Уэльс тарихындағы ең жас капитан немесе Аарон Рэмзидің бен Ладен, Стив Джобс, Муаммар Каддафи, Уитни Хьюстонмен нендей байланысы бар?
Аарон Рэмзи Уэльстің Кайрфилли аталатын шағын ғана қалашығында туып өскен. 8 жасынан бастап "Кардифф Сити" командасының академиясынан тәлім алған. Тағы да араға сегіз жыл салып, осы Кардифф құрамында өзінің алғашқы ресми кездесуін өткізген. Алғашқы келісім-шартын да осы клубпен жасаған. Аз уақытта уэльстік команданың үздік орындаушылары қатарына ілінді.
Жас болғанына қарамастан бұл футболшыға мықты клубтардың скауттары ерте бастан көз тіккен болатын. Ааронның бойындағы талантты көре білгендердің қатарында сэр Алекс Фергюсон мен Арсен Венгер бар еді. Қос бапкер де уэльстік аяқдопшыны өз қатарларына қосқылары келген. Ал Аарон болса, Венгердің командасын таңдады. Сол кезде Арсенал бұл футболшы үшін 4,8млн фунт стерлинг төлеген болатын. Канонирлердің бас бапкері жас футболшының алаңды жақсы көре білуіне, техникасына және өзіндік ойын стиліне қызыққан болатын.
Арсенал қатарына қосылылған соң, бұл футболшы ғұмырында жақсы бір кезең басталып келе жатқан. Кенеттен орын алған оқыс жағдай бұл футболшының ғұмырын тас-талқан еткендей көрінген. Олай айтуымыздың себебі: 2010 жыл енді басталған сәтте Рэмзи "Сток Сити" командасымен болған ойында аяғын сындырып алған еді. Райан Шоукросспен болған қақтығыс. Ашық түрде сынған аяқ. Сәл болмағанда Рэмзидің үлкен спортпен қош айтысып кетуіне апаруға сәл-ақ қалған. Жарты жыл бойы футболшы ем-домнан көз ашқан жоқ. Жас футболшының енді ғана басталып келе жатқан жарқын кезеңі тоқталды. Тіпті, басталмай жатып аяқталған спорттық ғұмыр деп те айтылып жүрді. Бірақ абырой болғанда барлығы ойдағыдай болды. Жарақат алғаннан шамамен бір жылдан соң Аарон өзінің алдыңғы формасына қайта келе бастады.
Аарон Рэмзи өміріндегі жаңа кезең басталды. Азғана уақытқа әртүрлі командаларға жалға беріліп жүрді. Жоғалтылған уақыттың есесін валлилік жартылай қорғаушы тез қайтара бастады. Канонирлер құрамында жиі-жиі негізгі құрамға іліне бастады.
Дәл осы кезеңде бүкіл әлем назары осы футболшыға ауған-ды. Рэмзи қарсыластар қақпасына гол соғып жатса, бүкіл әлем танитын атақты кісілердің бірі ана дүниеге аттанып кете барады. Әлемдік прессада бұл құбылыс «Рэмзидің қарғысы» деп аталып жүрді. Енді, нақты мысалдар келтірер болсақ:
01.05.2011 «Манчестер Юнайтед» қақпасына гол соқты. Келесі күні Усама бен Ладен өлтірілді.
02.10.2011 «Тоттэнхем» қақпасына гол соқты. Үш күннен соң Apple компаниясының негізін қалаушы Стив Джобс қайтыс болды.
19.10.2011 Рэмзи марсельдік «Олимпикке» гол соқты. Келесі күні бүкіл әлем Ливия диктаторы Муаммар Каддафидің өлгені туралы естіді.
11.02.2012 Рэмзи «Сандерленд» қақпасына гол соқты. Сол күні түнде әлем Уитни Хьюстонды жоғалтты.
22.03.2013 Шотландия ұлттық құрамасына гол соқты. Уэльс жеңді 2-1. Келесі күні ресейлік олигарх Борис Березовский қайтыс болды. «Бұған дейін «Рэмзидің қарғысы» тек қана клубтық деңгейдегі матчтарға қатысты болса, енді ұлттық құрама деңгейіне көтерілді»-деп шулап жатты бүкіл әлем.
14.05.2013 Уиган қақпасына соғылған гол Аргентинада түрмеде жатқан бұрынғы диктатор Хорхе Виделаны ана дүниеге алып кетті.
Енді алысқа ұзамай бүгінгі күн жайлы айтар болсақ, «Рэмзидің қарғысы» біршама күшін жоғалтқандай. Олай болмауы да мүмкін емес сияқты. Өйткені, дәл бүгінгідей керемет ойынмен, осы қарқында қарсыластар қақпасына гол соға беретін болса, күллі әлемге аты жайылған атақтылардың қатары біршама сиреп қалары анық-тын. Бірақ, осы жақында болған бір жағдай тағы да әлем назарын осы футболшыға аударды. Рэмзи өзінің бұрынғы командасы «Кардифф Ситимен» болған кездесуде дубль жасады. Осыдан кейін әлемге әйгілі қос актер орыс Юрий Яковлев пен Пол Уокер қайтыс болды. Бұл кездейсоқтық па әлде?...
Қалай болған күнде де Аарон бұл маусымды өте керемет өткізуде. Канонирлер биыл бірнеше фронтта чемпиондық үшін таласатындықтарын аңғартты. Ал сол Арсеналды өрге сүйреп жүрген жігіттердің бірі осы – Рэмзи. Қазан айының Англиядағы үздік ойыншысы атанғандығын айта кетейік.
Ал, енді бүл футболшының Уэльс тарихыфндағы ең жас капитан атануы жайлы айта кетсек. Рэмзи 2007-2008ж аралығында Уэльс жастар құрамасы сапында 11 ойын өткізіп үлгерді. 2008 ж 19 қарашада ұлттық құрама сапындағы алғашқы матчын өткізді. Бір жылдан соң Лихтенштейнмен болған кездесуде Уэльс құрамасындағы алғашқы голын соқты.
Уэльс капитаны Крейг Беллами тізе жарақатына байланысты ұлттық құраманың ойындарына үздіксіз қатыса алмайтындығын мәлімдеді. Сөйтіп жаңа капитан іздеу басталды. Бұл 2011ж басы болатын. Таңдау Рэмзиге түсті. Ол бұл кезде небәрі 20 жаста болатын. Осылайша, ол Уэльс тарихындағы ең жас капитан боп шыға келді. Дәл осы кезеңде Еуропа алаңдарында топ теуіп жүрген валлилік жігіттер ішінде Гарэт Бэйл сияқты мықты ойыншылардың бар екендігін ескерер болсақ, Аарон Рэмзиге қаншалықты дәрежеде сенім артылғандығын ұғу қиын емес. Капитандық міндетті көбіне командаластарына сөзі өтетін, командасын алға сүйрей алатын жігіттерге сеніп тапсыратындығын білеміз. Демек, Рэмзи бұл жағынан алғанда Бэйлден бір саты жоғары тұр деген сөз.
Тек қана Уэльстің ғана емес бүкіл әлем футболының жаңадан жарқырап келе жатқан жас жұлдызы осы деңгейдегі ойындарын жалғастырып, шеберлігін шыңдап жатса әлем футболы тарихында аты қалатын тағы бір валлилік футболшы атанары анық. Әйгілі отандасы Джордж Бесттің ерлігін қайталап, «Алтын доп» иеленіп жатса нұр үстіне нұр болмақ!
Жәнібек Әбішев