Қазақстан құрамасының чемпионат легионерлерімен өткізген ойыны ерекше болды ма?
- Қазақстан құрамасының ҚПЛ легионерлеріне қарсы матчы мен үшін ғана емес, командамыздың барша ойыншысына да маңызды болды. Мен үшін кез келген ойында Қазақстан құрамасының жейдесінде өнер көрсету үлкен мәртебе. Бапкерлік құрамға кезекті мәрте алаңға шығуыма мүмкіндік бергендері үшін алғысым шексіз.
- Жақында Нұралы Әліп «Зенитке» ауысты, ал сізге шетелдік клубтардан ұсыныс түспеді ме?
- Шетелдік командалардың қайсысы маған қызыққанын өз басым білмеймін. Қазіргі сәтте «Ордабасымен» келісім-шартым бар және мен өзімнің клубымда өнер көрсетуге дайынмын. Әр нәрсенің өз уақыты бар.
Тағы бір рет қайталап айтқым келеді, егер біз бірлессек барлығы да қолымыздан келеді. Өйткені әрбір қиындықтан соң, жеңілдік болады.
- «Ордабасы» сапындағы ойыншыладың қайсысы жаңа маусымда өзін көрсете алады деп ойлайсың?
- Әрбір футболшының өзін көрсетуге мүмкіндігі бар, бастысы өз өзімен жұмыс істеу қажет. Бізде талантты футболшылар жетерлік және олар қазір бізбен бірге жаттығуда. Меніңше, олардың бірнешеуі жаңа маусымда өздерін көрсетеді.
Біздің серіктес: FONBET