Жарнама
Жарнама

Елшіліктегі қазақ тілі неге ақсап тұр?

Қазақстанның сырт мемлекеттердегі елшіліктерінде қазақ тілінде жатық сөйлейтін адамдар некен-саяқ. Бұл үлкен мәселеге айналып бара жатқан сыңайлы.
Жарнама
Жарнама

Қазақстан ұлттық құрамасының баспасөз қызметіне қызметке орналасқалы бері футболдағы қазақ тілінің беделін арттыру үшін жұмыс істеуді негізгі мақсатыма айналдырдым. Тіл бар жерде, рух бар. Футболшылар мен бапкерлер штабы қазақ тілінде сөйлеп, тіл сындырып жүргенін көріп кейде жүрегің елжірейді. Қазақ тілі осы кезге дейін футбол саласының мамандары үшін жанкүйерлер тілі ғана болып келген. Команда ішінде кем дегенде менімен сөйлескен тұста олар қазақ тілін еске алып жүрді. Осының өзі алға жылжу еді. Қатып қалған сеңнің бұзылып, жастайынан өзге тілде сөйлеп келген футболшылар өз ана тіліне орала бастады.

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстан құрамасы сыртта матч өткізген тұста стадиондағы дикторды орыс тілінде таңдап келген. Яғни, күтіп алушы тарап қай тілде диктор керек деп сұраған тұста біздің құраманың баспасөзі орыс тілін таңдай берген. Себебі, өздері сол тілде сөйлеген. Украинаға барғанда атақты стадионға қазақ тіліндегі дикторды тағайындағанымызды ел естіді. Ал одан кейін ше?

Одан кейін Қазақстан құрамасы Финляндияға барды. Мен әдеттегідей қазақ тіліндегі диктор қойыңыздар деп талап еттім. Сөйтсем ол жақтың федерациясы Қазақстанның Финляндиядағы елшілігіне хабарласып, қазақ тілінде сөйлей алатын адам іздеген. Жиырмадан астам қазақ қызмет ететін елшіліктің ішінде өз ана тілін жетік меңгерген адам жоқ болып шығыпты. Олар негізінен орыс және ағылшын тілін еркін меңгеріпті де, өз ана тілдеріне салғырт қарапты. Күллі бір мемлекеттің сырттағы саясатын жүргізетін дипломат отандастарымыз қазақ тіліне немқұрайлы қараған. Бұл жағдайды естіген соң амалсыз дикциясы нашар болса да, ең ақыры қазақ тілін еш акцентсіз сөйлейтін адам сұрастырдым. Елшілік қызметкерлерінің біршамасына қоңырау шалып мәселенің мән жайын анықтадым. Сөйтсек елшілікте істейтін жиырмаға жуық адамның ішінде тек бір кісі ғана қазақ тілінде жатық сөйлейді екен. Алайда, ол кісіні диктор қылып шақыру қиынғы соқты. Түрлі сылтаулар айтылып, елшілік бұл идеямызды қолдамады. Кейіннен білгеніміздей ол кісі елшілікте тек жәй ғана көлік жүргізушісі қызметінде екен.

Мақұл, бір жағдай осылай болса ештеңе демес едік. Алайда, кейінне біз Босния, Франция, Македония, Молдова секілді елдерге бардық. Ол жақта да осы мәселе. Бірнеше сәтсіз жұмыстан соң, стадионға дикторды қазақша қылудың өте қиын екеніне көзім жетті. Содан кейін Молдовамен болатын кездесуде Молдова футбол федерациясы өзіме жеке хат жазды. «Сіз талап еткен дикторды таба алмадық. Егер өзіңіз диктор болсаңыз, қарсы емеспіз» дейді. Әлбетте, мен еш ойланбастан келістім. Негізі құраманың баспасөз хатшысына стадионда бірнеше қызметті алып жүруге болмайды. Алайда, Ұлттар лигасы жарысында, оның үстіне Молдова секілді елдерде бұл тәртіптер өз күшін жояды екен. Баспасөз мәслихаттарын жүргізіп жүріп, матч кезінде стадионда диктор болдым. Кишиневтің төріндегі «Зимбру» стадионында құрама ойыншыларының есімдерін нақышына келтіріп қазақ тілінде айттым. Әйтпесе, қазақ футболшыларының есім-сойын өзге елдің дикторлары тілдері күрмеліп, бұрмалап жіберетін. Мысалы, Тоқтар Жаңғылышбай, Тимур Досмағамбетов секілді қазақ ойыншыларының аты-жөнін айту оларға нағыз қайғы-мұң. Қазақстандық жанкүйерлер теледидардан көріп отырып, дикторлардың қазақ футболшысының атын бұрмалап айтқанына қаны қараятын.

Алдағы уақытта осы жұмысты ретке қойып, әрбір елшіліктен қазақ тілінде жақсы сөйлей алатын адамдар даярлау ісімен айналысуды қолға алу қажет екенін ұғындым. Шетте жүрген отандастарымыздың да өз ана тілін ұмытып бара жатқанына налимын.

Ермұхамед Мәулен

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров