Жарнама
Жарнама

ЕЛОРДА ҚАШАН МӘДЕНИЕТ ПЕН СПОРТТЫҢ АСТАНАСЫ БОЛАДЫ?

17.08.2011, 01:28
Жарнама
Жарнама
«Астана-Арена». Төбесі ашылып-жабылатын бұл стадионға 30 мың адам еркін сыяды. Спорттың кез келген түрінен қысы-жазы жарыс өткізуге болады. Жабық коньки стадионы коньки спорты, шорт-трек, шайбалы хоккей (екі алаң), керлинг, мәнерлеп сырғанау бәсекелерін өткізуге арналған. Республикалық велотрек кешені велотрек, волейбол, баскетбол, футбол алаңдарын қамтиды. Біз мұны неге қозғап отырмыз. Биылғы 11 қазанда қазақ футболшылары Еуро-2012 іріктеу ойындары аясында австриялық әріптестерін қабылдауға тиіс. Таяуда интернет басылымдардың бірінде ел Футбол федерациясының (ҚФФ) президенті Ж.Әділбеков: «бұл ойын Алматыда өтеді!» деп мәлімдеген көрінеді. «Біз өз елімізде өтетін ойындарды Астана мен Алматыда қабылдаймыз деп жоспарлаған едік, – дейді ҚФФ жұртшылықпен байланыс департаментінің бастығы, ресейлік Измаил Бзаров. – Алайда Австриямен ойынды Астанада өткізу керек деп шештік». Себебі, астаналық «жанкүйерлер белсенді», ал футболшыларымыздың соңғы ойындардағы жетістіктері осы «Астана-Аренамен» байланысты екен. «Бұл бір керемет ғимарат, оның мүмкіншілігін барынша толық пайдалануға тиіспіз», – дейді И.Бзаров. Егер мұндай ерекшеліктері болмаса, Астанада Қазақстан құрамасы кездесу өткізбеуге тиіс пе? Алматы – керемет қала. Жастығымыздың куәсі, жанымыздың шуағы. Алайда біз бірнәрсені ұмыта береміз – Қазақ елінің астанасы Алматы емес, Астана. Осыған ойды да, бойды да үйрететін кез келді. Алдыңғы күні Алматыда волейболдан қыздар арасындағы Бүкіләлемдік гран-при жарысының кезекті кезеңі аяқталды. Ау, ағайындар, мұндай ел атын арқалаған ірі жарыстар қайда өтуі тиіс? Ел астанасы қайда? Бразилия, Италия, Тайланд құрама командасының ойыншылары Елорданы аралап, ел астанасымен танысуға құқылы емес пе еді? Әлде Астанада алаң жоқ па? Қазақ айтпаған, яғни Ж.Әділбековтің ойына келмеген сөзді футболдан Қазақстан құрама командасының бас бапкері чех М.Беранек айтты. Ол жетесіз бір журналистің «Құрама команда жолдастық кездесулердің өзін неге Астанада өткізеді? Ақтөбеде өткізуге болмас па еді?», – деген есуас сұрағына: «Астана-Арена» – өз алаңымыз. Басты жарыстар осында өтуі керек. Оның үстіне жанкүйер біткен сүйікті командаларының «үйдегі» кездесулерін осында өткізетініне бой үйрете бастады», – деген еді ол. Осылай батыл сөйлеп, батыл айтатындар аз боп тұр. Кез келген жарысты Алматыға қарай «сүйреп ала» жөнелуге тырысатындар бар әлі. Алматыда жарыс өтуі керек. Ол – осы қаланың командаларымен болатын бәсекелер. Халықаралық шаңғымен тұғырдан секіру кешені, «Медеу» мұз айдыны, «Шымбұлақ» тау шаңғысы базасы, Алматы маңындағы шаңғы-биатлон стадионы, «Табаған» спорттық кешені секілді қысқы спорт түрлері бойынша өтетін жарыстар. Астананың «әлі келмейтін» додалар. Ал ұлттық құрамалардың қатысуымен болатын байрақты бәсекенің бәрі Астанаға ауатын кез жетті. Астана – ол тек саясаттың, үлкен шешімдердің ғана астанасы емес, спорттық ірі жарыстардың да астанасы болуға тиіс. Д.ӘДІЛБЕК
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров