Қонақтар чемпионатта 13 маусымнан бері 6-кездесуде қатарынан есе жіберіп отыр.
Сонымен қоса "Эспаньол" араға 27 жыл салып Примерамен ресми қоштасты. Енді келесі маусымды Хави Лопес бастаған жігіттер Сегундода бастайды.
Негізі "Эспаньол" қазіргі Испания біріншілігі құрылған (1929 жыл) сəттен бергі 89 маусымның 88-іне қатысқан.
Ал алаң қожайындары биылғы маусымда "Камп Ноуда" жеңілген емес (16 жеңіс, 2 тең ойын). Дегенмен түзде 5 рет қарсыласқа жол берген.
Жалпы бұл екі клуб арасындағы 194-ойын. "Блауграна" - 113, "тотықұстар" - 36 рет жеңсе, қалған матчтар тең аяқталған. Бас-аяғы 6 бəсекеде жолдары түйіскен екен.
Ең қызығы "Эспаньол" біріншілікте 22 ойын бойы "Барсаны" жеңе алмай келеді. Соңғы рет "Камп Ноуда" ресми түрде 2009 жылы ақпанда Иван Де Ла Пеньяның дублінен кейін үш ұпай олжалаған. Міне, одан бері тек жеңілістің ащы дəмі.
Айтқандай матчтағы жалқы голдың авторы Луис Суарес "Барселона" жейдесіндегі 195-голын салып, Ладислао Кубаланы (194 гол) айналып, сұрмергендер арасында 3-орынға жайғасты. Көш басында Лионель Месси (630 гол), екінші - Сесар Родригес (232 гол).
Сондай-ақ Антуан Гризманн өткен турда клубтық деңгейдегі 200-голын салды. "Атлетико Мадридте" (133 гол), "Реал Сосьедадта" (52 гол), "Барселонада" (15 гол).
Шәмкен Байырбек
Біздің серіктес: FONBET