Осы уақыт аралығында ел футболында да біраз өзгеріс болды. Қаржылық жағдайға байланысты павлодарлық Ertis клубы футболдан Қазақстан чемпионатына қатысудан бас тартты. Кәсіпқой футбол лигасына аталған командадан өтініш келген. Онда футбол клубының қамқоршылық кеңесінің жалпы жиналысында клуб тарапынан қаржы және спорттық міндеттемелерді орындай алмайтыны жөнінде шешім қабылданғаны жазылды. Осыған байланысты команда 2020 жылғы OLIMPBET футболдан Қазақстан чемпионатына қатыспайтын болды.
– Қабылданған өтінішке байланысты Ertis футбол клубы чемпионатқа қатысушылар тізімінен шығарылады. Футболдан Қазақстан чемпионаты регламентінің 4.18 пунктіне сәйкес, егер де чемпионаттан шығарылған клуб чемпионат барысында 22 ойыннан кем кездесу өткізсе (1-ші және 2-ші айналымды аяқтамаса), оның барлық нәтижесі жойылады. Сонымен қатар Ertis командасы Қазақстан чемпионатына қатысудан бас тартқаны үшін клубтың жастар командасы екінші лига командалары арасындағы біріншілікке қатыса алмайды. Ertis футбол клубының барлық ойыны чемпионаттың жаңартылған күнтізбесінен алынып тасталады, – деп мәлім етті Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы.
Бұл жаңалық еліміздегі барша футбол мамандары мен біріншілікте өнер көрсететін футболшыларға да ауыр тиді. Өйткені Қазақстандағы ең титулды клубтың, футболдан 5 дүркін ел чемпионы атанған команданың қазіргі жағдайы тіптен қиын.
Қаржылық дағдарысқа ұшыраған клубтардың қатарында қызылордалық «Қайсар» да бар. Клуб қазірдің өзінде бюджетін 1,4 млрд теңгеге қысқартыпты-мыс. Ауызбірлігіне селкеу түсіп, берекесі қаша бастаған ұжымнан кеткісі келетіндер көп. Әсіресе, легионерлер командамен жасалған келісімшартты уақытынан бұрын үзуде. Олардың көпшілігі карантин кезінде айлықтарының қысқартылғанына наразылық білдірген. Алғашқылардың бірі болып командадан Иван Пешич кетті. Одан кейін клубтың тәжірибелі қақпашысы Александр Григоренконың, болгариялық шабуылшы Александр Колев, ресейлік қорғаушы Алексей Шумских және тағы басқа легионерлердің де командадан кететіні туралы ақпарат тарады. Бас бапкер Стойчо Младеновтың да «Қайсарда» қалу-қалмауы әзірге белгісіз.
Абылайхан ЖҰМАШ
Біздің серіктес: FONBET