Футболдан Қазақстан чемпионаты екі рет – наурызда және шілдеде коронавирус пандемиясына байланысты тоқтатылды. Содан бері футболшылар да, жанкүйерлер де жарыс басталар сәтті асыға күтіп жүр. Ойындар 3 тамызда қайта басталады деп жоспарланған. Алайда 29 шілде күні карантин шаралары екі аптаға ұзартылатыны хабарланды. Яғни, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда карантинді тағы екі аптаға созды. Кейіннен Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы ресми хабарлама таратып, біріншіліктің кейінге шегерілгенін жеткізді.
Отандық футбол жанкүйерлерінің көңілі күпті. Енді футболмен қайта қауышамыз деп отырғанда жағдайдың осылай болғанына наразы. Көптің көкейінде сан түрлі сауал. Соның ең негізгісі – ендігі жағдай қалай болар екен?
Алда маңызды ойындар көп, ал бізде дайындық жоқ. Тамыз айының ортасында еурокубоктық матчтардың іріктеуі, қыркүйекте Ұлттар лигасының ойындары басталады. «Басталса басталсын» дегендей оған алаңдап отырғанымыз да шамалы. Қазақстан чемпионаты әлі тоқтап тұр. Бір қызығы, барлық елдің лигалары жалғасуда. Шетелдің командалары бұл маңызды кездесулерге жақсы дайындықпен келері сөзсіз. Еуропаның клубтарына, командаларына қарсы жақсы ойын көрсете аламыз ба деп біз алаңбыз.
Қазіргі кезде ішкі біріншілік тоқтап тұрғанымен, ара-тұра Премьер лига мен Бірінші лиганың командалары бір-бірімен жолдастық кездесу өткізуде. Мысалы, «Шахтер» «Астанамен» ойнады, «Қайсар» «Оңтүстік академиямен» ойнады, «Тараз» «Қыранмен» кездесті. Алдағы күндері де бірқатар жолдастық кездесу жоспарланған. Бұл кездесулер мен ішкі біріншілік ойындарының айырмашылығы бар ма сонда? Ақыры жолдастық кездесулерге тыйым салынбайды екен, ендеше неге біріншілікті жалғастыра бермейміз? Түсініксіз жайттар көп.
Мысалға, елордалық «Астана» клубы маусым басталғанша, еурокубоктық ойындардың алдында үш жолдастық кездесу өткізеді екен. Бұл туралы команданың су жаңа ойыншысы Сотириу Themasports тілшісіне берген сұхбатында айтты. Ол ол ма, қызығы елордалық клубтың стадионы ойын өткізуге дайын емес. Карантиннің алдында жөндеуге жабылған стадион әлі жабық тұр. Енді амалсыз «Астана» өз ойындарын Алматыда өткізеді. Еурокубоктық іріктеу матчтары да орталық стадионда өтеді. Қызылордалық «Қайсар» да Еуропа лигасының іріктеу ойындарын Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткізетін болды. Тентіреп жүрген клуб әйтеуір. Карантин уақытында «Ертіс» футбол клубының жабылғанын жазған болатынбыз. Кейін Павлодарда жаңа «Павлодар» футбол клубы құрылатын болды. Клубтың құрамы әлі жасақталмаған. Бірақ жаңа клубтың міндеттері тым жоғары: 2021 жылы Екінші лигада, ал 2023 жылы Премьер-лигада ойнауды мақсат тұтып отыр екен. Ең өкініштісі, еліміздегі ең титулды команда саналған «Ертістің» кезіндегі «Елім-ай» мен «Жеңістің» күйін кешкені болып тұр.
Карантиннің салдары көптеген клубтың жағдайын қиындатып жіберді. Биыл ғана жоғарғы лигаға жолдама алған Ақтаулық «Каспий» командасынан да легионерлер үдере көшіп жатыр. Ендігі кезекте олар жергілікті футболшыларға иек артуы да бек мүмкін. Карантиннің салқыны футболымызға да тиді деген – осы.
Бір нәрсе анық. Басшылққа осы чемпионатты аяқтау міндеті жүктелді. Қазіргі кезде ел біріншілігін қайта жалғастыру мақсатында іс-шаралар жүргізілуде.
– Чемпионатты бастауға дайынбыз, футболды қайтару үшін арнайы ереже, медициналық протокол жасадық, бірақ бұл өте күрмеулі мәселе. Маусымды жалғастыру туралы бірқатар жоспарымыз бар. Рұқсат беру үшін тынбай жұмыс істеп жатырмыз. Енді біз Алматы және Талғар қалаларына тоқтадық. Инфрақұрылымы жақсы, қалада тұру және оқыту мүмкіндіктеріне негізделген осындай жерлерді әдейі таңдадық. Мүмкін, болашақта біз «үйден тыс» ойын форматына ораламыз, бірақ ойынды бір жерде өткізу үшін басқа қалаларды да қарастырамыз. Мүмкін, маусымның соңы бір жерде болатын шығар. Лига мен федерацияның бір ұстанымы бар – биылғы маусымды аяқтағымыз келеді, – дейді Қазақстан кәсіби футбол лигасының (PFLK) президенті Олжас Абраев.
Бұған дейін Алматы және Талғар қалаларында өткізілуі мүмкін төрт турға арналған индикативті ҚПЛ күнтізбесі шығып қойды. Танымал спорт сарапшысы Айдын Қожахмет те әлеуметтік желіде ҚПЛ-дың қашан басталуы мүмкін екенін айтыпты.
– 17-тамызда ҚПЛ-ді қайта жалғастыруға тырысып көреді. Даталарды жариялай беріп шаршадық. Күтесің, күтесің, соңында тағы кейінге шегеріледі. Әрине, барлығы Президенттің шешіміне байланысты. Мүмкін, ол кісі карантинді тағы созатын шығар? Дегенмен де біріншілікті 17-сіне қайта жалғастыруға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деп жазыпты ол.
Қош, сонымен не дейміз, Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы футбол маусымын жалғастыруға дайын екенін айтып отыр. 3 тамызда басталады деген чемпионат енді 17-18 тамызға ығысты. Оның өзінде ойындар тек Алматыда өтуі мүмкін. Ал Бірінші лигада командалар 2 конференцияға бөлінді. Ойындар Шымкент пен Павлодар қалаларында өтпек. Бастысы, футболдан Қазақстан чемпионатының жалғасы және Бірінші лига клубтары арасындағы біріншіліктің басталуы әр жарысқа тиесілі бір локацияда өткізілетіні айтылуда. Басқасы басқа, футболшылар мен жанкүйерлерге біріншіліктің тезірек қайта жалғасқаны керек.
Біздің серіктес: FONBET