Жарнама
Жарнама

Еркебұлан Сейдахмет: «Ұлттық құрамаға Исламхан жетіспейді»

20.04.2022, 02:26
Алматының «Қайрат» клубында 2000 жылы дүниеге келген екі футболшы бар. Біреуі – отандасымыз Еркебұлан Сейдахмет, екіншісі қырғыз Гүлжігіт Әліқұлов. Осы екі ойыншыға «Қайрат» клубы ғана емес, Қазақстан мен Қырғызстан жанкүйерлері де ерекше сенім артады. Жақында Сейдахмет пен Әліқұлов «ЖБ Подкаст» бағдарламасына келіп сұхбат берді. Осында айтылған әңгімелердің қызықтысын оқырман назарына ұсынамыз.
Жарнама
Жарнама

– Ең алғаш елдің назарын аударған тұста саған көптен мақтаулар айтылды. Осындай қолпаштау, ерекше сенім психологиялық тұрғыдан қиынға соққан жоқ па?

– Ол кезде 17 жаста едім. «Тараз» командасында ойнап жүрдім. Арада бір жыл өткенде ұлттық құрамаға шақыртылдым. Сол кезде алғашқы голымды да соқтым. Ал жарақат алып, карьерам төменге қарай құлдырай бастағанда бәрі жазады. Сондай кезде қысым пайда болады.

– Жалпы, Қазақстан футболында осындай кезде ойыншымен жұмыс істейтін психолог бар ма?

– «Қайратта» болған. Бірақ біздің жігіттер психологқа сенбейді. Олар психологқа қарағанда бапкермен сөйлескенді құп көреді.

– «Тараз» клубын таланттар шеберханасы дейді. Қазақ футболына қаншама есімдер сыйлаған Тараз мектебінің құдіреті неде?

– Меніңше, Тараздың кез келген бұрышында балалар футбол ойнайды. Қалада көңіл көтеретін орындар көп емес. Сондықтан жігіттермен футбол ойнағанды жақсы көреміз. Алматыда аулаға шықсаң, ешкім доп теуіп жатпайды. Таразда керісінше, кез келген алаңда ұлдар тұрмақ, қыздардың өзі доп қуалап жүреді. Сосын жақсы бапкерлер көп.

– Гүлжігіт Әліқұлов «Қайратқа» келгенде көмектескен боларсың?

– Оған басында қиын болатынын білдім. Сондықтан жігіттермен бірге көмектесуге тырыстық. Өзім кезінде «Уфада» ойнағанда бастан өткергенмін. 18 жасымда Башқұртстан астанасында жалғыз болдым. Басқа мемлекет, ешкімді танымаймын. Кейде өзімнен үлкендер жаттығуда тиісіп қалады. Қазақстанда мұндай әлімжеттік, дедовшина деген жоқ. Ол жақта сондай қалыптасқан. Үйге қайтқым келіп жүрді. Сол себепті Гүлжігітке көмектестім. Қазір Өзбекстаннан Жасур келді. Оған да мейлінше көмектесіп жатырмыз.

– «Уфада» қиын болғанын айтып қалдың. Бұл жағдай Ресейде карьераңды жалғастыруға өз әсерін тигізді ме?

– Ресейге өте ерте бардым. Ол кезде басқа чемпионатта ойнау дегеннің не екенін білмедім. Ал қазір өзімді қалай ұстау керектігін білемін. Ресей чемпионатына бейімделуге көмектесетін адам болмады. Өзім жалғыз тұрдым. Уфада менталитет басқа, орыстар көп. Үлкендердің жас ойыншыларға деген қарым қатынасы да дұрыс емес еді.

– Неліктен Қазақстанда мұндай жоқ?

– Бізде қазір жас ойыншылардың саны көп. «Қайратқа» алғаш келгенде Исламхан, Қуат ойнады. Ал жас футболшылардың саны үш-төрттен аспады. Ол кезде бізді үнемі кінәлап, жұмсай беретін. Ал қазір «Қайраттағы» жас ойыншылардың саны 10-15. Сондықтан кімді жұмсап, кімге ұрысатындарын білмейді. Сосын кейбір жас ойыншылардың үлкендерге деген құрметі жоқ. Бұл дұрыс емес. Меніңше, керісінше, жасы үлкендерді сыйлау керек. Одан жаман болмайсың.

– «Қайратта» осы күні қорғаныста ойнап жүрсің…

– Қосалқы құрамда отыра бергенше, қандай позиция болсын алаңда жүрген дұрыс. Қорғаушы болып ойнап та үйреніп қалдым.

– Премьер-лигада бұл қалыпты жағдай ма?

– Қазақстанда ешкім өз позициясында ойнамайды. Мысалы, Арсен Бораншиев өмір бойы орталық жартылай қорғаушы болып өнер көрсеткен. Ал қазір қорғаныста жүр. Бұл жақсы тәжірибе. Егер басқа чемпионатқа ауысып жатсақ, мұның бәрі керегімізге жарайды. Өзге біріншіліктерде бір позицияда 2-3 футболшыдан болса, бізде бір футболшы жарақат алса орнына адам таппайды.

– Әмбебап ойыншылар туралы айтқанда, Бактиер Зайнутдинов еске түседі.

– Бактиер екеуіміз 2018 жылы «Таразда» бірге ойнадық. Сол кездің өзінде кәсіби футболшы екені көрініп тұратын. Уақытында тамақтанып, уақытында ұйықтайтын. Егер телефон пайдалануға 2 сағат берсе, тек сол рұқсат етілген кезде ғана интернетке кіретін. Кейін ұйқыға жатады. Осындай режимнің арқасында 2018 жылғы маусымда 7 гол соқты. Ал қазір бірнеше позицияда ойнауы, футболдағы қабілетіне байланысты.

– Бразилиялық футболшы Вагнер Лавпен де бір командада ойнадың. Өмірде қалай екен?

– Вагнерден нағыз кәсіби футболшыға тән қасиетті байқайсың. Энергиясын шашып тұрады. Жаттығуда жастардан жылдам жүгіреді. Жастар одан көп нәрсе үйрендік. Сондықтан кеткенін қаламадық.

– Футболмен айналысқанда қай ойыншыға қарап бой түзедің?

– Мен Бауыржан Исламханға қарап өстім. «Тараздың» матчтарын көрген кезде мүлдем доп жоғалтпайтын. Ал «Қайратқа» келгенімде жаттығуда Исламхан ерекше есте қалыпты. Талант жағынан ол Қазақстанда бірінші деп айта аламын. Ұлттық құрамаға Бауыржан жетіспейді.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров