Бұл турнир бұрынғы турнирлерден өзгерек. Әлемдік пандемияға байланысты уақытша тоқтатылған Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы бел ортасынан ауғанда өзгеше форматқа ауысты. Жеңімпаз команда бұрынғыдай екі кездесуден емес, бір матч арқылы анықталатын болды. Сондықтан ойыншылар да қарымта кездесудің болмайтынын біліп, әр ойынға үлкен дайындықпен шықты. Жасыл алаңда барын салды. Одан бөлек, УЕФА коронавирустың қаупін төмендету үшін Чемпиондар лигасын Португалияда, Еуропа лигасын Германияда өткізу туралы шешім шығарды.
Содан бері әр күні финалдық ойындарға бергісіз кездесулер кезекпен кезек жалғасын тапты. Жартылай финалға берілетін алғашқы жолдаманы италиялық «Аталанта» мен франциялық «Пари Сен-Жермен» командалары сарапқа салды. Чемпиондар лигасына бірінші рет қатысқан «Аталанта» 2020 жылы үздік ойынымен ерекше есте қалды. Франция чемпионымен өткен тартысты кездесуде де сенсация жасаудың аз-ақ алдында болды. Ойынның 90-шы минутына дейін 1-0 есебімен жеңіліп жатқан Томас Тухельдің шәкірттері айналдырған 3 минуттың ішінде жеңісті қарсыласынан жұлып әкетті. Неймардың пасын оңтайлы пайдаланған Маркиньос есепті теңестіріп, артынша көп уақыт өтпей Мбаппенің шабуылға араласуымен Шупо Мотинг жеңісті голдың авторы атанды. Ал өткен жылы бұл турнирдің чемпионы атанған «Ливерпуль» командасын жарты жолдан қайтарған азулы «Атлетико» «Лейпцигтен» 2-1 есебімен жеңіліп, жартылай финалға өте алмай қалды.
«Барселонаны» үлкен өзгеріс күтіп тұр
Чемпиондар лигасының ширек финалындағы «Бавария» мен «Барселона» арасындағы кездесуді көпшілігі финал алдындағы финалға балаған. Бірақ бұл ойында «неміс машинасы» каталондық клубтың тас-талқанын шығарды. Футбол жанкүйерлері ойын соңында мұндай ірі есеп тіркеледі деп ойлаған жоқ. Бұл кездесуде әр таймда 5 голдан соғылды. Соның тоғызын «Бавария» ойыншылары салды. Ірі есеппен жеңілген «Барселонада» алдағы маусымнан бастап үлкен өзгерістер болуы мүмкін. Бас бапкер Кике Сетьен клубтан кетті. Ал клубтың спорттық директоры Эрик Абидаль командамен қош айтысады деген ақпараттар желдей есуде. «Барселонаның» негізгі жұлдызы Лионель Месси алдағы маусымнан бастап клуб ауыстырады деген сыбыстар да тарады. Каталондық клубтың жаңа дәуірі басталар күн де жақындаған шығар…
Дәрменсіз «Сити» немесе азулы «Лион»
Лиссабон қаласындағы «Жозе Алваладе» стадионында да көпшілік күтпеген сенсациялық жеңіс тіркелді. Әу бастан Чемпиондар лигасының басты фавориті саналған «Манчестер Сити» финал тұрмақ, жартылай финалға да жете алмады. Руди Гарсияның командасы қарсыласын қарымта шабуылмен жазалады. Бір сөзбен айтқанда, «Лион» футболшылары бұл ойында өз мүмкіндіктерін толық пайдалана алды. «Қалалықтар» араға біраз уақыт салып қана есепті теңестірген. Артынша Де Брюйненің голына француздар екі голмен жауап қатты. Қосалқы құрамнан алаңға шыққан Дембеле он минуттың ішінде дубль жасап, «Манчестер Сити» командасын дәрменсіз күйге түсірді. Қорыта айтқанда, Хосеп Гвардиоланың шамасы тек Зидан баптаған «Реал Мадрид» командасына ғана жетті.
Ал туриндік «Ювентустен» айласын асырған «Лион» ойыншылары енді «немістің машинасын» тоқтатуға бар күшін салады. Енді Чемпиондар лигасының 1/2 финалында "ПСЖ" мен «Лейпциг», «Бавария» мен «Лион» командалары кездеседі.
«Севилья» финалға жолдама алды
Кёльн қаласындағы «Райн-Энерги» cтадионында испаниялық «Севилья» мен ағылшынның «Манчестер Юнайтед» командалары кездесті. Бас қазы Феликс Брыхтың ысқырығы естілісімен, Еуропа лигасының бес дүркін чемпионы «Севилья» командасының футболшылары "қызыл сойқандардың" айып алаңына беттеді. Алайда «МЮ» де қарап қалмады. Қарымта шабуылмен қарсыласты әбігерге салды. Сондай сәттердің бірінде Маркус Рэшфордқа қарсы ойын тәртібі бұзылып, Яссин Буну қорғаған қақпаға 11 метрлік айып добы белгіленді. Андалусиялықтар алғаш болып гол жібергенімен, ойын соңына дейін жасыл алаңда белсенді қимылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Негізі, Еуропа лигасында «Манчестер Юнайтедтің» жолы жеңіл болды. Австриялық "ЛАСК" пен даниялық «Копенгагенді» жеңген Англиялық клубтың соңғы аялдамасы «Севилия» командасымен жолыққанда аяқталды.
«Рома» және «Вулверхэмптонды» жарыс жолынан шығарған Хулен Лопетегидің командасы «сүйікті» Еуропа лигасын тарихта алтыншы рет жеңіп алуға жақын. Енді олар бір рет серпілсе, чемпиондықтың да ауылы алыс емес.
Газет беттеліп жатқанда екінші жартылай финалда италиялық «Интер» мен украиналық «Шахтёр» командалары арасындағы кездесу өтіп жатты. Бұл матчта Антонио Конте шәкірттері қарсыластарына мүмкіндік қалдырмады. "Интер" жауапсыз бес гол соқты. Финалға бір-ақ қадам қалды. Бұл кездесуде жеңіске жеткен "Интер" Еуропа лигасын 5 рет жеңіп алған, аталған турнирдің королі «Севильямен» финалдық ойында кубокты сарапқа салатын болады.
Абылайхан Жұмаш
Мақала Aikyn.kz сайтынан алынды
Біздің серіктес: FONBET