«Ертіс» ганалықтарды, «Астана» сербиялықтарды сан соқтырды
02.02.2015, 21:41
Жарнама
Жарнама
Қазақстандық клубтар маусымаралық үзілісті пайдаланып, Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарында жолдастық кездесулерін жалғастыруда. Павлодарлық «Ертіс» африкалық командамен ойнаса, «Астана» сербиялық ұжыммен күш сынасты.
Қысқы трансферде құрамына білікті ойыншыларды жинақтап алған «Ертіс» Гана елінің клубы «Инитиді» тас-талқан етті. Африкалық ұжым павлодарлықтардың соққан бес голына бір рет те жауап қайтара алмады. «Ертіс» сапынан Изу, Азат Ерсәлімов, Нивалдо, Еркебұлан Нұрғалиев және Сергей Игнатьев бір-бірден көзге түсті.
Ал ел чемпионы «Астана» сербиялық «Радтан» басым түсті. 29-шы минутта Елдос Ахметов қарсыласының қақпасынан саңлау таба алды. Үзілістен кейін мүлдем басқаша құраммен алаңға шыққан елордалықтар тағы да бір голмен қанжығаларын майлады. Бұл жолы 2014 жылғы Қазақстан чемпионатының бас мұрмергені Фокси Кетевоама көзге түсті. Қорытынды есеп – 2:0.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан екі жыл бұрын бұл қос команда оқу-жаттығу жиынында кездескен болатын. Ол кезде сербиялық клубтың айдарынан жел ескен еді, ал енді «Астана» сонда кеткен есені қайтара алды.