Басқа клубтарымызға қарағанда бұлардың тәжірибесі молырақ. Ақырындап тәжірибе жинап келеді. Егер Мұқанов тағы біраз уақытқа командада қалар болса, «Ақтөбе» алдағы үш жылда қос доданың бірінде негізгі кезеңде өнер көрсетіп қалуы мүмкін
УЕФА-ға мүше болған 2002 жылдан бастап санағанда Қазақстан клубтары биыл оныншы жыл Еурокубок бәсекесінде бақтарын сынауға мүмкіндік алып отыр екен. Дегенмен әлі күнге дейін кәртамыс құрлықтың қос кубоктық додасының негізгі кезеңдеріне шыға алмай, есігін сығалаумен ғана келеміз. Жалпы, жақын арада еурокубоктық додалар бізге есігін аша ма? Қай командамыз алғаш болып топтық кезеңге өте алады? Бірге сараптап көрелік.
Чемпиондар лигасы болсын, Еуропа лигасы болсын топтық кезеңге жолдама алуға бәрінен бұрын «Ақтөбе» жақын. Бұл межені орындауға Владимир Мұқанов шәкірттерінің осыған дейін керемет екі мүмкіндігі болған. Бірақ алғашқысында немістің «Вердерінен» жеңілсе, екіншісінде Голландияның «АЗ Алкмаарынан» аса алмады. Дегенмен соған қарамастан, сарапшы мамандар Қазақстан клубтарынан алғаш болып Еурокубоктың топтық кезеңіне «Ақтөбе» шығады деген пікірді ұстанып отыр. Еурокубокта үш клубымыз қалды ғой, осылардың ішінде тек «Ақтөбенің» ғана келесі кезеңге өтуге мүмкіндігі зор. Өйткені «Шахтердің» де, «Ордабасының» да қарсыластары әлдеқайда тәжірибелі, – деді «Қазақстан» ұлттық арнасының спорт комментаторы Ермек Төрениязов. «Қазақстанның қай клубы бірінші болып Еурокубоктың топтық кезеңіне жолдама ала алады?» – деген сұрағымызға да Төрениязов «Ақтөбе» деп жауап берді. «Басқа клубтарымызға қарағанда бұлардың тәжірибесі молырақ. Ақырындап тәжірибе жинап келеді. Егер Мұқанов тағы біраз уақытқа командада қалар болса, «Ақтөбе» алдағы үш жылда қос доданың бірінде негізгі кезеңде өнер көрсетіп қалуы мүмкін», – деді ұлттық арнаның комментаторы. Төрениязовтың бұл пікірімен Қазақстан футболының үздік сұрмергендерінің бірі Нүркен Мазбаев та келіседі. Негізі, клуб басшылығы Еуропа лигасының топтық кезеңіне биыл шығуды мақсат тұтып отыр екен. «Бірақ бұл бүгінде қиын шаруа. Алайда, кім біледі, сәті түссе негізгі кезеңде ойнап та қалар», – деді Мазбаев. Ал Қазақстан футбол тарихының аңыз ойыншыларының бірі Құралбек Ордабаев «Ақтөбе» клубының биыл-ақ топтық кезеңге шығу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Владимир Мұқанов командасын өзбек легионерлері сүйреп жүр. «Егер осы беттерінен қайтпаса, биыл-ақ топтық кезеңде ойнауы мүмкін. Бір анығы, келесі кезеңнен өту бұлар үшін қиындық тудырмауы тиіс. Одан кейінгісі жеребеге байланысты», – деді Құралбек Ордабаев. алаш аренаБіздің серіктес: FONBET