Кеше түнде Лондонда Ағылшын Премьер-лигасының 1-тур аясында жергілікті "Арсенал" өз алаңында Шекспир баптайтын "Лестер Ситиді" қабылдап, 4:3 есебімен тізе бүктіріп, маусымды жеңіспен бастады. Трансферлік терезеде Ляказетт, Колошинац сынды футболшылармен толыққан "зеңбірекшілер" кездесудің 2-ші минутында есеп ашты. Голдың авторы Ляказетт. Осылайша Александр Премьер-лигадағы дебюттық ойынында бірінші соққысымен алғашқы голын салды. Алайда алаң иелерінің қуаныштары ұзаққа созылмады. Тез арада ес жиған қонақтар араға үш минут салып Окадзакидің арқасында есеп басын теңестірді. Ал кездесудің 29-шы минутында "түлкілер" осыдан екі жыл бұрын жасындай жарқылдаған Вардидің көмегімен есепте алға шықты. Ойынның бірінші бөлігі аяқталар сәтте Дэнни Уэлбек Колошинацтың нәтижелі пасынан соң таразы басын тең қылды. Матчтың екінші бөлігінде Марезбен Варди бастаған қонақтар есепте екінші мәрте алға шықты. Есеп 2:3 "Лестердің" пайдасына. Шаршаған Элнени мен Холдингтің орнына Рэмзи мен Жируды шығарған Венгер қателеспеді. Өйткені біреуі екінші рет есепті теңестірсе, екіншісі жеңісті жұлып берді. Бір қызығы бұл кездесуде екі нәтижелі пастың авторы атанған Гранит Джака, өткен жылғы маусымда екі рет нәтижелі пасымен көзге түскен еді, яғни бір маусымда жасағанын бір кездесуде қайталады. Бұл дегеніміз Джаканың АПЛ-дың адаптациясынан өтті дегеніміз бе, әлде бір жылға берілген лимитын шашып тастады ма? Бұл сұрақтың жауабын уақыт көрсетері анық, ал әзірге "Арсеналдың" жеңісі құтты болсын!
"Арсенал" (Лондон) 4:3 "Лестер сити"(Лестер) Голдың авторлары: 1:0 - 2 мин, Ляказетт(Элнени), 1:1 - 5 мин, Окадзаки(Магуайр), 1:2 - 29 мин, Варди(Олбрайтон), 2:2 - 45+2 мин, Уэлбек(Колошинац), 2:3 - 56 мин, Варди(Марез), 3:3 - 83 мин, Рэмзи(Джака), 4:3 - 85 мин, Жиру(Джака).
Руслан Мералиев