Жарнама
Жарнама

ЕУРО – 2012. АЛАҢ ТӨРІНДЕГІ ҚЫЗЫҚТЫ ФУТБОЛ ҚОЙЫЛЫМДАРЫ

26.05.2012, 00:32
Жарнама
Жарнама

Төрткүл дүние көз тігуге асыққан  Еуропа Чемпионатының басталуына да екі аптадай ғана уақыт қалды. Биылғы біріншіліктің шымылдығы 8 маусым күні Варшавада өтетін Польша – Грекия матчымен  ашылады. Әлемнің миллиондаған фанаттары сияқты мен де бұл жарысты тағатсыздана күтудемін. Әдемі голдар мен шиіре бағытталған соққылар, алаңдағы алыс пен арпалыс, тамаша техника мен сәтті финттер, нәтижесі еш болжанбайтын матчтар мен қызықты кездесулер, жеңістің ләззаты мен жеңілістің көз жасына берілген футболшылар, адамға лық толған стадион атмосферасы, көгілдір экран алдындағы түрлі эмоция -  міне, біздің шыдамымды тауысқан себептер. Осы орайда  біз есте сақталған  тамаша футбол кездесулерін бір шолып өтпекке бел будық.

Франция 2 – 1 Италия (Еуро-2000). Ескі де болса есімізде қалған  ретро-матчтардың  бірі. Екі жыл бұрын Әлем чемпионатының жеңімпазы болған Франция бұл жолы кәрі құрлықтың мықтысы атанды. Финалда Дельвеккионың белсенділігімен есепті италияқтар ашса да, тоқсаныншы минут түгесер шақта Сильван Вильтор француздарды құтқарып қалды. Сондай-ақ бұл ойынның есте қалар тағы бір тұсы – Роттердамдағы «Де Куйл» стадионында футбол тарихындағы соңғы алтын доп соғылды. 103 минутта қақпадан табылған бұл доптың авторы – Давид Трезеге. Голландия 1- 3 Ресей (Еуро-2008). Соңғы Еуропа біріншілігі аясында өткен бұл ширек финалдық ойынды жанкүйерлер әлі де ұмытқан жоқ. Топтық кезеңді артта қалдырған ресейліктерді  Роббен, Ван Перси, Снейдер бастаған «ұшқыш голландықтарды» айналып өтеді деп кім ойлаған. Күллі славяндарға қуаныш сыйлаған Павлюченко, Торбинский және Аршавинның голдары  футболда барлығы болатындығын дәлелдеп кетті. Алпауыт көршімізден биыл да осындай ерлік күтеміз. Германия 3 – 2 Түркия (Еуро-2008). Массимо Бузакка төрелік еткен бұл кездесудің жеңімпазы тек соңғы минуттарда ғана белгілі болды. Ойынның 22 минутында Угур Борал есеп ашса, төрт минуттан соң Бастиан Швайнштайгер таразыны теңестірді. Германия құрамасының сұр мергені Мирослав Клозе 79 минутта немістерді алға шығарса, көп ұзамай Семих Шентюрк таблодағы көрсеткішті тағы да тең қылды. Алаңдағы ойыншылар мен стадиондағы жанкүйерлер экстра-таймға дайындалып жатқанда Филипп Лам бундес-команданы финалға шығарған голдың авторы атанды. Португалия 2 – 2  Англия (пен. 6-5) (Еуро-2004). Алаңның әр бұрышындағы тартысқа толы болған бұл кездесу төрт жыл бұрын өтсе де, миллиондардың есінде әлі де болса сақталары сөзсіз. Англияның атақты ардагері -  Майкл Оуэн ойындағы алғашқы голдың авторы. Матч аяқталар тұста Элдер Поштига жергілікті жанкүйерлер алдында Португалия құрамасының  абыройын сақтап қалды. Қосымша таймның 110 минутында Руй Кошта «еуропалық бразилияны» жеңіске бір қадам жақындатса, 5 минутан соң қарсыластар құрамындағы тағы бір арда ойыншы – Фрэнк Лэмпард тұманды Альбионға лотореяға билет сыйлады. Ойын соңындағы пенальтиде қақпасын аман алып қалған португалдық қақпашы -  Рикарду бұл драмадағы  жеңіс голының иегері. Англия 1- 2 Франция (Еуро-2004). Доп – домалақ. Португалиядағы он екінші Еуропа Чемпионаты аясында өткен осы бір кездесу соның толықтай дәлелі. Кейбір ойындарда айқын фаворит белгілі болса  да, төрешінің соңғы ысқырығы керісінше нәтижені тіркеуі ықтимал. Бір сөзбен айтқанда, кез келген кездесуде аспан айналып жерге түсуі мүмкін. Бұл ойын топтық кезеңде ойналса да, жоғарыда аталған финалдардан еш кем емес. Сондықтан, Еуропа біріншілігі дегенде ең алдымен осы бір тамаша матч бірінші болып есімізге еріксіз түседі. Ойынның 38 минутында Фрэнк Лэмпардтың баспен соққан голы ойындағы жалғыз болып қалатын сияқты болған. Францияны жасыл алаңдағы түрлі қиындықтардан сүйреп шығаратын Зинедин Зидан бұл жолы да жағдайды өз қолына алды. Ойынның 91 минутында айып добын сәтті орындаған Зизу жеңісті тойлауды бастап кеткен ағылшын жанкүйерлерін сабасына түсірді. Екі минуттан соң пенальтиден мүлт кетпеген Зизу  сілтідей тынған британ фанаттарының еңсесін тіпті түсіріп жіберді…

Нұршапағат НЕСІПБАЕВ

аламан сайты

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров