Жарнама
Жарнама

Ерлан Оразаев: «Өткен жылы командаға Горовенконы шақырған кезде мені «команданың түбіне жеттің» деп айыптаған болатын»

14.04.2021, 22:35
Ерлан мырза командаға білікті бапкердің тағайындалатынын хабарлады.
Жарнама
Жарнама

"Шахтер" клубының атқарушы директоры Ерлан Оразаев Meta-ratings.kz сайтына берген сұхбатында Горовенконың командадан кету себебін және неліктен Әлиевті таңдағаны туралы, сондай-ақ жас бапкерге не жетіспегенін және трансферлік қателіктердің нақты себептері жайлы айтып берді.

- Ерлан Жаңатайұлы, сіз "Шахтер" жанкүйерлеріне үндеу жасадыңыз, онда бапкер таңдауда қателік жібергеніңізді мойындадыңыз. Команданы еурокубокке шығарған Горовенко клубтан неге кетті және таңдаудың неліктен Әли Әлиевке түскенін түсіндіріп бере аласыз ба?

- Иә. Мен өзім де бұл сұраққа нүкте қойғым келеді. Жанкүйерлер жағдайдың қалай болғанын білмейді, тек "құрғақ" ақпаратқа сенім артады. Футболда көптеген нюанстар бар.

Горовенкодан бастайық. Біз онымен қоштасуды ойлаған да жоқпыз, маусым соңында біз осы жаттықтырушымен бірге жұмыс істей береміз деп шештік, өйткені ол бізге көмектесті, сондай-ақ соңғы 8 жылдағы ең жақсы нәтижеге қол жеткізді, біз Конференция лигасына жолдама алдық. Өткен маусымның басында бізді осы жетістікке жетеді деп ешкім ойламаған еді.

Бірақ жағдай осылай өрбіді, біз қаңтар айының ортасына дейін бюджеттің қанша болатынын білмедік. Константин Александрұлы чемпионат аяқталғаннан кейін бізге басқа да ұсыныстары бар екенін хабарлады және келісім-шартты ұзартуды талап етті. Бюджеттің көлемі анықталғанға дейін біз ешкіммен келісім-шартты ұзарта алмадық. Бұл шындық. Естеріңізде болса, сол сәтте барлық клубтар қаржыландыру мәселесіне тап болған еді. Нәтижесінде Горовенко кетті, ол "Жетісу" клубына баратын болды. Бұл жағдай біз үшін де жағымсыз болды, өйткені біз жаттықтырушыны ауыстыруды жоспарламаған едік.

- Неге оның орнына тәжірибелі маман емес, Әлиевті шақырдыңыздар?

- Тағы да, біз қаржылық мүмкіндіктерімізге сүйендік. Естеріңізге салайық, Мәдениет және спорт министрлігі әкімдіктер футбол клубтарына 800 миллионнан артық қаражат бөлмесін деген шешім қабылдады. Біз осы сомадан бастадық. Танымал және үздік жаттықтырушылар біз үшін тым қымбат болды. Мен Әлиді көп жылдан бері білемін, оның жұмысын қадағаладым. Маған ол "Шахтерді" баптай алатындай көрінді. Мүмкін бұған менің Горовенконы тағайындау туралы бұрынғы шешімімнің сәтті болып шыққандығы да әсер еткен шығар. Мен оған сендім, тәуекелге бардым және ол да көңілімді қалдырмады. Маған Әли Ханалиұлы да командада сәтті жұмыс істейтіндей көрінді. Бізге барлық қиындықтарға қарамастан жұмыс істейтін адам керек болды.

- Неліктен бұл жұмыс оның қолынан келмеді?

- Мен үшін бұл да жұмбақ болып табылады, өйткені оқу-жаттығу жиынында бәрі жақсы болды. Ойыншыларға оның тәсілі ұнайтынын көрдім, жаттығу процесі, командадағы микроклимат өте жақсы болды. Маусым басталғанға дейін біз жақсы көңіл-күйде жүрдік. Біз ОЖЖ-да жақсы ойнадық, ешкімнен кем болмадық, Әлиев жастарды батыл түрде негізгі құрамына қосты. Бірақ содан кейін, жарақаттар көбейе бастады. Бірінші матчтан-ақ ойыншылар жарақат алды. Оның ішінде ең маңызды ойыншылар - Шацкий, Граф, Павлов секілді ойыншылар қатардан шығып қалды. Бұл шығындар тек алғашқы 2 турда орын алды. "Қызыл-Жарға" қарсы өткен ойыннан кейін Вук Митошевичтен "Таразбен" өтетін матч алдында Дэвид Атанаскоскиден айырылдық.

