
Топтық кезең. 3-тур. Қазақстан – Литва - 2:0.
- Еркебұлан ойын қалай өтті?
– Ауыр матч болған секілді. Топ ішіндегі соңғы ойын ғой. Жеңіске жетпегенімізде жағдай қиын болар еді.
– Екінші голды керемет соқтыңыз да көпшіліктің көзіне түстіңіз.
– Ең бастысы топтан бірінші орын алып шықтық. Қазақстан осыған дейін топтан шыға алмай келді. Осының өзі жетістік.
– Енді ширек финалда Словениямен ойнайсыздар...
– Иә, оларды да жеңуге болады. Тырысамыз. Әр ойын сайын біз жеңіс үшін ойнап жатырмыз.
Словения құрамасының бізге қарсылас атанғаны дұрыс болған секілді. Себебі, биылғы Словения өткен жылғы құрамда емес еді. Өткен жылы олар «Гранаткин Мемориалы» жарысының чемпионы атанған.
Ширек финал. Қазақстан – Словения - 2:0.
– Еркебұлан бүгінгі ойын жеңіл өткен секілді ғой.
– Екінші минутта Жанәлі Пайруз гол соққаннан кейін жеңіл болды, әрине. Жылдам гол кез-келген командаға басымдылық береді. Алаңда сенімді қимылдай бастайсың. Ал, қарсылас керісінше.
– Әзірбайжанмен өткен ойын алдында Сізге Бауыржан Исламхан хабарласып, сәттілік тілеп еді. Жалпы осы ойыншыны көп айтасыз. Сыры неде?
– Менің футболда сыйлайтын ойыншым осы кісі. Исламханның ойынын көріп риза боламын. Өнеріне тәнтімін. Біраз дүниені сол кісінің ойынынан үйрендім.
Жартылай финал. Қазақстан – Грекия - 2:1.
– Бүгінгі ойындарыңызға бәрі риза. Тамаша матч болды. Финалға шықтыңыздар!
– Рахмет. Қолдау білдіріп жатқан жанкүйерлерді сезіне бастадық. Енді финалға шығып отырмыз. Соңғы күшті сарп етеміз.
– Бүгін гол соқпасаңыз да екі гол сіздің арқаңызда соғылды.
– Бірінші жағдайда мені қайта-қайта қорғаушылар шала берді. Төреші пенальти берді. Ал, екінші голдың кезінде әріптесім Айдос Оралға пас бердім. 10 адаммен жүріп финалға шықтық.
– Есеп 2:1 болған кезде бір футболшыға кем жүріп, неге уақытты созуға тырыспадыңыздар. Айып добы кезінде қатты асығасыздар.
– Біз шынын айтқанда олай ойнап үйренбеген секілдіміз. Тез-тез шабуылдап, мүмкіндік болса мүлт жібермеуге тырысамыз. Ондай жағдайлар тәжірибиемен келетін шығар.
Ойынның 42-ші минутында Жанәлі Пайруз алаңнан қуылып еді. Соның салдарынан екінші тайм түгел біздің команда бір футболшыға кем ойнады. Бірақ, соның өзінде де жігіттер бір гол соқты.
Финал. Қазақстан – Ресей - 0:1.
– Еркебұлан күміс құтты болсын!
– Жеңіске жетпегеніміз өкінішті. Алайда, жалпы турнирде жеткен жетістігіміз жаман емес секілді.
– Турнирдің "Үздік шабуылшысы" атандыңыз.
– Сыйлық алған әрқашан жақсы ғой. Бірақ, өзге құрамаларда ойнайтын шабуылшылардың ойынын шын айтсам қарамадым. Бәлкім менен де мықтылар болған шығар. Ең басты марапатқа лайық адам ол - бас бапкеріміз Александр Кузнецов. Жалпы біздің осы жетістікке жеткеніміз сол кісінің арқасы.
– Сізге қазірден бастап көптеген клубтар көз тігіп отыр. Тараз футболының келесі таланты деп жатыр сыртыңыздан. Бәлкім «Тараз» командасына ауысатын шығарсыз.
– Қазір ештеңе де айта алмаймын. Мені жастайымнан баптап, ақыл-кеңесін аямайтын жанашыр адамым бар. Ол Григорий Хутиди. Менің қайда ойнайтынымды сол кісі шешеді.
– Сұқбатыңызға рахмет!
Ермұхамед МӘУЛЕН
Біздің серіктес: FONBET