Эрлинг Холандтан үміт үзген «Челси» «Интер» шабуылшысына көз тікті

03.08.2021, 16:06
«Аристократтар» ресми түрде ұсыныс жасап үлгерген екен.

"Челси" Эрлинг Холанд үшін болған қиын келіссөздерден кейін бар назарын "Интер" шабуылшысы Ромелу Лукакуға аударды.

Белгілі инсайдер Фабрицио Романоның хабарлауынша, "Челси" Ромелу Лукакуды сатып алу үшін ресми түрде 100 миллион еуро және қорғаушы Маркос Алонсоны ұсынды.

"Интер" басшылығы Лукакуды командада сақтап қалғысы келгендіктен бұл ұсынысты қабылдамады. Оның үстіне, бірнеше күн бұрын клубтың бас директоры Маротта Ромелудің клубтағы көшбасшы ойыншы екенін хабарлаған еді.

"Интер" Хакимиді ПСЖ-ға сатқаннан кейін үздік ойыншыларын сақтап қалғысы келеді, лондондық клуб алдағы уақытта ұсыныстағы қаржы мөлшерін ұлғайтуы мүмкін, бірақ италиялық клуб Лукакудың командадан кетпейтініне сенімді.