Біз кез келген көшбасшы ойыншыларды еш қиындықсыз ауыстыра алмаймыз. Біздің жергілікті жастарға артқан сеніміміз ақталмады, жігіттер алаңға шығып, өздерін жоғалтып қойды. Олар команданы алға сүйреуі керек еді.

Мен сондай-ақ маусымға деген дайындық нашар болды, бастапқы жоспар бойынша жүрмеді деп айта алмаймын. Бюджет көлемі белгісіз болғандықтан, біз ОЖЖ-ын Қарағандыда стандартты емес көгал төселген манежде бастадық. Бұл жиында тек жергілікті жас футболшыларды бақыладық. Біз қаңтар айының басында Түркияға ұшып, үш ОЖЖ-ын өткізуіміз керек еді, бірақ біз кешігіп қалғандықтан, бір ғана оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Бұл біздің дайындығымызға өз әсерін тигізді

- Команда әлі күнге дейін өз стадионында ойнай алмауда. Бұл да қатты әсер етті ме?

- Сөзсіз. Бізге жанкүйерлердің қолдауынсыз ойнау өте қиын. Тіпті таза психологиялық тұрғыдан алғанда, бір қонақ үйде ұзақ уақыт тұрақтап, басқа қалада жаттығу жасау өте қиын. Бірақ біздің стадион әлі дайын емес, былтыр ол жөндеуден өтті, енді көгалдың дайын болуын күтеміз.

- Неліктен жөндеу жұмыстары ұзақ уақытқа созылды?

- Бұл сұраққа жауап бере алмаймын, өйткені клуб стадион мәселелерімен айналыспайды. Менің білуімше, онда белгілі бір қиындықтар туындады. Сонымен қатар өзіңіз білетіндей, барлық жұмыс пандемияға байланысты қиындады. Егер пандемия болмағанда, стадион былтыр дайын болатын еді. Біздің алаңның жаңа төсеніші Беларуссияның шекарасында тұрып қалды, елдегі саяси жағдайға байланысты осылай болды. Көгал Қазақстанға тек қараша айында келді.

Наурызда ауа-райы қолайсыз болып, жауын-шашын көп болды, өткен айда қар жауды. Оның еруін күтуге тура келді. Сәуір айының басында көгалды төсеу жұмыстары басталды, бізге мамыр айында бәрі дайын болады деп уәде берді.

- Енді Әлиевке қайта оралайық. Сіздің достығыңызды ескерсек, онымен қош айтысу қиын болды ма?

- Бұл менің "Шахтерде" жұмыс істеген уақытымдағы ең қиын сәт - оның жұмыстан кету туралы арызына қол қойған кезім. Оның өзі де осы сәтке қатты алаңдайды. Әлиев маған және клубқа көмектесу үшін келген еді. Бірақ бұл футбол - жағдай мүлдем басқаша өрбіді.

- Әлиевтің сәтсіздіктері ең алдымен сізге кері әсер етеді. Жанкүйерлер сізді жай ғана досын бапкер етті деп кінәлайды.

- Егер сұрақ жай Әлиді жұмысқа орналастыру туралы болса, мен оны былтыр жұмысқа алар едім. Түсіну керек, мен бас бапкер лауазымына досымды емес, оған мүмкіндігі бар жас қазақстандық маманды шақырдым.

Ал жанкүйерлерге келетін болсақ, мен олардың сынына оң көзқараспен қараймын. Бірақ мен олардың жағдайды түсінуге тырыспайтынына аздап ренжідім. Естеріңізде болса, былтыр мені Горовенконы шақырғаным үшін ұрысқан болатын. Олар маған "Қызметіңнен кет! Команданы құрттың!" деген хабарламалар да жазды.

Мен жанкүйерлер команда жеңген кезде ғана емес, әрдайым бізбе бірге болғанын қалаймын. Кез-келген клубтың қуаныш пен қайғылы сәттері болады. Бұл менің жанкүйерлерге деген шағымым емес. Мен барлығын ортақ мақсат біріктірген кезде ғана қиын жағдайлардан шығу оңайырақ болады деп айтқым келеді. Командаға қазір тек қолдау қажет.

- Жаңа бапкер кім болады?

- Іздеп жатырмыз, білікті маман болады деп айта аламын. Біз бірқатар үміткерлерді қарастырып жатырмыз. Сіз мұны жақын арада білетін боласыз.

- Сіз үндеуіңізде командада өзгерістер болатындығын да жаздыңыз. Ол нені білдіреді?

- Біз алаңдағы көзқарасы мен жұмысы бізге сәйкес келмейтін кейбір ойыншылармен қоштасамыз. Олардың орнына білікті футболшыларды шақырамыз. Бірақ мұның бәрі жаттықтырушы тағайындалғаннан кейін ғана орын алады.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров