Жарнама
Жарнама

Еуропа чемпионатының тарихы жайлы не білеміз?

07.04.2012, 05:27
Жарнама
Жарнама
    Төрт жылда бір келетін Еуропа чемпионатын асыға күтетін жанкүйерлер де аз емес. Жан алысып, жан беріскен жасыл алаңдағы ойын кімді болса да бейжай қалдырмасы анық. Әсіресе, футбол жанкүйерлерін. «Euro-2012»  биыл 8 маусым мен 1 шілде аралығында Украина  мен Польшада өтетінін бәріміз де білеміз. Төрткүл дүние көз тігіп отырған футбол додасының тарихын бір ауыз тілге тиек етпей өту, жөн бола қоймас. Алғашқы рет Еуропа чемпионаты 1960 жылы ұйымдастырылған болатын. Ол кезде бұл доданы “Еуропа халықтарының кубогі” деп атаған, кейіннен 1968 жылдан бастап “Еуропа чемпионаты” деген атауға ие болды. Франция жерінде алғаш жалауын көтерген  аламанның чемпионы СССР құрамасы болған екен. Париждегі финалда Югославия құрамасын 2:1 есебімен қосымша уақытта жеңіп, тұңғыш чемпионы атанған. Ал ІІІ орынды Чехославакия құрамасы француздарды 2:0 есебімен жеңіп, жеңіс тұғырынан көрініпті. Араға 4 жыл салып сол СССР құрама командасы тағы да Испанияда финалға шықты. Қарсыластары да “Испания” ұлттық құрамасы болатын. Бұл финалда испандықтардың мерейі үстем болып, 2:1 есебімен жеңіске жеткен екен. ІІІ орынды Венгрия ұлттық құрамасы еншілепті. Қош, сонымен Еуропа чемпионаты өз байрағын желбіреткелі 13 мәрте ұйымдастырылып, өз чемпионын анықтаған екен. Еуропа чемпионаты 13 мәрте болып өтсе, соның үшеуінде жеңіске жетіп, үшеуінде финалда жеңіліс тапқан бірден-бір нәтижелі команда - Германия ұлттық құрамасы екен. Ал одан кейін Испания мен Франция 2 реттен, СССР, Италия, Нидерланды, Чехословакия, Дания, Греция ұлттық құрамалары бір-бір реттен чемпион болған екен. Жалпы жарыс жолына жолдама алып, чемпиондық атаққа үміткер болудан да Германия құрамасы көш бастап келеді екен. Олар осы жарыс жолына 10 рет шыққан. Одан кейінгі орындарда Испания мен Нидерланды – 8, Франция, Дания, Италия, Англия – 7, СССР, Югославия, Португалия – 5 реттен чемпионатқа қатысқан екен. Еуропа чемпионаты басталғалы бері, жарыс жолына жаңа командалар қосылып келеді екен. Мәселен, «Euro- 2012» чемпионатына өз тарихында тұңғыш рет қатысқалы отырған ұлттық құрама – Украина. Еуропа чемпионаты тарихында ешбір команда өз чемпиондық атағын сақтап қала алмаған екен. Ондай мүмкіндіктер СССР (1964) мен ФРГ (1976)  ұлттық құрамаларында болған. Ал қазіргі Еуропа чемпионы Испания өз атағын сақтап қала алар ма екен? Испания, Италия мен Франция алғашқы чемпиондық атағына өз елінде өткен чемпионатта ие болған екен. Еуропа чемпионатында ең көп гол салған футболшы, ол – Мишель Платини (Франция) . Жасыл алаңда 9 доптың авторы атанған екен. Ал одан кейінгі орында ағылшындық Алан Ширер( 7 доп) . Тьери Анри, Патрик Клйюверт, Руд ван Нистелрой, Нуну Гомеш  еншілерінде 6 доптан жазылған екен. «UEFA»-ның  2007 жылғы 18 сәуірдегі шешімімен «Euro-2012» Польша мен Украинада өткізілетін болып шешілген болатын. Міне, бұл аламанның  басталуына да бірнеше айдың жүзі қалды. Төрткүл дүниеге көз тіктірер тамаша ойындардың куәгері болмақпыз. «Euro-2012» қалай есте қалады? Оны уақыт еншісіндегі ойындар шешпек. Алайда бір айта кететіні, бұл чемпионат 16 ұлттық құрама қатысқан соңғы дода болмақ. 2016 жылғы Францияда өтетін чемпионатқа 24 ұлттық құрама команда қатысатын болады.  

Өмірбек  САНСЫЗБАЙ

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров