Жарнама
Жарнама

Ерлан Жамантаев: «Біздің стадионда БАТЭ өз ойындарын өткізгісі келді»

Жамантаев ҚФФ-ның ұсынысынан бас тартып, «Ақтөбеде» қалу туралы шешім қабылдады.
Жарнама
Жарнама

«Ақтөбе» ФК басқарма төрағасы Ерлан Жамантаев БАҚ өкілдерімен болған баспасөз мәслихатында клубтан кетуі жайлы тараған ақпараттың мән-жайын түсіндіріп, стадионға жүргізілетін жөндеу жұмыстары мен атқарылып жатқан шаралар туралы айтты. 

- «Астанамен» болған ойыннан кейін «Ақтөбе» жанкүйерлерімен қоштастыңыз және Сіздің Қазақстан футбол федерациясында жаңа қызметке тағайындалатыныңыз туралы ақпарат пайда болды. Бұл қаншалықты рас? 

- Ия, бірнеше күн бұрын ҚФФ-нан ұсыныс келіп түсті. Жеті департаментке жауап беретін техникалық директордың орынбасары лауазымын ұсынды. Оның ішіне ұлттық құрама, төрешілік, балалар, әйелдер футболы, бұқаралық спорт және футзал кіреді. Мені бұл жұмыс қызықтырды. Себебі бұған дейін жоғарыда аталған саланың барлығында жұмыс істегенмін. Тәжірибемді қолданып, федерацияға пайдамды тигізгім келді. 


Менің «Ақтөбеден» кететінім туралы мәселе шешіліп қойған еді. Бірақ жанкүйерлер мұны дұрыс түсінбей, мені облыс әкімдігі жұмыстан қуып жатыр деп ойлады. Бірақ шешімді мен қабылдадым. Жанкүйерлермен қоштасып, қайта келгенім біртүрлі болды. Ойлана келе, бастаған істі соңына дейін жеткізейін деп шештім. 

- «Ақтөбе» чемпион болуға ұмтылмайды деген пікірге қатысты не айтасыз? 

- Мен бұл пікірлерді БАҚ беттерінен оқыдым. Маусым басында біздің алдымызда жүлдегерлер қатарынан көріну, яғни медальдар үшін күресу деген мақсат тұрды. «Ақтөбе» чемпион болғысы келмейді деген пікірмен келіспеймін. Кімге чемпиондық ұнамайды? Түсінсем бұйырмасын. Мысал ретінде айтайын, рояльды таситын адам бар, және ойнайтын адам бар. Бірақ қара жұмыс атқарған адамның еңбегі еленбей қалады. Қамбаров аянбай еңбек етеді, командаға көп көмектеседі. Бірақ ол өзімен-өзі болғысы келетін адам, жасаған жұмысымен мақтанбайды. Ол кісі маусым басталмай жатып-ақ «бізге ұлттық құраманың ойыншылары көп керек, ал қалған позицияларға сапалы легионерлер аламыз» деп айтты. Қазір командамызда Қазақстан құрамасының тоғыз ойыншысы бар. Соңғы ойындарға бесеуі шақырту алды. Сондықтан оның жасап жатқан жұмысын білмей жатып, күйе жағу дұрыс емес. 

- Стадионға жөндеу жұмыстары жүргізіле ме? Егер жүргізілсе, команда өз алаңындағы ойындарын қайда өткізеді? 

- Мен бұл туралы облыс әкімімен сөйлестім. Жөндеу жұмыстары күзде басталады деген жоспар бар. Қалған ойындарды қосалқы стадионда өткізетін боламыз. Ол алаңымыз сертификациядан өткен. Дәл қазіргі сәтте қосалқы стадионда реконструкция жұмыстары жүргізілуде. Нақтырақ айтсақ, жарықтандыру жүйесін жаңартуда. Күзде күн қысқа болатындықтан, қараңғыда ойнауға тура келеді. Сол себепті қазір ол жақта тиісті шаралар атқарылып жатыр. Киім ауыстыратын бөлмені де жаңарттық. 


Енді Орталық стадионды жаңалағымыз келеді. Қазірдің өзінде стадионымыздың жағдайы жақсы. Жақында біздің қалада БАТЭ Еуропа лигасының іріктеу кезеңіндегі ойындарын өткізу туралы ұсыныс тастады. Бірақ біз бас тарттық. Біреуді жарылқамай жатып, өзіміздің алға қойған мақсатымызға ұмтылайық деп шештік. Біріншіден, бұл біздің команданың матчтарына да кедергі тудыруы мүмкін. Ал екіншіден БАТЭ-нің ойындарына жанкүйерлер қатыса алмайды. Егер жанкүйерлердің көруіне мүмкіндік берсе, олардың ұсынысын қабылдар едік. 


Жөндеу жұмыстары жоғары деңгейде жүргізілетінін айта кетейін. Стадионымызды УЕФА-ның төртінші санатына сай болатындай етіп жаңалаймыз. Реконструкция жұмыстарының қанша уақытқа созылатынын айта алмаймын. Себебі онымен біз емес, облыс әкімдігі айналысады. Біз оларға өз жоспарымызды бердік, енді қалғаны құрылысшылардың қолында. 

- Трансфер терезесі ашылды. Командадан кімдер кетеді және қандай позицияларды күшейткіңіз келеді? 

- Клубта трансферлік саясатпен бір ғана адам айналыспайды. Мұны бұған дейін де айтқан едім. Қазір біз әртүрлі ойыншыларды қарастырып жатырмыз. Трансфер жасауымыз да, жасамауымыз да мүмкін. Себебі қалтаға қарап, әрекет ету қажет. Бапкерлер штабының командадағы ойыншыларға көңілі толады. Бір-екі мәселе болып еді, кейбір футболшылар өзіне тағылған сыннан кейін жақсы ойнай бастады. Мен ойыншылармен әр апта сайын әңгімелесіп, сын айтып тұрайық деп қалжыңдап қойдым. Трансфер мәселесін бас бапкердің құзырына бердік. Біз тек жаттықтырушы айтқан ойыншыларды қарастырамыз. 


- Жақында ғана клубтың кассалары сары-қара түске боялды? Мұның себебі неде? 

- Біздің Parimatch дейтін демеушіміз бар. Олар бізге белгілі бір көлемде қаржы береді. Кассаны сары-қара түске бояу солардың талабы болды. Онда тұрған ештеңе жоқ, біз ең бастысы ақша табуымыз қажет. Бұған ешкім ренжімейтін шығар. Кассамыз басқа түсте болса да, командамыз «қызыл-ақ» болып қала береді. 

- Клубтың қаржылық жағдайы қалай? 

- Клубта ақша бар. Біз осы жылға берілген қаражатты әкімдіктен бөліп-бөліп аламыз. Бұл менің өтінішім болды. Егер ақша толық түссе, болашақты ойламай бәрін жаратып тастауымыз мүмкін. Ал бөлініп түссе, қалтамызға қарап көсілеміз, үнемдейміз дегендей. Біз енді әкімдіктен қаржының үшінші бөлігін аламыз. Сондықтан клубтың қоржынында ақша бар деп айта аламын.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров