Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында кәсіби спортты дамытуға бөлінген бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалғаны туралы мәлімдеді,
ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов қазіргі таңда кәсіби спорттың қалай дамып жатқанын, сондай-ақ «Астана» футбол клубының жағдайы туралы айтып берді:
— Ерлан Тоқтарханұлы, сіз спортқа жауапты адамсыз. Сізбен футбол туралы сөйлессек. Оған қоса, Сіз осыған дейін Қазақстан футбол федерациясын басқарған едіңіз. Біздің клубтардың осы жылғы Еуропаға жорығы жақсы басталды, тіпті, мықты командаларды артқа тастадық, бірақ соңғы нәтижеміз мүлде көңіл көншітпейді. Ұятқа қалдық десек артық айтқандық емес. Ел чемпионы «Қайрат» екі ойын қорытындысы бойынша армениялық командадан жеңілді. «Астана» финдерге қарсы кездесуде 3:1 есебімен алда тұрып, қорытынды есепте 3:4 есебімен жеңіліп қалды. Ал «Тобыл» словактарға сырт алаңда 0:5 есебімен оңбай ұтылды. Осы орайда айта кететін бір жәйт, біздің клубтардың жылдық бюджеті қарсыластардан қарағанда бірнеше есе көп, тіпті 10 есе жоғары десек болады. Жанкүйерлер риза емес. Әлеуметтік желілер шулап тұр. Бізге осындай футбол керек пе?
— Әрине, бізде футболдың жағдайы көңіл көншітпейді. Бірақ, бұл жердегі нәтижелерге әр жағынан қарау қажет. «Қайрат» – жеке клуб, Әлемдік деңгейдегі база салып, топ академия құрған, Қайрат Боранбаевтың төл баласы. Ол «Лейпциг» клубымен ынтымақтастық орнатты, Ресейде «Қайрат-Мәскеу» командасын құрды, оның ойыншыларының көпшілігі қазақстандықтар және өз академиясының түлектері. Біздің проблемамыз – бізде Боранбаев сияқты адам біреу. Менің ойымша, ол клубының жеңілісімен өзі бас қатыруы тиіс, өзі шешетін мәселе деп қарар едім. Ең бастысы, «Қайрат» бюджет қаржысымен өмір сүрмейді. «Қайрат» сияқты командалар көп болса деп тілейсің.
Иә, «Тобыл» көңіл қалдырды, бұл бірінші рет емес. Бірақ, Қостанайда облыс әкімі манеж салып, стадионды күрделі жөндеуден өткізді. Менің білуімше, ол қазір стадионға соңғы үлгідегі жасанды алаңды төсеп жатыр. «Тобыл» сапында ұлттық құрамамыздың көшбасшы ойыншыларының басым бөлігі бар. Олар Еуропада ойсырай жеңілді, біздің қазіргі деңгейіміз осы. Егер біздің құраманың көшбасшы футболшылары словакиялық жастардан жеңілсе, ол біздің футболдың деңгейін анық көрсетеді. Иә, «Тобылдың» нәтижелері өте төмен, бірақ олар кем дегенде инфрақұрылымды жақсарту үшін белгілі бір деңгейде жұмыс жасап, инвестиция тартып жатыр.
Мен үшін ең басты таң қалу, әрі көңіл құлазытқан – бұл «Астана». Көп жылдар бойы клуб біздің футболдың флагманы болды, оның бюджеті жылына 30 миллион долларға дейін жетті. Осының нәтижесі қайда? Ештеңе де жоқ. База жоқ, академия жоқ. Осы жылдар ішінде бірде-бір футболшыны тиімді, пайда әкелетін қаражатқа сатқан жоқ. Барлық ақша негізсіз қымбат легионерлерге, олардың агенттеріне, көтергіштерге, трансферлерге жұмсалды. Таблода ойын есебі ғана қалды, оған қараудың өзі ұят. Клубта толықтай «бардак».
— Бірақ «Астана» туралы айтқаныңыздың осы жылға қатысы жоқ шығар? Өйткені, жыл басынан бастап клубтардың бюджеті қысқарды емес пе?
