Жарнама
Жарнама

Елжас Алтынбеков: «Қайсардың» намысын абыроймен қорғауға дайынмын»

03.01.2021, 21:18
Алтынбеков бұл маусымда төрт кездесуге қатысып, бір голмен көзге түсті
Жарнама
Жарнама

Қызылордалық "Қайсар" жаңа маусымда жергілікті футболшыларға иек артады. Бұл жергілікті ойыншылар үшін зор мүмкіндік. Бүгінде "Қайсар" екінші оқу-жаттығу жұмысына кірісуге дайын. Дайындық алдында команданың шабуылшысы Елжас Алтынбековпен әңгімелестік.

- Елжас, өткен маусым оңайға соқпады. Пандемия салдарынан Премьер-лига желтоқсан айына дейін созылып, суық ауа-райында доп тебуге мәжбүр болдық. Жалпы чемпионат жайлы аз-кем тоқталсаң...

- Әрине, өткен маусымды қиын болады деп ешкім күтпеді. Барлығы ойдағыдай басталғанымен 5 айға біріншілік үзіліп қалды. Соның салдарынан көп футболшы формасын жоғалтып алды. Оның арасында өзімде бармын. Тамыз айында жалғасқан соң ойындардың графигі тығыз болды. Бір аптада 3 ойын өткізген сәттерді көрдік. Бұл - футболшылар үшін ауыр болды.

- Өткен маусым сіз үшін сәтті болды деп айта алмаймыз...

- Иә, көп жағдайда қосалқы құрамда қалдым. Оның түрлі себептері бар. Жалпы командада әр позицияда бәсеке жоғары болды. Жаттығу барысында жарақат алып, біршама ойындардан тыс қалдым. Бар-жоғы 4 кездесуге шығып, бір мәрте көзге түстім. Бұл – шабуылшы үшін жақсы нәтиже деп айтуға келмейді. Алдағы маусымда көрсеткішті ұлғайтып, гол соғу үшін жұмыс істеймін.

- Командаға жергілікті жаттықтырушы Сұлтан Әбілдаевтың қайта оралғаны көпшілікті қуантты. Ойыншылар жаңа бапкерді қалай қабылдады?

- Команда Сұлтан Тоқатайұлы тағайындалғанына қуанды. Өңір футболын дамытуда зор еңбек еткен жаттықтырушы. 2016 жылы қол астында жаттығып, Бірінші лигада бақ сынадық. Сұлтан бапкердің арқасында жеңімпаз болып, Премьер-лигаға жолдама алдық. Білікті бапкер. Жаңа бапкермен ел клубтары арасында алғаш болып дайындықты бастадық. Жергілікті футболшыларға көңіл бөлуді қалайды. Бұл біз үшін жақсы жаңалық.

- БАҚ беттерінде өзіңді "Жетісу" мен "Атырауға" ауысады деген ақпарат тарады. Бұл ақпар қаншалықты рас?

- Қазір елде трансфер терезесі ашылып, командалар өздеріне қажетті ойыншыларды іріктеуде. Премьер-лигадағы 2-3 командадан ұсыныстар түсті. Бірақ әлі де нақтыланған жоқ. Сондықтан мына командаға ауысам деп айта алмаймын. Әзірге "Қайсардамын." Өзімді түлеткен командада барлығы оңтайлы болса, аймақтың намысын қорғауға дайынмын.

- Жаңа жыл қарсаңында жанкүйерлерге жеткізер жылы лебізің...

- Барша қазақстандықтарды, футболшыларды, жанкүйерлерді жаңа жылмен құттықтаймын! Бастысы, деніміз сау болсын! Жаңа маусымда жанкүйерлермен стадионда көрісетін күнге жетейік!

"ҚАЙСАР" ФК баспасөз қызметі

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров