Жарнама
Жарнама

ЕУРО-2012. АНГЛИЯ ҚАШАН АЛТЫН АЛАДЫ?

08.06.2012, 08:10
Жарнама
Жарнама
«1966 жылы әлем чемпионы атанған Англия құрамасы әлі күнге Еуропа додасын жеңіп алған емес»деген сөзге сенесіз бе? Бірақ бұл – ақиқат. Ағылшындар 1960 жылғы алғашқы құрлық жарысына мүлде қатысқан жоқ. Келесі турнирдің 1/8 финалдық сатысы бұлардың футболды ойлап тапқанына жүз жыл толуына дөп келді. Бірақ мерейтойды лайықты атап өтудің сәті түспеді: олар француздардан тас-талқан боп жеңілді (1:1, 2:5). Дегенмен, Euro тарихындағы ең көп жанкүйер жиналған матч ағылшындардың қатысуымен өткен. 1968 жылғы доданың іріктеу кезеңіндегі Шотландия – Англия (1:1) ойынын Глазгодағы «Хэмпден Парк» стадионында 134 мың 500 адам тамашалапты! Алайда топтан озып шыққанымен, сэр Альф Рамсейдің командасы жартылай финалда Югославия футболшыларынан жеңілді (0:1). Сонда да сол кездегі әлем чемпиондары қола жүлде үшін айқаста барын сала ойнап, КСРО құрамасын ұтты (2:0). Euro-1972-нің ширек финалында ағылшындар болашақ құрлық чемпионы – батыс немістеріне қарсы ештеңе істей алмады (0:0, 1:3). Жалпы, өткен ғасырдың 70-жылдары – Англия құрамасының дағдарысқа ұшыраған шағы еді. «Ливерпуль» клубы еурокубоктарды бірінен соң бірін ұтқанымен, ұлттық команда аталған онжылдықта қатарынан төрт турнирден сырт қалды (ЕЧ-1972, ӘЧ-1974, ЕЧ-1976, ӘЧ-1978). Олардың жолын даңқты Герд Мюллер бастаған ГФР құрамасынан басқа Польша, Чехословакия және Италия бөгеген еді. Сөйтіп, ірі халықаралық жарыстардың финалдық сынына ағылшындар 1980 жылы ғана қайта оралды. Алайда итальян стадиондарында өткен құрлық додасында олар топтан озып шыға алған жоқ. Euro-1984-ке жолдаманы Данияға беріп қойды. 1988 жылғы Еуропа чемпионатында ағылшын құрамасы үш ойында бірде-бір ұпай ала алмады. Бұған қарамастан ағылшындардың ойыны нашар болды деп тағы айта алмайсыз. Бас бапкер Бобби Робсонның «Жігіттеріме өкпелейтін жөнім жоқ, олар барын салды» деуі тегін емес. Топтан шыға алмау «әдеті» 1992 және 2000 жылдары да жалғасты. Еуропа алтынын алуға британдықтар екі рет өте жақын әрі сондай лайық болды. Оның бірі – Англияда өткен Euro-1996 еді. Топтық кезеңде Швейцариямен тең ойнап (1:1), Шотландия (2:0) мен Голландияны (4:1) ұтқан Терри Венэйблс пен оның шәкірттері ширек финалда ширақ испан командасын сәтті орындалған пенальти сериясы арқылы жолда қалдырды. Алайда жартылай финалда оларды Германия күтіп тұр еді. Тең дәрежеде өткен тартысты кездесу 1:1 есебімен аяқталып, футболшылар тағы да 11 метрліктен доп тебу арқылы шеберлік байқасты. Бұл жолы немістердің бағы жанды да, ағылшындар қола жүлдені қанағат тұтты.
Еуропаның солтүстік-батысында орналасқан мемлекет. Халқының саны – 50 миллион 763 мың адам. Жер аумағы – 133 395 шаршы шақырым. Мемлекеттік тілі – ағылшын тілі. Астанасы – Лондон қаласы (8 миллионнан астам адам тұрады). Англия футбол қауымдастығы 1863  жылы құрылған. ФИФА-ға 1904 жылдан, УЕФА-ға 1954 жылдан бері мүше. 13 әлем чемпионатының (1950, 1954, 1958, 1962, 1966, 1970, 1982, 1986, 1990, 1998, 2002, 2006, 2010), 7 Еуропа біріншілігінің (1968, 1980, 1988, 1992, 1996, 2000, 2004) финалдық турниріне қатысқан. Әлем чемпионы (1966). Еуропа додасында 2 рет қола жүлде алған (1968, 1996). EURO ТАРИХЫНДАҒЫ ТАҢДАУЛЫ…   футболшы: Алан Ширер команда: Англия-1996 матч: Англия – Голландия – 4:1 (ЕЧ-1996) бас бапкер: Терри Венэйблс (ЕЧ-1996) Ойындар кестесі: 11 маусым. Донецк. Франция – АНГЛИЯ 15 маусым. Киев. Швеция – АНГЛИЯ 19 маусым. Донецк. АНГЛИЯ – Украина  
2004 жылы да Англияның түбіне пенальти жетті. Турнирдегі алғашқы матчта-ақ Дэвид Бекхэм 11 метрлік нүктеден мүлт кетті. Дегенмен, Фрэнк Лэмпардтің голының арқасында олар 1:0 есебімен ұтып тұр еді, негізгі уақытқа төреші қосқан 4 минуттың ішінде бәрі астаң-кестең болып, есептің асты-үстіне шықты – Зинедин Зидан әуелі пенальтиді, артынша айып соққысын дөп орындап, командасына жеңіс сыйлады. Свен-Горан Эрикссонның жігіттері бұл сәтсіздіктен қорытынды шығарып, Швейцарияны 3:0, Хорватияны 4:2 есебімен ұтып, келесі кезеңге өтті. Бірақ ширек финал – Англия құрамасы үшін өткел бермес өзендей болды: 2:2 есебімен тең аяқталған тамаша ойын, тартысты кездесудің тағдырын португалдықтардың пенальти сериясындағы салқынқандылығы шешті. Euro-2008-ге ағылшындар тіпті шыға алмай да қалды. Іріктеу кезеңінің соңғы турында хорваттарды қабылдаған оларға тең ойын да жеткілікті еді, алайда алдын ала топ жеңімпазы атанып қойған балқандықтар жасыл алаңда емін-еркін ойнақ салып, 3:2 есебімен жеңіп кетті. 2010 жылғы әлем чемпионатында топтан сүйретіліп әрең шыққан Англия 1/8 финалда тағы да Германияның оңай жеміне айналды (1:4). Мұндай сәтсіздікке қарамастан өз орнында қалған бас бапкер Фабио Капелло Польша мен Украинаға жолдама мәселесін оңай шешті. Алайда биылғы ақпан айында аяқ астынан отставкаға кетті. Өйткені, елдің футбол қауымдастығы онымен ақылдасып, келісіп, пікірін сұрап та жатпастан Джон Терриді капитандық міндетінен айырды. Бұған ызаланған итальяндық маман «егер мен бұл жерде ештеңе шешпейтін болсам, неменеге отырмын?» десе керек, дереу қызметінен бас тартты. Оның орнына бірден келе қояр адам табылмай, Англия құрамасы біраз уақыт жетекшісіз қалып, осыдан бір ай шамасы бұрын ғана бапкерлік қызметке Рой Ходжсон кірісті. Польша мен Украинаға аттанған команданың құрамы мынадай: қақпашылар – Джо Харт («Манчестер Сити»), Роберт Грин («Вест Хэм»), Джек Батлэнд («Бирмингем»); қорғаушылар – Джон Терри, Эшли Коул, Гари Кэйхилл (бәрі – «Челси»), Джолеон Лескотт («Манчестер Сити»), Фил Джонс («Манчестер Юнайтед»), Лейтон Бэйнс, Фил Джагелка (екеуі де – «Эвертон»), Гленн Джонсон («Ливерпуль»); жартылай қорғаушылар – Стивен Джеррард, Стюарт Даунинг, Джордан Хендерсон (бәрі – «Ливерпуль»), Эшли Янг («Манчестер Юнайтед»), Джеймс Милнер («Манчестер Сити»), Скотт Паркер («Тоттенхэм»), Тео Уолкотт, Алекс Окслэйд-Чемберлен (екеуі де – «Арсенал»); шабуылшылар – Уэйн Руни, Дэнни Уэлбек (екеуі де – «Манчестер Юнайтед»), Джермейн Дефо («Тоттенхэм»), Энди Кэрролл («Ливерпуль»). Бұл құрам ағылшындардың қол жетпес арманына айналып бара жатқан Еуропа алтынын жеңіп ала ала ма, ол жағы беймәлім. Оның үстіне, команданың басты жұлдызы Уэйн Руни іріктеу кезеңіндегі «бұзықтықтарының» кесірінен ақтық сынның алғашқы екеуіне қатыспайтын боп отыр. Мұндай жағдайда топтан озып шығудың өзі мұң болмағай… Сәкен Сыбанбай, арнайы «Sport» газеті үшін. Алматы
Жарнама
Жарнама

Новости партнеров