— Биыл Мемлекет Басшысының Жолдауын орындау үшін барлық кәсіби спорт клубтарын қаржыландыру қысқартылды. Кейбір клубтар бұл қысқартудың маңыздылығы аса жоғары емес деп түсінсе керек, олар қатты қателеседі, әрі ол үшін нақты есеп береді. Мысалы, «Астана» футбол клубының осы жылғы бюджеті 5 миллиард теңге, ал қалған клубтардың барлығында 1,2 миллиард теңгеден аспайды. Ал осының нәтижесі қандай болды? Еуропадағы сәтсіздік.
— «Астана» басшылары «Астананың» өткен жылдардағы үлкен борыштары туралы айтып, сол жағдай клубқа жоғары міндеттерді шешуге мүмкіндік бермейді деген пікірде.
— Ендеше, талқылайық. «Астана» осы жылға 4,2 миллиард теңге кредиторлық берешекпен кірді. Қазақстанда мұндай қарыз ешқашан бірде-бір клубта болған емес. Бұл қарыздардың көп бөлігі 2020 жылы, яғни "ковид" жылы пайда болды. Клуб белшесінен берешекке батып, енді оны мемлекет есебінен қайтарғысы келеді. Бірақ бұл қарыздардың көптеген компоненттері зерттеле келе үлкен сұрақтар туғызды. Біз көптеген қарыздардың пайда болуының заңдылығына елеулі күмән бола тұра, ақшаны оп-оңай бере алмаймыз. Қазір бұл ақша сенімді қорғалған. Бірақ ол клубқа барған бетте, күмәнді келісімшарттар есебінен басқа тараптарға кету қаупі бар. Біз оған жол бермейміз.
— Бұл қарыздар немесе олардың бір бөлігі «қолдан жасалғандай» естіледі екен.
— Өкінішке қарай, мұны да жоққа шығаруға болмайды. Аудиторлар жұмысын аяқтайды. Біз кредиторлық берешекті өтеу барысында халық ақшасын ысырап етуге жол бермейміз. Біз заңды әрекет ету шараларын қабылдаймыз. Қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.
— Тексеру жүріп жатқаны түсінікті, бірақ сенімді болу үшін «Астанадағы» "бардактың" нақты мысалдарын келтіре аласыз ба?
— Қазір тексеру жүріп жатқандықтан, көп нәрсені көпшілікке ашып айта алмаймын. Бірақ бізді қатты мазалайтын жағдай, клуб іс жүзінде бір жолдастар тобына және шетелдіктерге сыртқы басқаруға берілген. Шын мәнінде, клуб барлық заңды, ішінара спорттық және маркетингтік жұмыстарды ресейлік компанияға, соның ішінде түсініксіз тұлғаларға және олардың тарапынан ешқандай жауапкершіліксіз тапсырған. Бұл дегеніңіз «Астананы» біздің менеджмент емес, күмәнді шетелдік компания басқаратындай көрінеді. Жалпы, егер барлық жұмысты өте үлкен көлемдегі ақшаға шетелдік кеңсеге тапсырған болса, бұл жағдайда «Астанаға» бас директор, заңгерлер, маркетологтар не үшін керек екені белгісіз? Көптеген келісімшарттар мен қарым-қатынастар «Астананың» мүдделсіне қарсы тұруда.
Бір айқын мысалды келтірейін: «Астана» осы кеңсеге жаттықтырушы Григорчукпен бітімгершілік келісім жасасуға дейінгі барлық құқықтар мен өкілеттіктерді беріп, дауды шешуді тапсырған. Бітімгершілік келісімі бойынша «Астана» тарапы Григорчукқа бірнеше траншпен төлем жасауды көздеді. Бірақ төлемнің мерзімін өткізіп алған жағдайда «Астана» Григорчукке күткендей күніне 0,01 немесе 0,02% емес, бірден 200 мың еуро төлейді. Нәтижесінде, клуб Григорчукқа 866 мың еуро негізгі қарызынан басқа, кешіктіргені үшін тағы 400 мың еуро төлеуге мәжбүр болады. Тиімді мөлшерлеме еурода жылдық жүздеген пайыздармен есептеледі. Бұл ақылсыздық, сондықтан кешіктіруді шешудің мұндай тәжірибесі толықтай абсурд. Ол «Астанаға» арнайы залал келтіру үшін жасалған сияқты. Клуб халықаралық мықты заң компаниясын жалдаған кезде, біз «Астананың» мүддесін қорғаудың мүлде басқа деңгейін күтуге құқылымыз. Нәтижесінде, ешқандай қорғауды көріп тұрған жоқпыз. Керісінше, толықтай мүддені басқа тарапқа беріп қойған. Біз жағдайды осылай көріп тұрмыз. Сондықтан да біз клубқа осы кеңсемен барлық қарым-қатынасын бұзуды бұйырдық. Олардан келетіні тек қана шығын. Олардың іс-әрекеттеріне әлі де процедуралық баға беру керек.
Әрі қарай жалғастырайын. «Астанада» жалақы мөлшері тым жоғары. Олар кейбір легионерлерге айына 50-60 мың еуро төлейді, ал жыл сайын ондаған және жүздеген мың еуроға көтергіштер тағайындалады. Бір футболшының орташа айлық табысы 70-80 мың еуроға жетеді. Не үшін? Финдердің бүкіл командасы, біздің бір ойыншы алатын жалақыны алады және олар келесі кезеңге өтті. Сіз қай елде тұрасыз? Балаларға, жанкүйерлерге, бүкіл Қазақстанға қандай пайдасы бар? Біз клубқа қаржылық тәртіпті, негізгі тәртіпті енгізгіміз келеді, бірақ олар оған қарсы.
— Қалайша?
— Онда сіз үшін бір мысал. Біз тиімділікті арттыру және теріс пайдалануды болдырмау үшін трансферлік комитет құруды ұйғардық. Бұл табиғи қадам деп есептеймін. Трансферлік комитеттер барлық дерлік клубтарда бар. Бірақ бұл жерде болмады. Клуб Агенттік келісімшарттарды трансферлік Комитеттің өкілеттіктері шеңберінен шығаруды ұсынды, дегенмен агенттік төлемдер мәміленің ең маңызды параметрі болып есептеледі. Клуб агенттік төлемдерді өздері шешетінін мәлімдеді. Дегенмен, біз агенттік және көтерме төлемдердің кез келгеніне тыйым салуды, ал жалақыларын теңгеге аударуды ұсындық. Шын мәнінде, клубтың бюджеті теңгемен бола тұра, айлық жалақыны доллармен немесе евромен қалай белгілеуге болады? Курстың кез келген теріс динамикасы, сізге негізсіз кредиторлық берешек әкеледі. Бірақ клуб біздің талаптарымызды мүлде елемеді. Нәтижесінде, барлық жаңа ойыншылар агенттік 15% - ға қол қойды, олардың заңдылығы күмән тудырады, ал олардың негізділігін біз көре алмаймыз.
2018 жылдан бастап «Астананы» қаржыландыруға шамамен 45 миллиард теңге бөлінді. Бір «Астанаға» бүкіл қазақстандық спортқа қарағанда көбірек ақша жұмсалды. Неге? Биылғы жылы сияқты бюджеті мүлде аз финдерден жеңілу үшін бе, әлде, өткен жылғыдай қарапайым Черногорияның «Будучность» сияқты ортанқол ұжымына ұтылу үшін бе? Жыл сайын бірдей көрініс: біз бюджеті бірнеше есе аз, дәлірек айтсақ, біздің команданың бюджетінен он есе төмен командаға ұтыламыз. Мұндай заңсыздық бұдан былай жалғасуы мүмкін емес. Әуесқойлар біздің шешімдерімізге қарсы шексіз бюджеттерді пайдаланады. Сондықтан біз бәрін дұрыс жасаймыз. Бұл «бардакты» тоқтататын уақыт жетті.
— «Астананың» алдағы тағдыры қандай болмақ?
— Келесі жылға арналған бюджет тағы 40%-ға қысқарады. Екі пікір болуы мүмкін емес. Президент тапсырды. Біз орындаймыз. Мұны түсінбегендер, футбол тарихының шетінде қалады. Бұл тек «Астанаға» ғана емес, барлық клубтарға қатысты.
Біздің серіктес: FONBET